Болат Шарахымбай: Жазғанымның бәрін өртеп жіберген кезім бар...

Болат Шарахымбай: Жазғанымның бәрін өртеп жіберген кезім бар...

Болат Шарахымбай: Жазғанымның бәрін өртеп жіберген кезім бар...
ашық дереккөзі
Болат Шарахымбай – бірнеше жыр жинақтары мен тарихи-танымдық кітаптардың авторы. Ақын, әдебиетші, эссеист, мәдениеттанушы, көсемсөз шебері ретінде танылған қаламгер. Өзге қаламгерлер секілді оны да әдебиеттің тағдыры толғандырады. − Жалпы, жұртқа әдебиетші, эссеист ретінде белгілі қаламгерлердің бі­рі­сіз ғой, бүгінгі әдеби орта туралы не дер едіңіз? – Жалпы, әдеби орта мәселесінде абайлап сөйлеу керек. Абайлап сөйлемесең, ая­ғың­ның аспаннан келгенін байқамай қалуың мүмкін. Әдеби ортаның жазылмаған заңы сондай қатал, ешкімді аямайды. Кеңес идеологтері да әуел баста шығармашылық ұйым­дарды құрғанда әдеби атмосфераны өс­тіп қалыптастыруға құмбыл болған сияқ­ты. Қоғамның алдыңғы қатарлы адамдарын бір-біріне айдап салып, итше ырылдастырып, керілдестіріп, жауластыру арқылы өз дегенін істету оларға қажет болған шығар деп ойлаймын. Ең жаманы, сол үрдіс тәуел­сіз­діктен кейін күшеймесе, саябырсыған жоқ. Сондықтан әдебиет айналасындағы дау-дамайдан, айтыстан қолымнан келгенше бойымды аулақ салып жүремін. – Әдебиет туралы әркім әртүрлі айтады. Сіз үшін сөз өнерінің басты мұра­ты не? – Жалпы, адам – адам болғалы әуелгі та­биғаты аса өзгере қойған жоқ. Әдебиет те со­лай. Ежелгі романдықтар өздері өте жо­ғары бағалаған көркемсөз шеберлерін төрт топқа бөлген: шешендер, ақындар, философтар және тарихшылар. Атақты Цицерон шешендік пен көркемдіктің жоғары түрі деп тарихшыларды таныған. Бүкіл Еуропа ренессанс дәуіріне дейін тарихқа осы көз­қараспен қарап келді. Орта ғасырда ағыл­шындар әдебиет деген ұғымды ойлап тапты. Мұның философтарға майдай жаққаны сондай, аз уақыттың ішінде бүкіл Еуропа осы көзқарасқа көшіп алды. Байқап қарасақ, ежелгі шешендер елдің саяси өміріне етене ара­ласып, ел басқаруда белсенді рөл ат­қар­ғанын көреміз. Яғни, елдің тұрақтылығын ны­ғайтуда, бірлігін күшейтуде, өздерінің қандай ұлы мемлекет екенін паш етуде, соған халықтың көзін жеткізіп, сендіруде шешендік өнерді саяси құрал ретінде өте шебер пайдаланған. Кешегі жыраулар мен билер заманында шешендік сөздің қазаққа қалай қызмет атқарғанын мен айтпасам да жақсы білесің. Осылайша, әр дәуірде әртүрлі формада көрініс тапқан көркем шығармалар өз уақытының, өз заманының айнасы рөлін атқарды. Өз ұстазы, өз үлгі көрсетушісі, өз сыншысы болды. Міне, әде­биет, көркемөнер, шешендік сөз деген әрқашан халықтың халық болып қа­лып­тасуына, ынтымақ-бірлігіне өлшеусіз қыз­мет етіп келген. Бүгінгі әдебиет те сол мұра­тынан айныған жоқ. Алайда бүгінгі әде­би ортада әдебиеттің әуелгі мұратын, сак­ральді мақсат-маңызын түсінбейтін, тү­сінсе де оған жүрек ауыртпайтындардың қап­тап кеткенін немен түсіндіреміз? Әрине, өзін көркемсөздің жоқтаушысы деп есептейтін әрбір қаламгер өзі жазған дүниені шедевр санамаса