Жаңалықтар

Кітапхананы жабу кімге тиімді?

ашық дереккөзі

Кітапхананы жабу кімге тиімді?

Елордалық мәслихат депутаты Мирас Шекеновтің Нұр-Сұлтан қаласындағы кітапхана қорын цифрландыру, кітапханаларды орталықтандыру және біріктіру туралы пікірі қоғамның қызу талқысына түсті. Бір қалаға бір кітапхананың жеткілікті екенін айтқан депутат ғимарат үшін төленетін шығындарды азайту арқылы бюджет қаражатын үнемдеп, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту саясатын жүзеге асыруға болады деген пікір білдірді. Мемлекет басшысы биылғы кезекті Жолдауында: «Пандемия және мемлекеттік органдар қызметшілерінің көпшілігін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру шаралары мемлекеттік аппаратты қысқартуға болатынын әрі қысқарту керектігін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сек­тор қызметкерлерін қысқартуды жеделде­туді тапсырамын» деген болатын. Президент олардың санын биыл 10 пайызға қысқартуды тапсырды. Осы орайда, Мемлекет басшы­сы­ның қысқарту туралы бастамасын рухани са­ла­дан бастауды ұсынған депутаттың кітап­ха­наларды жабу керек деген пікірі көпшілікті бейжай қалдырмады. Расында, бюджет қар­жысын үнемдеу туралы сөз қозғалса, би­лік­тегілердің рухани салаға бөлінетін қаржыны қыс­қартудан бастауы үйреншікті жағдай. Кі­тапхана экономикалық тұрғыдан көл-кө­сір пайда әкелмеуі мүмкін, алайда оның ұлт­ты, мемлекетті қалыптастыруда көзге көрін­бейтін миссиясы орасан зор екені айдан анық. Халықаралық Túrkistan газеті атал­ған тақырып бойынша сарапшылардың пі­кірін білген болатын. Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, филология ғылымдарының докторы:

Кітапхананы жабу туралы сөз қозғаудың өзі қоғамның шикілігін көрсетеді

– Кітапхананы жабу туралы ұсынысты ары мен ұжданы жетіп қалай айтты деген сауал тұр. Мына ел-жұрттың, ұрпақтың, ха­лық­тың көзінше соның келешегін қалай тыйып тастады? Кітаптың қадірін білмеу – ана­сының қадірін білмеу. Ал осыны мәслихат депутаты айтқан болса, ол қалай Отанының арын ойлайды? Соған таңмын. Кітапхананы цифрландыру мәселе емес. Электронды форматқа көшіру уақыт заңды­лығы, күнделікті қажеттілік. Ал кітапхана ол мүл­дем басқа мәселе. Адамзат адамзат бол­ған­­нан бергі қолы жеткен ең ұлы нәрсе – жазу мен кітап. Бұл сол ұлы жаңалықты жоқ­­қа шығару, халыққа жария ету дүние­жү­зінің барлық парламентінде болмаған оқиға деп ойлаймын. Соны мәселе қылып алып отыруымыздың өзі біздің қоғамның шикілігінде. Маған кітапханаларды жабу керек деп ойын айтқан ректорларды да білемін. Бұл мизаялыққа бет алған қоғамның дертінің дендеуі деп есептеймін.