Таулы Қарабақ: Тамыры терең текетірес
Таулы Қарабақ: Тамыры терең текетірес
Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ қақтығысы күн өткен сайын шиеленісіп келеді. Қайтыс болғандардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы дағдарысты дипломатиялық жолмен еңсеруге кіріскен кезде, Еуропалық одақ «сыртқы араласу» (Бұл жерде Түркияның аймақтағы рөлін меңзейді) шешімін таппайды деп мәлімдейді. Екінші жағынан, Армения Гюмридегі Ресейдің әскери базасы «аймақ үшін қауіпсіздік элементі» екенін баса айтады. Анкараның мәлімдемесінде «Біз алаңда және үстел басында Әзербайжанмен біргеміз. Біз бұл мәселені толығымен шешкіміз келеді» деген жолдар кездеседі.
1991 жылы жаңа республикалар бірінен соң бірі өз тәуелсіздіктерін жариялаған кезде Ресей босатқан базалардан алынған ауыр қару-жарақ қақтығыста Арменияға үстемдік етуге көмектесті.
1992 жылғы 8 қаңтарда армян сепаратистік күштері Ходжавенд / Карабаққа шабуыл жасай бастады.
Қарабақтағы екі негізгі маршрут сызығының бірі – Нахичеван мен Әзербайжанды байланыстыратын Зенгилан бағанасы, ал екіншісі – Лачин дәлізі, ол Армения мен Таулы Қарабах республикасын тікелей байланыстырады. 1992-1993 жылдары Армения Әзербайжан аумағының 20 пайызын жаулап алып, орнына «Таулы Қарабақ Республикасын» құрды.
Қақтығыс кезінде жерінен, елінен айырылған 1 миллионға жуық босқындар, қоныс аударушылар мен баспана іздеушілер пайда болды.
Сондай-ақ 4 852 әзербайжан, оның ішінде 54 бала, 323 әйел, 410 қарт жоғалып кеткен, 169 бала, 338 әйел, 286 қарт армян агрессорлары тарапынан 793 адам тұтқынға түскен. 18 бала, 46 әйел, 69 қарт әлі де Арменияда тұтқында. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің мәліметі бойынша, 439 адам тұтқында қайтыс болды.
Бұл қауіпті жағдай орнағаннан кейін Түрік Қарулы күштері мен Әзербайжан армиясы Нахичеванда жаттығу өткізді. Бұл әскери жаттығу Нахичеван және басқа аумақтарда Түрік Қарулы күштерінің Әзербайжан армиясымен өткізген алғашқы және ауқымды болуымен ерекшеленді. Және Түрік Қарулы күштерінің мүшелерінің бір тобы Әзербайжан армиясын оқыту үшін өлкеде қалған болатын.
Мәскеу-Анкара-Баку ынтымақтастығынан кейін, Армениямен бірге Әзербайжан шекарасында жаттығу өткізуі Анкара мен Мәскеу Оңтүстік Кавказда бетпе-бет келер ме еді деген мәселені көтерді.
Ресейдің басты алаңдаушылығы, Түркия, Баку Ереван жанжалын пайдалана отырып, түрік әскери базасын Нахичеванға орнықтыруы мүмкін деген күдік туындайды. Себебі Нахичеван автономиясы Түркия мен Әзербайжанды бөліп тұрған тек қақпа.
Әзербайжанның қауіпсіздік стратегиясындағы бұл өзгерістің алғашқы нақты белгісі 2016 жылдың сәуіріндегі қақтығыста анықталды. Баку тактикалық жетістікке жетті және шектеулі болса да басып алынған аумағының бір бөлігін қайтарып алды. Бұл сондай-ақ 30 жыл уақыт өз жеріне қауыша алмаған Баку үшін басып алынған аумақты дипломатиядан гөрі соғысып алу ықтималдығын арттырды.
Қорғаныс интеграциясына қоса Баку мен Анкара арасындағы энергетикалық ынтымақтастық та 2016 жылдан бастап тереңдетіле бастады. Әсіресе, осы күннен бастап Түркияның энергетикалық нарығында Ресейдің газ мөлшерлемесі үнемі төмендей бастады, Әзербайжанның Түрік нарығындағы үлесі керісінше өсті.
2020 жылы Әзербайжан Ресейді озып, Түркияның ең ірі табиғи газ жеткізушісі болды.
Анкара мен Баку арасындағы энергетика мен қауіпсіздік саласындағы жақындасу Ереванды да, Мәскеуді де, Тегеранды да алаңдатады.
Шынында да, Түркия мен Әзербайжан арасындағы энергетикалық және логистика жобаларының орталығы болып саналатын Товуз аймағына жасалған армян басқыншылығы осы алаңдаушылықтың маңызды көрсеткіші ретінде қарастырылуы мүмкін.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR-дың мәлімдемесі бойынша, Армения Түркияның Еуропаға SCP құбыры арқылы жеткізілетін газ құбырын бұзу әрекетін жоспарлап отыр.
Үш елмен де қарым-қатынасты сақтайтын Тегеран әкімшілігінің аймақтағы ықпалы Мәскеу және Анкарамен салыстырғанда анағұрлым шектеулі. Иранда өмір сүретін миллиондаған Әзербайжан түріктеріне қарамастан, Тегеран аймақтағы көптеген саяси оқиғаларда Бакуге қарсы саясат тұтынады. Белгілі бір мағынада Бакудегі тұрақсыздық Иранның аймақтағы басты мақсатының бірі болып табылады, өйткені тәуелсіз Әзербайжан Тегеран әкімшілігі үшін үлкен алаңдаушылық тудырады. Сонымен қатар пантуркист идеяларының Оңтүстік Кавказ аймағында ықпалын күшейтуі Иран тұрғысынан ең нашар сценарийді білдіреді. Осы себепті Тегеран қазіргі қақтығыстық жағдайда Арменияның Таулы Қарабақ пен 7 облысты басып алған кезеңіндей Ереванды қолдағанды жөн көрді.
ЕҚЫҰ Минск тобы, Еуропалық одақ (ЕО) кеңесінің төрағасы Чарльз Мишель, Канада және Ұлыбритания тараптарға атысты тоқтату туралы бірлескен үндеу жасады. Оларды ортақ мәмілеге шақырды. Жалпы, Баку халықаралық құқықтық тұрғыдан ұтып тұрса да Минск тобы Әзербайжанның жаулап алған жерін қайтармады. Миллиондаған босқын Отанына орала алмады. Минск тобының және сыртқы елдердің жасаған келіссөздері 28 жыл бойы нәтиже бермеді.
Бүгінгі күні ақыл-парасат тұрғысынан бірден-бір дұрыс болып табылатын тәсіл – халықаралық құқық. Біріккен Ұлттар Ұйымының және көптеген халықаралық институттардың қарарларына сәйкес шындық айқын: Армения Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы жеті Әзербайжан облыстарын басып алды.
Назгүл Кенжетай,
саяси журналист
(Түркия)