Нияз Тобыш: Иран қазақтарының жағдайы қиын

Қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында әу­лие­лі мекен Маңғыстау өңіріне ар­найы барып, Иран елінен кө­шіп кел­ген белгілі аудармашы Нияз То­бышпен Иран қазақ­та­ры жайын­да әңгіме өрбіткен едік.

Нияз Тобыш – 1957 жылы Иран Ислам Республикасының Гонбед-Каус қаласында дүниеге келген. 1995 жылы байырғы атақонысы май­лы қиян Маңғыстауға қоныс аударған. Білікті аудармашы. Ағыл­шын және парсы тілінің маманы. Иран мен Тұран арасындағы руха­ни алтын көпір деуге де болады. 2005 жылы шы­ғыстың әйгілі туын­ды­сы «Тоты­нама» кітабын көне тү­рік тілінен ау­­­дарған. Сонымен қа­тар шамамен бұдан 8 ғасыр бұ­рын әлемнің алғаш­қы жағрафиялық кар­тасын сызып кітап жазған Мұ­хам­мед ибн Нәжиб Бәк­ранның «Жаһан нама» кітабын қа­зақ және ағыл­шын тіліне аударған.

 – Иран еліне қазақтар қалай бар­ды? Әңгімені осыдан бас­та­сақ…

– Өткен ғасырдың басы, дәлірек айт­сақ 1928-1932 жылдар арасында біз­дің маңғыстаулық адайлардың бір бөлігі әртүрлі себептермен Тү­рік­менстанға қоныс аударды. Түрлі жағ­дайға байланысты ол жерге де жақ­сы орналаса алмады. Сол себепті ел­дің ақсақалдары мен белсенділері бас­тап, 2 мыңдай отбасы Иранға көш­­ті. Содан бері міне, бір ғасырдың ша­масы болды. Қазір қазақтар Гүлс­тан облысының үш қаласында тұ­рады. Түрікменстанның шекарасы­нан ары 70 шақырым жерде Гонбед-Каус деген қала бар. Кешегі 1995 жыл­дары Отанға оралу кезінде қа­зақтардың көбі сол Гонбед-Каус қа­ласынан келді. Сондықтан қазір ол қалада қазақтардың саны аз. Одан 90 шақырым әрі қарай жүрсек, қазіргі Гүлстан облысының орталы­ғы Горган қаласы, одан әрі қарай 45 шақырым жерде Бендер-Түрікпен деген қала бар. Біздің Ақтау секілді теңіз­ге тиіп тұрған қала. Сол же­р­лер­де де қазақтар тұрады. Үш қала­да жиыны 5 мыңдай қазақ өмір сү­ріп жатыр. Олар сол ортаға бейім­делді.

Онда барған ағайынның ал­ды­нан шыққан қиындықтың бірі – 30 жылдай Иран елінің азаматтығын ала алмауы. Сол себепті білім алуы, мә­дениет пен өркениетке ілесуі кеш­теу болды. Алғашқы оқығандар – Ислам Жеменей, Мұхаммед Ескел­ді, Қажымәмбет Шадхам қатарлы ағалар.

Олар өзінің еңбегімен сол жерге диаспора болып сіңісті. Қазір Иран елі­нің түрлі салаларында қызмет етіп жүрген қазақтар көп. Мен де сол ат төбеліндей қазақтың бірімін. 1995 жылы Қазақстанның елшілігі ашылды. Елбасы арнайы іссапармен бар­ғаннан кейін атажұртқа көшуге қам­дандық. Қазақстанның Иран­да­ғы ең алғашқы елшісі Мырзатай Жолдас­бе­ков  ағамыз болды. Сол кі­сілердің көмегімен 1995 жылы қа­зан айында 70 отбасы байырғы атақонысымыз Маңғыс­тауға көшіп келдік. Бұл жерде  де біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Бірақ расын айтқанда, Иран қазақ­тары­ның жағдайы қиын. Оның өзіндік себебі бар. Әсіресе, АҚШ пен Иран арасындағы түрлі санкциялар­дың да кері әсері мол. Ағайын сол қалт-құлт етіп отыр. Ол жерге бар­ған қа­зақтардың қазір төртінші буын ұрпағы ауысып барады. Қазір Иран елінде шамамен 85 млн адам тұратын болса, оның 60 пайызы – яғни, 45 млн парсылар, ал 40 пайы­зы – әзербайжан және күрдтер. Ал осы сандармен салыстырғанда, қа­зақтарды санауға да келмейді. Теңіздің ішіндегі тамшыдай ғана.  Сондықтан олар парсы тілінде білім алды, сол тілде сөйледі. Алдыңғы буын кеткеннен кейін, қазақтар өз ана тілінен айырылып бара жатқан жағ­дайы да жасырын емес.

