Жаңалықтар

ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді

ашық дереккөзі

ЮНЕСКО-да жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы: Қазақ тарихына қатысты кино түсіргім келеді

Дана Зияшева – ЮНЕСКО ұйы­мы­на жұмысқа қабылданған тұң­ғыш қазақ қызы. Білім, ғылым және мә­дениет салалары бойынша күллі әлем­ге гуманитарлық көмек жеткізетін атал­ған ұйымда 20 жылдай қызмет еткен ол Ирак, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Америка елдерінде азшылық топтардың жоғын түгендеп, кемтігін тол­тырған білікті қызметкер болған, тіп­ті ақпарат және коммуникация жө­ніндегі кеңесші лауазымына дейін кө­терілген. Қандасымыз бұл жұмыстан өз ер­кімен кетіп, 6 жылдан бері режиссерлік қызметпен айналысып келеді. Қа­зіргі таңда Лос-Анджелесте тұрып жат­қан Данамен арнайы хабарласып, сұх­баттасқан едік. – Париждегі штаб-кеңседе бірнеше жыл жұмыс істеген соң, Иракқа қыз­мет­ке ауысыпсыз. Онда баруға өзіңіз сұран­дыңыз ба, әлде талап пен тәртіпке бағы­нып, сол мемлекетке баруға мәжбүр бол­дыңыз ба? – Негізі, Париждегі кеңседе білім, мә­де­ниет, ғылым, ақпарат және коммуникация са­ласындағы идеялар бойынша жұмыс істеу мен үшін таптырмас тәжірибе болды. Бұдан бө­лек, дипломатиялық келіссөздерге қаты­сып, біліктілігімді арттырдым. Біздің кеңсеге түрлі елдің патшалары мен президенттері келетін. Президент демекші, бірде Нұрсұлтан Назарбаев Парижге келгенде басшыларым «Ара­мызда жұмыс істейтін тұңғыш қазақ қы­зы бар» деп мені айтыпты. Сосын ол кісі ме­ні арнайы кездесуге шақыр­ды, сөйтіп сол жиын­да ЮНЕСКО-ға жұмысқа орналасуыммен құттықтап, жы­лы лебізін білдірді. Ел­ба­сыға бұл бірінші кездесуіміз емес, оған дейін жо­ғарыда айтып өткен фильмді әзір­леу барысында жо­лық­қанымызды айтқанымда, есіне түсі­ріп, атқарған жұ­мысымды мақтап, өзі­нің жоғары бағасын берді. Кейін 1999 жы­лы Париж­дегі басшылыққа келіп, мұнда жет­кілікті уақыт ең­бек еткенімді айтып, жаңа тә­жірибе жинақтау мақсатында қызмет бабымен тұрмысы төмен ай­мақтарға жіберуін өтіндім. Негізі, бастапқыда Конго мемле­кетіне барғым кел­ген, себебі сол уақыт­та бұл елде соғыс болып жат­қан болатын, сондық­тан он­­да жағдайы жоқ ба­лаларға білім беру ісіне кө­мектескім келді. Алайда мені Конгоға емес, ЮНЕСКО-ның арнайы бағдар­ла­масы бойынша жұмыс істеу үшін Ирак еліне, соның ішінде Солтүстік Күр­дістанға жіберді. Қауіпті аймақ са­налса да, мен онда жемісті жұ­мыс істеп, бірер жылдан соң, Шығыс Азия бойынша ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесші қызметіне жо­ғары­лап, ақырында Бейжіңге жұ­мысқа ауыстым. Онда ЮНЕСКО шең­берін­де Оңтүстік Корея, Сол­түстік Корея, Моңғолия және Қытай елдерінде жүргі­зілетін жобаларға жауапты болдым. Соның ішінде жұмыс бабымен Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесіндегі қазақтарға жиі баратынмын, онда мені екінің бірі танитын, әр бар­ған сайын өз үйіме барғандай сезіне­тінмін. Жалпы, Моңғо­лиядағы басты мінде­тім – азшылық топтар шоғырланған жерге те­ле­визиялық станция орнату болды. Бұл игі іс­ке өмі­рім­нің 5 жылын арнадым. Шынымды айт­сам, Баян-Өлгей­дегі атқарған жұмысым­ды мақ­тан тұтамын. Әсіресе, авст­ралиялық ма­ман­ды ертіп алып, екеуміздің телерадиостанция орнатуға қолайлы жер іздеу үшін дала кезгенімізді еш ұмыта қой­мас­пын (күліп). Ең үлкен жетістік деп сол өлкеде 1964 жылдан бері тұрған ескі станцияны бұзып, оның ор­нына жаңа спутниктік станция орнатқа­ны­мызды айта аламын. Бұдан бөлек, әр келген сайын ол жердегі балаларға қазақ тілінде кітаптар әкеліп тарататынмын. Мұнымен қоса, жазуға икемі бар студенттерді ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бір-екі семестрге оқуға жіберуге келістік. Сосын сон­да тұрып жатқан қандастарымыз­дың қа­зақ тілінде кітап немесе басылым шы­ғаруға мүм­кіндігі жоқ екенін ескеріп, әріп­­тестері­мізбен бірге баспа станоктар тарат­тық. Ал жергілікті телеарна ашу жұмы­сы қомақты қаражатты талап ететіні белгілі, мұны ашу­дың қажеттілігін дәлелдеу үшін арнайы зерт­теу жүргіздік, жан-жаққа