Жаңалықтар

Қырғыздар тағы толқыды

ашық дереккөзі

Қырғыздар тағы толқыды

4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өтті. Кешкі сағат 20.00-ден кейін сайлаудың алдын ала қорытындысы мәлім болды. Сайлау биометрикалық төлқұжаттарды тіркеу арқылы электрондық жүйемен өткендіктен, нәтижені дереу-ақ білуге мүмкіндік туды. Сайлау нәтижесін жариялау сол сәтте онлайн беріліп тұрғандықтан, елдің бәрі үйлерінде отырып-ақ теледидардан, қол телефондарынан Орталық сайлау комиссиясының мәлімет орталығында (бұл үшін Бішкектегі бес жұлдызды «Хаят» қонақүйінің кең залы таңдап алынған) таблодағы цифрлардың тынымсыз көбейіп жатқанын көріп отырды. Сайлауға түскен 16 партияның төртеуі 7 пайыздық межені бағындырған. Олар: «Бірімдік» партиясы – 46, «Мекенім Қырғызстан» партиясы – 45, «Қырғызстан» партиясы – 16, «Бүтін Қырғызстан» партиясы – 13 депутаттық мандатқа ие болды. Айтқандай-ақ, 5 қазанда Бішкектің орталық алаңында «Социал-демократ­тар», «Мекеншіл», «Чоң қазат», «Ре­­фор­ма», «Мекен Ынтымағы», «Бір Бол», «Рес­публика» және «Атамекен» партиялары сайлаудың алдын ала шыға­рыл­ған қорытындысын жоққа шығаруды, сайлауды қайтадан өткізуді талап етті. Бұл бейбіт митингі болатын. Бірақ шерушілердің бір бөлігі түнге дейін тарқамай қойды. Кейбір мүдделі топтар тыныштық митингін өз мақсатына пайдаланып, құқық қорғау қызмет­кер­лерінің қарсылығына қарамастан, түн­гі сағат 3-те Ақ үйді басып алды. Ақ үй отқа оранды. Шерушілердің бір то­бы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік ко­митетінің ғимаратына шабуыл жа­сап, тергеу изоляторында жатқан бұрын­ғы президент Алмазбек Атамбаевпен қатар бір топ адамды босатып алды. Ақ үй алынған соң, ұлттық қауіп­­сіздік қызметі шерушілердің ал­дында тізе бүкті. Сондай-ақ шеру­ші­лердің басқа топтары түрмеде жатқан белгілі саяси қайраткер Садыр Жапаровты да алып шықты. Бұл істердің бәрін таң атқанша атқарып үл­герді.