Коронавирустың екінші толқыны: Шымкентте үш сценарий әзірленді
Коронавирустың екінші толқыны: Шымкентте үш сценарий әзірленді
Коронавирустың болжамды жаңа толқынына дайындық мақсатында провизорлық және инфекциялық стационарлар жұмысының үш сценариі әзірленді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, эпидемиологиялық жағдай тұрақты болған жағдайда қаланың медициналық ұйымдарында жоспарлы түрде 1 380 төсек-орын қарастырылған. Індет өршіген жағдайда қаланың провизорлық және инфекциялық стационарларындағы орындар саны 4 025 төсекке дейін ұлғайтылатын болады.
Бұдан басқа, қаланың медициналық ұйымдарында жұқпалы аурулардың өршуі кезінде ауруларды емдеуге арналған төсек-орын 5496 орынға дейін ұлғайту жоспарлануда. Қазіргі уақытта Шымкент осы үш кезеңге дайын.
Бұл жұмысқа 36 медициналық ұйым жұмылдырылады. Сонымен қатар коронавируспен ауыратын науқастарды қабылдауға арналған 13 диагностикалық орталық дайындалды. Онда 13 компьютерлік томограф және 30 рентген аппараты қарастырылған. Сондай-ақ қалада 7 ПТР зертханасы бар, олар күніне коронавирусқа 3500 тест өткізеді. Олардың үшеуі жаңа.
Індетпен күресу үшін қалада жаңа call-center іске қосылды. Қоңырауларды қабылдау желілерінің саны 9-дан 28-ге дейін өсті, операторлар саны үш есе өсті. Тәулігіне call-center мамандары 3 500 қоңырау қабылдай алады.
Қыркүйек айында медициналық ұйымдардың өзара іс-қимыл алгоритмі пысықталды, науқастарды санаттар бойынша бөлуді үйлестіру бойынша үш оқу-жаттығу өткізілді.