– Тек тіл ғана емес, жалпы ұлт­тық болмысынан біршама ал­­­шақтап бара жатқандай…

– Иә. Бұл мәселені де кезінде кө­­­тердік. Ол жақта біздің консу­лы­мыз бар. Ондағы қазақтарға тіл үй­ретуге байланысты онлайн сабақ­тар және басқа да түрлі мәдени үйір­мелер ашылды. Қазіргі жағдайда «бай­тал түгіл, бас қайғы» болып отыр. Жұмыссыздық барған сайын бе­лең алды. Қазір ол жерде «қазақ ті­лін үйренем, қазақ болып қала­мын» деген адам шамалы. Көбі күн­көріс­тің қамымен кетті. Әлбетте, оған да сөгіс жоқ шығар.

– Иран қазақтары кезінде ар­найы шақыртумен байырғы ата­қонысы Маңғыстауға көшіп кел­ді. Бірақ мұнда үй-күйсіз жүр­ген қандастар әлі де көп екен. Мұның сыры неде?

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Ел­басы әртүрлі жағдаймен тари­хи Отаны Қазақстаннан жырақ жүр­г­ен қазақтарды елге шақырды. Кө­ші-қон жақсы қолға алынды. Ол кезде Қазақстандағы жағдай қиын болғанымен, елдің пиғылы кең еді. Қазір ел болғанымызға 30 жыл болды, елдің жағдайы едәуір жақ­сарды. Алайда қазір өз күшімен ке­ліп жатқан Иран қазақтарына мем­лекет тарапынан көңіл көнші­тер­лік көмек болмай отыр. Маған ан­да-санда ағайындар жылап ке­ле­ді, бірақ менің қолымда ештеңе жоқ, қарапайым мұғаліммін. Тек құ­жаттарын аударып беруге ғана көмектесе аламын. Басқа ештеңеге жарамай отырмын.

Бұл адамдарға мемлекет тара­пы­нан қолдау болмаса, жеке адам қолдап жарытпайды. 1995 жылдан бастап, алыс шетелден келген қандастарды баспанамен қамту де­ген бағдарлама жүріп жатты. Ал 2004 жылдан бері әр адамға 1 мың дол­лар көлемінде квота берді. Қазір бұл көмектер көзден бұлбұл ұшты. Сонымен, өз күшімен келген ағайын осында орналасып қалуға барынша тырысуда. Алайда жағдайы келме­ген, шамасы жетпегендер қайтадан Иран еліне кері көшіп жатқан жағ­дай бар. Мұндай жауапты дү­ние­ні жа­­сыруға болмады. Өйткені жо­ғары­да Ирандағы ағайынның жағ­дайын айттым. Енді біраз жылда олар парсы не түрікменге жұтылып, жоғалып кету қаупі басым.

– Қазіргі рухани ахуалы қа­лай?

– Сан көп болмағаннан кейін оның ішінен көп нәрсе шыға қой­майды. 1988 жылы Иран Ислам Республикасының 10 жылдық мере­келік шарасында қазақ жастарының басын қосып, өнер тобын құрып, республикалық сахнаға шығардым. Аздаған өнерпаз домбыра шертіп, ән айтты. Бұл осыдан қырық жыл бұрын­ғы оқиға…

Шын мәнінде, аздаған топтан мықты өнерпаз, ақын, жазушы, яки спортшы шығады деуге болмайды. Әрине, азды-көпті қалам ұстағандар бар. Бірақ қазір онда жалпы халық­тың ахуалы ауыр, соның ішінде біз­дің қазақтардың да тұрмыс-тір­ші­лігі мәз емес. Сондықтан бұл жер­де рухани ахуал жайлы айтудың өзі қиын.

2015 жылы облыстық әкімшілік­тің ұйымдастыруымен «Ираннан келген ағайын бізге не берді?» деген есеп беру кездесуін өткіздік. Көші-қон басшылары, Иран елінің осы жердегі елшілігі және зиялы қауым­ның қатысуымен мәдени шара өтті. Біз өзімізді-өзіміз мақтаған жоқпыз. «Шеттен келген қазақтар қоғамға пай­дасы тиді ме, әлде масыл болды ма?»  деген мәселені жиналған жұрт айтты. Рас-өтірігін білмеймін, сонда жи­налған зиялы қауым «ең құры­ған­да салт-дәстүріміз келді, халық санын көбейтіп жатырсыздар» де­генді айтты.

Ал мен бұл жағдайға өз көкейім­дегі шындықты айтқым келеді. Мә­селен, Иран елінен келетін аз ға­на қазақтан көп нәрсе күтуге бол­май­ды. Ол жақтан көп ақшамен ке­ле­тіндер аз.

– Ирандағы қазақтардың ді­ни ахуалы қалай? Онда шиит­тік бағытты ұстанатын қазақтар бар ма?

