Мінсіз министр қайда бар немесе вирустан жеңілген Біртанов
Мінсіз министр қайда бар немесе вирустан жеңілген Біртанов
Пандемия әлем елдерінің медицинасы мен экономикасын ғана емес, саяси жүйесін де сынға алды. Биліктің әр буынының осы күнге дейін атқарған істерінің салмағы таразыға тартылды, сапасы сарапқа түсті. Жұмысының кем-кетігі көзге ұрғандар қызметінен кетті. Солардың бірі, бірі ғана емес-ау, бірегейі – Елжан Біртанов. Індетпен күресіп жүріп өзі де кесірлі кеселді жұқтырып алған экс-министр сол бойы жұмысына оралмады. Өз сөзіне сүйенсек, дерті асқынып, жауапты міндетін әрі қарай арқалап жүруге денсаулығы жарамады. Ал сарапшылар елдегі індетті ауыздықтауға, шатқаяқтаған денсаулық сақтау жүйесін аяқтан тік тұрғызуға Е.Біртановтың кәсіби қарым-қабілеті жетпеді дегенді айтып жүр. Қалай болған күнде де, ем қабылдаймын деп ел назарынан таса болған Елжан Амантайұлы содан бері билікті маңайламады.
11 мамырда елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін коронавирус өршіп, ауруханалар науқастарға лық толған шақты жұрт ұмыта қоймас. Қалай ұмытсын, кесірлі кесел біреудің ата-анасын жалмаса, енді біреуді бауырынан, баласынан, жарынан айырды. Дертіне шипа іздеген ел ішерге дәрі таппай сенделді. Індеттің адуыны артып, ауыздыққа көнбей кеткен сол сәтте Үкіметті шұғыл жинап кеңес өткізген Мемлекет басшысы бұл жағдай «бірқатар меморгандардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты» екенін айтқан еді. Президенттің сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмаған.
«Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экс-министр жіберген тағы бір кемшілікті атады. «Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады» деген еді Қазақстан Президенті.
Сол кезде Президенттің бұл сөзін Елжан Біртановтың соңғы 3,5 жылдық жұмысына берілген баға деп тәпсірлеп, экс-министрдің отандық медицинаны түлетуге сіңірген бар еңбегін жоққа шығаруға тырысқандар да болды. Алайда бұрын-соңды естіп-білмеген індетке әлемнің ешбір елі дайын болмағанын, онымен күресудің тиімді жолын тапқанша мемлекеттердің бәрі қателік жібергенін, індет Еуропаның ең қуатты елдерінің өзін есеңгіреткенін ұмытпаған жөн. Сондықтан кінәнің бәрін Біртановқа үйіп-төгуге асықпай, оның ел медицинасының тізгінін ұстаған 3,5 жылда не істегенін, не істей алмағанын таразылап көрелік.
Цифрландырылған саланың сықпыты
Елжан Біртанов министр портфелін ұстамас бұрын 2015 жылдың қарашасынан 2017 жылдың қаңтарына дейін вице-министр қызметін атқарды. Оның 2008-2010 жылдары да Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болғанын көпшілік осы күні ұмытқан болар. Мұны оқырман есіне салудағы мақсат – Елжан Амантайұлының саланы басқаруда тәжірибесі жеткілікті екенін назарсыз қалдырмау. Ол бұрынғы министрлердің үлгі болар бастамалары мен мүлт кеткен тұстарын көңілге тоқып жүрді. Сала басшылығына келген алғашқы сәттен бастап отандық медицинаны жаппай цифрландыруға ден қойғаны соның дәлелі. Ауруханалар қажетті техникамен жабдықталып, медициналық жүйелер іске қосылды. Халыққа ыңғайлы болу үшін әр өңірге арнап мобильді қосымшалар әзірленді. Біраздан уәде етілген электронды денсаулық паспорты толтырыла бастады. Министрліктің дерегінше, Біртановтың бастамасымен жүзеге асырылған бұл істерге ДДСҰ мен БҰҰ-ның мамандары оң бағасын берген. Әріптесінің жұмысын бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те жоғары бағалаған. «2019 жылдың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтауды цифрландырудан келген экономикалық тиімділік 22,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Тарата айтсақ, дәрілік заттарды сатып алуды цифрландыру есебінен 22,1 млрд теңге және қағаздан электронды форматқа көшу есебінен тағы 540,1 млн теңге үнемделді» деген еді ол. Алайда алғашқыда оң нәтиже көрсеткен іс уақыт өте келе ақсай бастады. Бұған дәрігерлердің жаппай оқу курстарынан өтпеуі, ауруханалар мен емханалардың қажетті техникамен толық жабдықталмауы себеп болды. Емханаларда дәрігердің қабылдауына жазылу қиындай түсті. Техниканың тілін түсіне бермейтін егде адамдар онлайн қызметті пайдалануға қарсылық білдірді. Олар емханаларға ескі тәсілмен жүгініп, кезек мәселесін күрделендірді. Damumed арқылы онлайн жазылғандар мен дәлізде «тірі кезек» күткендердің дауы толастамады. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тағы бір мекеме – дәрі-дәрмекті бірыңғай таратушы «СҚ-Фармация» компаниясының басшысы Берік Шәріп те қызметінен кетті. Ол шетелден келген гуманитарлық жүк ретінде қоймаларда айлап сақталған дәрі-дәрмекті ауруханаларға дұрыс жеткізбегені үшін сынның астында қалды. Алматыдағы дәріханалардың бірінде Qatar Airways (Катар әмірі жөнелткен гуманитарлық көмекті елге жеткізген әуекомпаниясы) деген жазуы бар қораптар сақтаулы тұрғаны жайлы хабардан кейін компания шетелден келген гуманитарлық көмекті сатты деп айыпталды. Тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Берік Шәріптің қамауға алынғанын мәлімдеді. Қысқасы, індет жұқтыруына байланысты қызметінен кетпеген күннің өзінде Елжан Амантайұлы көп ұзамай орнын босатуға мәжбүр болатын еді. Өйткені қол астындағы орынбасары мен өзі басқаратын ведомствоға қарасты екі бірдей мекеме басшылары жемқорлықпен ұсталып жатқанда ол жылы орнында жайбарақат отырмайтыны анық. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталған министр Президентке отставкаға кету туралы өтініш жазуға міндетті. P.S:Саясаттанушылардың пікірінше, отандық денсаулық сақтау жүйесінің пандемия кезіндегі қателіктерінің бәріне Біртановты кінәлайтындар – еліміздегі саяси жүйенің қыр-сырын жете білмейтіндер. Расында да, аймақ әкімдері басқарма басшыларын, бас дәрігерлерді өздері тағайындайтынын, қаржы әкімдіктің пәрменімен жұмсалатынын ескерсек, өңірлер тарапынан тапсырманы дұрыс орындауға деген ынта-ықылас болмаса, ешбір министрдің жұмысы өнбейді. Аймақтардағы ауруханалардың заманға сай жабдықталмауы, мамандардың тиісті дайындықтан өтпеуі, бөлінген қаржының қоғам игілігіне емес, ат төбеліндей топтың арманына жұмсалуы мінсіз министрдің өзін түбі жарға жығады.