да, жоққа шығармайтыны белгілі. Бірақ жазушы болған соң жазған­дарына сын көзбен қарап, мынауым көркем дүние талабына жауап бере ала ма, жоқ па деп тексеріп отырғаннан зиян шекпейді деп ойлаймын. Әйтпесе, өзіне-өзі тым сенімді, тым тәкаппар өлеңшілер мен жарапазаншылар көбейіп кетті. – «Бүгінгі жастар батысқа тым әуес» де­ген пікір айтылып қалып жатады... – Бүгінгі жастардың батысқа тым әуес болып кеткенін теріске шығармаймын. Біз­дің кезімізде ең көп сұранысқа ие болған орыстар Достоевский, Толстой, Бунин, Чехов, Пушкин, Есениндер де қазір «модадан» қалды. Қазіргі қазақ жастары Гаскар, Сартр, Оден, Элиот, Гильермо Арригга, Поль Эллиор, Камило Хосе Села, Альфред де Мюссе, Эдгар Лоренс, Леонардо Подураларды оқи­ды. Одан қалса, жапон классикасына өлер­дей ғашық. Бірақ осы батысшылар Махамбет пен Абайдың, Әуезов пен Нұрпейісовтің, Кекілбаев пен Бөкейдің, Айбергенов пен Ма­қатаевтың кітаптарын бірде-бір рет аш­паған болуы мүмкін. Батысты түгел қопарып оқыған, бірақ шы­ғысқа тісі батпайды. Бұл тенденция не­ліктен жастар арасында жаппай орын алып отыр? Меніңше, мұның екі түрлі түсіндірмесі бар. Біріншісі, біздің жас әдебиетшілеріміздің ара­сында жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш жас­тар бар деп ойлаймыз. Олар қашанда ескі стильден қашады, қазақ әдебиетіне жаңа пішін, жаңа машық, жаңа тәсіл, жаңа мәтін, жаңа образ, жаңа ситуация іздейді. Жаңа аңыз қалыптастырғысы келеді, әдебиетте төңкеріс жасасам дейді. Бұл – ізденгіш жастардың арманы. Екіншісі, батысқа әуес болудың астарында бір «ұсақ қулық» жатқан секілді көрінеді. Ол қандай қулық? Неғұрлым «батыстық», қазақтың түсінуіне қиындау ұғымдарды алсам, соғұр­лым басқаға «білімділеу», «ұлылау» көрі­не­мін дейтін мақсат жатқандай. Сондағысы не? «Апыр-ай, мынаның оқымағаны жоқ екен-ау!» дегізу, сөйтіп «бәсекелестердің» үрейін ұшыру. Бәрін оқыған, бәрін білетін сыңай танытып, «жақсының бәрі жатта, өзімізге түк жоқ» деп көрсету арқылы өзі данышпан болып көріну. Бірақ өзгені зор, өзімізді қор санау, өзімізді-өзіміз «екінші сорт­ты» халыққа айналдырып отыр­ғаны­мызды сезбейтін секілдіміз. Мен мынаны айтайын, қазақ баласының бі­лімі, сауаты көп болуы мүмкін. Табиғи та­ланттан да құралақан болмаса керек. Бі­рақ рухани қорғаныс иммунитеті тым әлжуаз. Ой-мақсаты қарабайыр. Ең қауіптісі, мұн­дай адамдар өзін басқаның ықпа­лын­дамын деп ойламайды. Мен сұмдық білім­ді­мін, сауаттымын, мықтымын деп ойлайды. Есесіне, батыстың біліміне, әдебиетіне, өне­ріне табынады, содан үлгі алу керек деп есеп­тейді. Ал сол батыс адам тәрбиелеу мәсе­лесінде тығырыққа тірелгенімен мүлде шаруасы жоқ... Бір анық нәрсе, біздің қазақ әдебиеті көп­теген кемшіліктеріне қарамастан жаңа деңгейге жетті, жаңа дүниетанымға өтті. Бірақ қалпағымызды аспанға лақтырып қуануға әрі ерте. Еске түсіріңізші, Кеңес за­манында «социалистік реализм» деген сая­си идеологиялық өлшем болды. КСРО кеңістігінде қанат жайған кез келген өнер осы