– Иран еліндегі қазақтар – тү­рік­мендермен қоян-қолтық ара­ла­сып отырған ел. ХІ-ХІІ ғасырда ис­лам дінін қабылдаған ата-баба­мыз қандай жолды ұстанса, ондағы қа­зақ­тар да сол жолдан айныған жоқ. Ис­ламның сүнниттік бағыты, со­ның ішінде Имам Ағзам Әбу-Ха­ни­фаның мазһабын ұстанады. Жүз жыл­дан бері сол бағытта. Демек, Иран еліндегі шииттік бағыт оларға әсер еткен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ондағы қазақтар дәл қазіргі ҚМДБ-ның бағытымен бірдей.

– Ондағы ағайындар осы жақ­тың жазуын тани ма? Біл­ме­се оны үйрететін орталықтар бар ма?

– Иран еліндегі қазақтар тек пар­сыша ғана хат таниды. Сон­дық­тан кириллица әліпбиін білетіндер бірен-саран. Біз алғаш көшіп келген кезде облыстық білім басқармасы және қалалық білім басқармасының мамандары Иран елінен келген қа­зақ­тарға қазіргі қолданыстағы ки­рил­лица әліпбиін үйрететін тегін курс­тар арқылы көмектесіп тұрды. Соң­ғы кезде ол да жоғалды. Жастар, әсі­ресе мектеп жасындағы оқу­шы­лар әліпбиді тез үйреніп кетеді. Ал жал­пы жұрт жаңа көшіп келген кез­де көшенің атауын оқи алмауы қиын. Сондықтан ондай орталықтар қа­жет.

– Өзіңіз қазір немен айна­лы­сып жүрсіз?

– 1975-1979 жылдары Тегеран уни­­верситетінде ағылшын тілі фа­культетін бітірдім. 40 жылдан бері ағылшын тілінің мұғалімімін. Иранда жүргенде 15 жыл ағылшын тілінен сабақ бердім. Қазақстанға кел­гелі 25 жыл ағылшын-парсы тілі пә­нінен сабақ беріп келемін. Иран Ис­лам Республикасының Ақтау қала­сындағы консулының тікелей қа­тысуымен Ш.Есенов универси­тетінде «Парсы тілі кабинеті» ашыл­ды. Негізгі мақсат – «Ха­лық­ара­лық қа­тынастар» саласындағы студент­терге парсы тілін үйрету. Аталмыш кабинетте ағылшын және парсы тілінен сабақ бердім.

2004-2005 жылдан бастап қо­лы­ма қалам алдым. Ағылшын және пар­сы тілі пәні және тарихи дүние­лер­мен қатар аудармаларды қос­қан­да он шақты том еңбек жаздым. Иран елінің Қазақстандағы елші­лі­гінің қолдауымен қазақ-парсы тіл­дерінің 2 томдық академиялық сөз­дігін жазып шықтық.

Ал енді өз шығарма­шы­лы­ғым­дағы шедеврлерімнің бірі – ша­ма­мен бұдан 8 ғасыр бұрын әлем­нің алғашқы жағрафиялық карта­сын сызып кітап жазған Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның «Жаһан на­ма» кітабын қазақ және ағылшын тіліне аудардым. «Жаһан нама» еңбегі парсыларға моңғолдардың шап­қыншылығынан он жыл бұрын жазылған. Әлемнің алғашқы геог­рафиялық кітабы. Әуелі қазақша ау­дардым. 2012 жылы грант жеңіп алып, ағылшын тіліне аудардым. Же­текші ұстазым – шығыстанушы-араб­танушы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның ака­демигі Болат Көмеков болды. Ол кісі орыс тіліне аударды.

2018 жылы тамызда Каспий теңізінің құқықтық мәселелеріне бай­ланысты Ақтау саммиті өтті. Оған Каспий жағалауындағы 5 ел­дің президенті қатысты. Сол келген 5 президентке мен аударған «Жаһан нама» еңбегім сыйлық ретінде тартылды. Жағрафиялық жағдайды талқылауға келген президенттерге 8 ғасыр бұрынғы әлем картасы жай­лы еңбекті ұсынудың да өзіндік мә­ні бар…

Осыдан 8 ғасыр бұрын парсы ті­лін­де жазылған әлемнің алғашқы географиялық еңбегі ешбір тілге аударылған жоқ болатын. Оны тіп­тен Еуропа да аударған жоқ.

Бір адамның түрткі болуымен, осы­дан 20 жыл бұрын Ираннан («Таз­кират аль Авлия» немесе «әу­лиелер шежіресі» деген) кітап алып келген едім. Ол шамамен 8-9 ғасыр бұрын өмір сүрген Шейх Фарисад­дин Ат­тар Нишапури деген ғұлама ға­лым­ның еңбегі. Онда 97 әулиенің айтқан ғибратты сөзі, өнегелі ісі жа­зылған. Барлығы 810 бет. Күн сайын 2 беттен аударсам, 400-дей күн­де еңсеріп шығамын. Алла бұйыртса!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан  Бақытбек ҚАДЫР

Фото+видео Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ

Back to top button