жа­рияла­дық. Баян-Өлгейдегі белсенділер мен Қазақстандағы зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, мә­се­ле көтердік, осылайша бір телеарнаның ашылуына мұрындық болдық. Негізі, тек Баян-Өлгей қазақтары емес, Қы­тайда жүр­генде Шыңжаңдағы қазақтарға да гумани­тарлық көмек көрсетуге атсалысқым келген, десек те оларға сол күйі жете алмадым. – Сценарий демекші, әңгімеміздің ауа­нын шығармашылығыңызға бұрсақ. Режиссерліктен бұрын, Францияда жүр­геніңізде бастап жазған «Шок» атты ро­ма­ныңыз араға 12 жыл салып, 2016 жы­­лы жарыққа шыққанымен, бір жыл­дан соң, сатылымнан алынып тасталыпты. Неліктен? – Негізі, бұл романда француз ұлт­шы­лы­ның өмірі баяндалған. Ал Францияда мұндай ро­мандардың таралуына кедергілер көп. Бас­тапқыда өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс бол­ған кейіпкер туралы газеттен оқыған бо­латынмын. Сосын оның өміріне қызығып, кі­тап күйінде жазып шығаруды жөн санадым. Ро­ман кейіпкері Мьянмадағы  азшылық топ­тар, соның ішінде карен тайпасына кө­мек­тесіп, барын аямаған жан. Тек көпшілік оның та­мақ жоқтықтан каннибализммен айналыс­қанын алға тартып, мұны жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдап жүр. Десе де, бұл олар ой­ла­ғандай емес, оның жағымды сипаты басы­мырақ. Оқырманға мұны түсіндіру мақ­сатын­да карен тайпасының әйелі секілді киініп алып, Таиланд пен Бирманың шекара­сын өтіп, сол аймаққа әдейі бардым. Аталған кейіпкерге қатысты жұм­бақ жайттардың ара­жігін ажырату үшін оны 11 жыл бойы зерт­­тедім, десек те француздар мұ­ның байыбына барғысы жоқ. Сонша уақыт еңбек­теніп жаз­ған туындымның сатылымнан алынып тасталға­ны өкінішті. – Жуырда Мәскеуде өткен кинофести­вальде Greatland атты екінші туын­дыңыз көрсетілді. Қазіргі таңда карантин себебінен аталған киноңыздың көпшілік назарына қашан ұсынылатыны белгісіз болғандықтан, мұның идеясы неде екенін айта отырсаңыз? – Бұл – саяси өмірге көзқарас есебінен туын­­­даған дүние. Байқап қарасам, Америкада болып жатқан абсурд театры секілді, адам­дар жақсы идея үшін күресетін секілді кө­ріне­ді, алайда айналып келгенде тота­ли­тарлық тәсілді қолданады. Саяси өмірге қа­тыс­ты өз алаңдаушылығымды кино арқылы жет­кізгім келіп, нәтижесінде өзін ұлы деп есептейтін, еш өлмейтін, тек әділдікті жақтайтын адамдардан құралған орта қа­лыптастырдым. Сондай-ақ мұнда жауыздар империясының өкілдері әділдікті ту еткен адамдардың көзін жою үшін вирус таратқысы келеді. Айта кетерлік жайт, бұл киноны 2017 жылы түсіргенмін. Сосын ойдан құрастырыл­ған бұл оқиғамызды биыл дүниежүзінің дегбірін қашырған індетпен байланыстырып, тизер арқылы Америка жұртшылығының қызығушылығын тудырттық. Мәскеудегі көрермен мұны жақсы түсінер деп ойладық, десек те оларға мұндай көпдеңгейлі киноны байы­бына барып түсіну қиынға соғып жат­қан секілді. Сырт көзге сылдыр сөз көрін­генімен, тереңіне үңілсеңіз, мұнда үлкен бір идея жатыр. Осы тұста айта кетерлік жайт, қазақстандық дистрибьюторлар бірінші ки­нома қызығушылық танытпаған, енді екінші туындыма да назар салмайын деп отыр. Қазіргі таңда киноны көрсету құқығына аме­рикалықтар таласып жатыр. Ал олар мұны сатып алған соң, біраз уақыттан кейін ресейлік немесе қазақстандық компанияға сатуды көздейді. Қазақстанның тумасымын, осында өсіп-өнгенмін, неге менің шығармашылығыма көңіл бөлмеске? Жалпы, біздің елде киноның сапасына емес, сенің кім екеніңе қарайды. Бәлкім, маған да Димаш Құдайберген секілді сыртқа шығып, сенсация жасап, сосын барып қана өзімді мойындатуым керек шығар. Әйтпесе, жерлестерімнен «Мынау біздің отан­дасымыз, шығармашылық жолын жаңадан бастап жатқан режиссер, наси­хаттайық, көмектесейік» дегенді естімедім. Шетте жүр­сем де, Қазақстанды ұмытқан емеспін. Алма­тының тумасы болсам да, ата-әжем саналы ғұ­мырын өткізген Орал өңірін жаныма жа­қын тартамын. Жалпы, алдағы уақытта «Ви­кингтер» секілді, қазақ тарихына қатысты ки­но түсіргім келеді, себебі өзім тарихқа әуес­пін, әрі біздің құн­дылық­тарды сипаттайтын әдемі туынды жасағым келеді.