Жас ақындардың жыр додасы
Жас ақындардың жыр додасы
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық жас ақындар конкурсының өңірлік кезеңі өтті.
Абайдың 175 жылдығына арналған мүшайра республикалық жас ақындар конкурсы аясында Нұр-Сұлтан қалалық кезеңді ұйымдастырушылар тарапынан арнайы жас ақындар мен жазушылар үшін мастер класс және онлайн тренинг өтті.
70-тен астам жас ақын мен жазушылар қатысқан мастер класс ақын, ҚазақстанЖазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызының қатысуымен болды.
Жанат Әскербекқызы Абай атамыздың мол мұрасын тереңінен қозғай отырып, шығармашыл жастарға бағыт-бағдар берді.
Сонымен қатар Абай атамыздың емес сонау түркі әдебиетімізден бастап бүгінгі әдебиетімізге дейін кеңінен талдау жасады. Мастер класс барысында қатысушылар сұрақ қойып, сауалдарына толымды жауап алды.
Ал «әдеби жазу дағдыларын дамыту» тақырыбында өткен онлайн тренингте ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс елордамыздың жас қаламгерлерімен кездесті. Онда ақын әдебиет әлеміне енді аяқ басыпкеле жатқан таланттарға ақыл-кеңесін беріп, осы жолда қалай шыңдалу керегін айтты.
«Педагогикалық ғылымдар академиясы» ұйымдастырған мүшәйраға 16-29 аралығындағы Нұр-Сұлтан қаласының ақындары бағын сынап, байқауға 30 жас өз шығармаларын ұсынды. Хакім Абай мен оның шығармашылығына қатысты өлеңдердің тақырыптық, идеялық мазмұны мен көркемдік деңгейіне ерекше көңіл бөлінді.
Әділ қазылардың шешімімен Шеризатов Арман Манарбекұлы Алпамыс Файзолла Бауыржанұлы және Біржан Ахмер Республикалық байқаудың қорытынды кезеңіне жолдама алды.
Осы мүшәйрада қазылар алқасы қосымша Қуатбек Жәкей мен Әлімжан Шөңгербаевтың шығармашылық жұмыстарын ерекше атап өтті.
Ендігі кезекте іріктеу кезеңінен өткен ақындар 1 қазан – 20 қазан аралығында өткізілетін қорытынды кезеңде бақ сынайтын болады.
Жүнисхан Айтолған