Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы кімге бұйырды?
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы кімге бұйырды?
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын америкалық ақын Луиза Глюк иеленді, деп хабарлайды Euronews.
Марапат «қайталанбас поэтикалық дауыс, адамның жеке уайымын адамзаттық дәрежеге жеткізгені» үшін тағайындалды. Өлеңдерінде жалғыздық, оқшаулану, жан жарасы тақырыптарын жиі көтеретін Луиза Глюк сыйлыққа бірден-бір лайықты автор деп танылды.
Бұған дейін медицина саласы бойынша Нобель сыйлығы иегерлерінің есімі жарияланған еді. Олар – вирусологтар Харви Алтер, Майкл Хоутон және Чарльз Райс. Нобель комитетінің хабарлауынша, аталған дәрігерлер С гепатитімен күресте шешуші рөл атқарған. Нақтырақ айтқанда, 1989 жылы олар бұл вирустың РНҚ-сы арқылы оның А және В гепатитіне жатпайтын, бірақ соған ұқсас ауруды тудыратынын анықтаған. Вирусты ашу инфекцияны анықтайтын тест жүйесы мен дәрі жасауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде миллиондаған адамның өмірі құтқарылды.
Естеріңізде болса, Нобель сыйлығын табыстау рәсімі онлайн-форматта өтетінін хабарлағанбыз. Шара Стокгольм мэриясынан трансляцияланады. Марапатты табыстау рәсімін әлем елдері қашықтан тамашалайды.
Жыл сайын айтулы шара Стокгольм филармониясында өтетін. Бұл жолы марапаттарды жеңімпаздарға елшілік пен университет өкілдері табыстайды.