Қырғыздар тағы толқыды

Қырғыздар тағы толқыды

Қырғыздар тағы толқыды
ашық дереккөзі
4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өтті. Кешкі сағат 20.00-ден кейін сайлаудың алдын ала қорытындысы мәлім болды. Сайлау биометрикалық төлқұжаттарды тіркеу арқылы электрондық жүйемен өткендіктен, нәтижені дереу-ақ білуге мүмкіндік туды. Сайлау нәтижесін жариялау сол сәтте онлайн беріліп тұрғандықтан, елдің бәрі үйлерінде отырып-ақ теледидардан, қол телефондарынан Орталық сайлау комиссиясының мәлімет орталығында (бұл үшін Бішкектегі бес жұлдызды «Хаят» қонақүйінің кең залы таңдап алынған) таблодағы цифрлардың тынымсыз көбейіп жатқанын көріп отырды. Сайлауға түскен 16 партияның төртеуі 7 пайыздық межені бағындырған. Олар: «Бірімдік» партиясы – 46, «Мекенім Қырғызстан» партиясы – 45, «Қырғызстан» партиясы – 16, «Бүтін Қырғызстан» партиясы – 13 депутаттық мандатқа ие болды.  width= «Бүтін Қырғызстан» – оппо­зициялық партия. Лидері белгілі мем­лекет және қоғам қайраткері Адахан Мадумаров. Саяси сахнаға он шақты жыл бұрын келіп, өлкеде болып жат­қан оқиғаларға өзінің көзқарасын білдіріп жүр. Алдыңғы 2 партия осы сайлау қарсаңында әзірленіп, соңғы 1 жылдың көлемінде құрылған. Сайлау науқаны қарсаңында халық тани бас­тады. «Республика» да жас партия. Осы алдыңғы үш партияның билік тарапынан екенін елдің бәрі біледі. Таблоны көріп, 30 жылдан бері саяси істерге ат салысып жүрген «Атамекен» пар­тиясының мүшелері «аһ» ұрып қал­са керек. Оның лидері – Өмірбек Текебаев. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның «атасы». Сонымен, сол 4 қазан күні түнде-ақ сайлаудың алдын ала қорытындысы қалың жұрттың наразылығын тудырды. Тіпті, кешкі сағат 21.00-ден кейін со­циал-демократтар партиясының бір­неше өкілі транспорант көтеріп, Пре­зидент пен Жоғарғы Кеңес ғи­маратының (Ақ үй) алдына барып ми­тинг жасайтынын жария етті. Сол түні Парламентке өтпей қалған пар­тия­ның өкілдері ертеңіне қарсылық шеруіне шығатынын интернет ар­қы­лы елге жариялады.  width= Айтқандай-ақ, 5 қазанда Бішкектің орталық алаңында «Социал-демократ­тар», «Мекеншіл», «Чоң қазат», «Ре­­фор­ма», «Мекен Ынтымағы», «Бір Бол», «Рес­публика» және «Атамекен» партиялары сайлаудың алдын ала шыға­рыл­ған қорытындысын жоққа шығаруды, сайлауды қайтадан өткізуді талап етті. Бұл бейбіт митингі болатын. Бірақ шерушілердің бір бөлігі түнге дейін тарқамай қойды. Кейбір мүдделі топтар тыныштық митингін өз мақсатына пайдаланып, құқық қорғау қызмет­кер­лерінің қарсылығына қарамастан, түн­гі сағат 3-те Ақ үйді басып алды. Ақ үй отқа оранды. Шерушілердің бір то­бы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік ко­митетінің ғимаратына шабуыл жа­сап, тергеу изоляторында жатқан бұрын­ғы президент Алмазбек Атамбаевпен қатар бір топ адамды босатып алды. Ақ үй алынған соң, ұлттық қауіп­­сіздік қызметі шерушілердің ал­дында тізе бүкті. Сондай-ақ шеру­ші­лердің басқа топтары түрмеде жатқан белгілі саяси қайраткер Садыр Жапаровты да алып шықты. Бұл істердің бәрін таң атқанша атқарып үл­герді.  width= 6 қазанда күн сәскеге көтеріл­ген­нен бастап орталық алаңда шеру қай­та күш алды. Бұл жолы тізгінді жастар қол­ға алды. Олар «Жастарға жол» жә­не «Әйелдерге жол» ұранын көтеріп шық­ты. Негізгі талабы – жастарды мем­лекеттік басқаруға тарту және «Люстрация заңын» қабыл алу қа­жет­тігі. Шерушілердің бір бөлігі тағы да тарқамай, Жоғарғы Кеңестің жасырын жиыны болып жатқан «Достық» қонақүйіне барып, «Садыр Жапаров шығып бізбен сөйлессін» деп, түн жа­рымына дейін ол жерден кеткен жоқ. Садыр Жапаров бұл кезде «5 канал» телеарнасына сұхбат беріп жатқан. Осы қонақүйде Жоғарғы Кеңестің депутаттарының бір бөлігі жиналыс жасап, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Дастанбек Жұмабековтің және премьер-министр Кубатбек Бороновтың өз ықтиярымен қызметінен босатуды өтінген өтінішіне байланысты спикерлік қызметке Мықтыбек Абылдаев­ты, үкімет басшылығына Садыр Жапаровты тағайындаған. Жиналыс­ты басқа жақта өткізген Жоғарғы Кеңес­тің депутаттарының екінші бөлігі бұл тағайындауды мақұлдамады. Олар Үйлесім кеңесін құрып, төра­ға­лы­ғына Парламентке өтуге тиіс бол­ған «Бүтін Қырғызстанның» лидері Адахан Ма­ду­маровты сайлады. Мақ­саты – «Елдік Үкімет» құру. Сонымен, қазіргі кездегі легитимді биліктің бір бұтағы болып тұрған Жоғарғы Кеңес депутаттары ымыраға келе алмай отыр. Екінші бұтағы – Президент. Олар бір рет үндеу жария­лап, бір рет теледидарға сұхбат бергеннен басқаға шамасы жетпей, оқиғаның аңысын аңдып отыр. 7 қазанда орталық алаңда митинг қайта жалғасты. Бұл күнгі ұран «Люс­трация заңын» қабылдау, Президентті отставкаға кетіру болды. Сондай-ақ олар Садыр Жапаровтың премьер-министр болғанына наразылықтарын білдірді.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Бішкек