өлшемге бағынды, осы өлшемнің батпағында тұншығып ғұмыр кешті. Солай істеуге мәжбүр болды. Қазақ әдебиеті де партократтар алдын ала белгілеп берген осы өлшемнен шыға алмады. Қаншама шығармалар осы «социалистік реализмнің» батпағына батып кетті. Одан кейін күтпеген жерден «жабайы капиталистік қатынастар» кезеңіне тап болды. Бұл кезең де қоғамға, көз­қарасқа, әдебиетке ешқандай өзгеріс әкел­ген жоқ. Қайта одан әрі бұза, талқандай түсті. Әдебиет «жүрек ілімі» ретінде кері шегінді. Өйткені «социалистік реализм» жолы да, одан кейінгі «жабайы капитализм» жолы да – құдайсыздық жолы еді. Адамнан иман жоғалды, жүректен жігер тоналды. Өткен уақыт өтті, өкінішті қалпына келтіре алмайсың. Енді әдебиетке «жүрек сөзі», «құдай ілімі» деп қарайтын уақыт жетті. Яғни, біздің әдебиетіміздің жүретін жолы адам тәрбиелеуде адасқан, оқырманын көпсөзділікпен мезі еткен батыстың «жындыхана тұрғындарын» кейіпкер еткен Фрейдтің жолы емес, «қайырымды қала тұрғындарының» ізгі бейнесін сомдаған әл-Фараби жолы болуы шарт. Егер әдебиет философиясында осы ұғымның үстемдігін мойындата алсақ, онда сөз жоқ, қазақ әде­биеті дамиды. Ғылымда әлемдік әдебиет де­ген ұғым жоқ, ұлттық әдебиет деген ұғым бар. – Сізді әдеби ортада «тентек Тоқаш» де­ген атпен танылған ақын Тоқаш Бер­дияровтың іздеушісі ретінде де таниды... − Тоқашты ақын еткен оның мінезі. Бү­гінгілер кісілік қасиеті аз, уәде бергіш, ал­дампаз. Екі сөйлейді. Ал кешегі Тоқаштың мі­незі сүйекке сіңген мінез еді. Сол мінезімен келді, сол мінезімен ұлтқа, әдебиетке қыз­мет етті. Айтарын айтты, берерін берді, сер­тінен айнымай кетті. Тоқашты осы мінезі үшін ғана қадірлеп, қастарлеуіміз керек еді. Өкініштісі сол, бізде ондай мектеп қа­лып­таспаған. Тоқаш ақын көзі тірісінде көсіліп жазса жазған шығар, бірақ көсілтіп өмір сүрді деп айта алмаймыз. Ол мына жалған дүниеде жағымпаздық пен жарамсақтыққа ат шалдырмай, өмірге тіп-тіке қарап, тура жүріп өтті. Оның көпшілігімізге үлгі болуға тиіс ерекше қасиетінің бірі – осы. Қазір байқап қарасақ, жағымпаздық пен жарамсақты жаратпайтын, одан үркіп ат-тонын ала қа­шатын сабаздар арамызда көп болып көрі­неді. Бірақ қажет жерінде көпшік тас­тама­саң, мінген қайығың судан өтпей қалатын сәттер аз емес. Тасқа ойда-жоқта өзің келіп сүрі­несің, шаңын ұрпағың жұтады. Жасыратын не бар, шендінің шашпауын көтеріп, қолтығынан демеп тұру «көргендік, мәде­ниеттілік» деп танылып, ең сорақысы ол ұлттық қасиетімізге айналып келеді. Бұл – біз­дің қазақтың үлкен қасіреті. Жалпы, кор­рупция мінезін өзгертті. Бұрын қазақ жағымпаз, иілгіш, күлегеш адамды жек кө­ретін, қазір ол қалыпты жағдайға айналып барады. Ал Тоқаштың мықтылығы – сондай көргенсіздікке бармады, пендешіліктен биік тұрды. Жалпы, Тоқаш шығармашылығында ұй­қас үшін үптей салған үйлесім, басы ар­тық үтір кездеспейді. Қағазға түскен әр өлең жолы қағылған қазықтай, құдды То­қаш­тың өз бітімі сияқты күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталды. Қалай