Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз әскери-көлік авиациясын дамытатын боламыз
Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз әскери-көлік авиациясын дамытатын боламыз
Алматы облысында Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиыны өтті. Оқу-жаттығу жиынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылады.
Оқу-жаттығу жиынына десантшы-шабуылдаушы әскердің, әскери-әуе күштердің, әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, Бітімгершілік дайындық жүргізу орталығы мен Минадан тазарту орталығының мыңнан астам әскери қызметшілері, 100-ден астам әскери және арнайы техника жұмылдырылды.
Оқу орталығының командалық пунктінде Жоғарғы Бас қолбасшыға бітімгершілік полкінің жұмысы туралы баяндалды. Сондай-ақ қазақстандық бітімгершілік полкіне жүктелген міндеттерді орындаудың жалпы алгоритмі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Президентке бітімгершілік базаның үлгісі таныстырылды. Мемлекет басшысы оқу орталығының инженерлік, лингвистикалық, тактикалық және медициналық сыныптарын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгершілік даярлық оқу орталығының инфрақұрылымымен танысқаннан кейін оқу-жаттығу жиынын бақылады. Оқу-жаттығу жиыны барысында бітімгершілік контингенттің гуманитарлық жүк тиелген колоннаны алып-жүру кезіндегі іс-әрекеттері пысықталды.
Жоғарғы Бас Қолбасшы оқу-жаттығулары аяқталғаннан кейін әскери қызметкерлердің алдында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның заманауи армиясы Ұлы даланың ержүрек батырларының даңқы мен әскери дәстүрлерін мұраға алғанын атап өтіп, мұны әрдайым есте ұстау керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі тыныштықты сақтау мақсатымен қақтығыс аймақтарына бітімгершілік әскерін тұрақты жіберіп отырады.
– Біздің басты басымдығымыз – ынтымақтастық пен әріптестік. Сіздер халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлкен үлес қостыңыздар. Бітімгер болу дегеніміз – әлемнің елшісі болу деген сөз. Сіздер бұл міндетті абыроймен атқардыңыздар. Осындай оқу-жаттығу жиындарының арқасында әскери шеберліктеріңіз шыңдала түседі. Армиямыздың әскери рухы мен даңқы одан әрі арта түсетініне сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасының өзі тікелей құрған Қарулы Күштердің бітімгершілік қызметі еліміздің бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық қағидаттарына іс жүзінде сай келетінін жеткізді.
Президент 2007 жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет ететін алғашқы қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту үшін жасалған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілерге арнаған сөзінде армияның іргетасы қатаң тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған дара басшылыққа негізделетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бітімгершілік контингенті аясында қызмет ету зор абырой және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Президент БҰҰ құрылған сәттен бері әлем көптеген аймақтық және ұлтаралық қақтығыстардан арылмағанын өкінішпен жеткізді. Ол барлық қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен шешуге үндейтін Қазақстанның дәйекті ұстанымын, халықаралық құқықтың базалық қағидаттарын сақтау қажеттігін айтты.