Жаңалықтар

Алматыда 8 оқушыдан коронавирус анықталды

ашық дереккөзі

Алматыда 8 оқушыдан коронавирус анықталды

Алматыда 8 оқушының коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзінше, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті күнделікті мектеп оқушыларында COVID-19 дертінің бар-жоғын тексеру үшін талдау жүргізіп отырады. «Бүгінде 8 бала есепке тіркелді. Оның барлығы - қашықтан оқитын балалар. Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының 96% қашықтан оқып жүр. Сонымен қатар, қаланың 133 (64%) мектебінде 11 840 баланы қамтыған 923 кезекші сынып ұйымдастырылды. Кезекші сыныптар санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жинақталған, әр сыныпта оқушы саны 15 адамнан аспайды. Мектептердегі оқу процесін ұйымдастыруда мектеп алдында тұрған басты міндет - балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Қайрат Жұманов. Айта кетейік, Алматыда пандемия басталғалы 14 419 адамнан коронавирус анықталды. Індет жұқтырғандардың 14,1 мыңы емделіп шықса, дерті асқынған 275 адам көз жұмды. Естеріңізде болса, індеттің екінші толқынына дайындық қарсаңында Алматыда 300 орындық екінші модульді аурухананың құрылысы аяқталғанын хабарлағанбыз. Ол «Aport» сауда ойын-сауық орталығының жанында орналасқан және қалалық клиникалық инфекциялық балалар ауруханасының филиалы саналады. Сондай-ақ, жуырда оңтүстік астанамызда телемедицина орталығы ашылды. Орталық дәрігерлері бейнекеңес жүргізеді, науқастың жағдайын бағалайды, ем тағайындап, науқастың электрондық картасына өзгерістер енгізіп отырады. Жаңа орталықтың тағы бір маңызды қызметі – науқастардың карантин режимін сақтауын бақылау. Орталық қызметкерлері амбулаториялық деңгейде ем алып жатқан науқастарға бейнеқоңырау шалып тұрады. Үй режимінің бұзылуы анықталған жағдайда тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаментіне тиісті сигнал беріледі, одан әрі қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сай тәртіп бұзушыға айыппұл жазылады.