дегенде қазақ өлеңіне сүбелі олжа салған, жаң­ғыртқан, дамытқан, көркемдік дәре­же­сін шырқау биікке көтерген поэзияда өз қолтаңбасы айқын. Шын мәнінде, халықтық ақынға айналған ақынға Алматыдан, туған жері Шымкент, Түркістан қалаларынан кө­шенің аты беріліп, ескерткіш тұрғызылу керек еді. Оның тұлғасын ұрпаққа үлгі етіп ұсынудың маңызы зор болатын. Осыны неше жылдан бері айтып келеміз. Өкінішке қарай, оны түсініп, қадіріне жетіп жатқан ел басшыларын көре алмай отырмыз. Ескерткіш демекші, Тоқаңның дос-шә­кірті болып жанында еріп жүрген Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Өтежан Нұрғалиев, Қасым Аманжолов, тағы басқа ақын-жазушыларға өз туған жерінен көше аттары беріліп, ескерткіш тұрғызылды. Қара­саң көзің тояды, осы мұраны тұрғызуға ұйыт­қы болған ел басшыларына көңілің мар­қаяды. Шымкенттіктер Тоқаштай ұлы ақын­ға неге осындай бір ескерткіш тұрғыза ал­майды? Қаржы жоқ па? Қаржы емес, ниет жоқ. – Өзіңізге көңіліңіз толмай, қинал­ған сәттеріңіз болды ма? – Әрине. Кім періште дейсіз, ондай сәт­тер болып тұрады. Жалпы, мен жазумен ер­те «ауырған» адаммын. Мектепте жүр­генде-ақ кітап оқу серігіме айналды. Кешке тамағымды ішіп алған соң түннің бір уағы­на дейін көз майымды тауысып кітап оқи­тынмын. Оқуға берілгенімді білетін бір кө­кеміз: «Көп оқимын деп оқу өтіп кетпесін, бай­қа» деуші еді. 7-сыныпта жүргенде қа­рап­тан-қарап өлең жазуды шығардым. Жазуды жақсы көріп кеткенім сондай, оты­рып алып жаза беретінмін, жаза беретінмін. Кейін Алматыға оқуға келгенде менің қолымда «общая тетрадьпен» бес-алты өлең дәптерім болды. 90-жылдары халық қатты тоқырауға ұшырады емес пе. Елді аштық жайлады. Аштық пен жетіспеушілік бізді де ай­налып өткен жоқ. Ол кезде мен «Өркен – Горизонт» газетінде жұмыс істейтінмін. Тұрмысымыздың нашарлап кеткені сондай, кейде нан таппай қиналатын едік. Ойланып-ойланып жеке кәсіппен айналысамын деп шештім. Бір жағынан жазуды да қи­маймын. Ақыры бар күшімді жинап, сол кезге дейін жазған дүниелерімді, баспасөзге шыққаны, шықпағаны бар, барлығын ор­таға бір төбе қылып үйдім де, от қойып жібердім. Мұны не үшін істедім? Тұрмыстың тауқыметінен, жетіспеушіліктен, кедейшіліктен істедім. Әрине, өзіме көңілімнің тол­мағандығы да, ашу да бар. Енді қайтып қа­лам ұстамаспын дегенмін. Бірақ сөзімде тұра алмадым. Арада 6 жыл өткенде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып жұ­мыс істейтін Жүсіпбек Қорғасбек мені тауып алып, қызметке шақырды... – Қазір не жазып жүрсіз? – Көптен жазсам ба деп жоспарлап жүр­ген дүнием бар еді, соны қолға алсам деймін. Қазір эсселер жазумен уақыт өткізіп жүр­мін. Экологиялық, этнографиялық, эт­ни­калық эсселер топтамасы. Жалпы, мені жұрт лирик ақын деп таниды. Ол тақияма тар емес, қайта үлкен мақтаныш. Мен сонымен қатар публицистикалық, тарихи-танымдық дүниелерді жазумен де айналысамын. Алда прозада өзімді сынап көрсем бе деймін... – Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