Túrkistan көтерген мәселеге байланысты Қазақстан Қытай Елшілігіне нота жолдайды
Túrkistan көтерген мәселеге байланысты Қазақстан Қытай Елшілігіне нота жолдайды
Халықаралық Túrkistan газеті көтерген қандастар мәселесіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытай Елшілігіне нота жолдайтынын мәлімдеді.
Қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында халықаралық Túrkistan газетінің өткен жылғы №51-52 (26.12.2019) санында ҚХР-дан көшіп келген Қарақат Әбдеш есімді әйелдің отбасынан бөлініп қалуына байланысты «Күйеуі Қытайда қалған Қарақат Әбдеш құзырлы мекемелерден көмек сұрайды» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын.
Аталған мақалада Қарақат Әбдештің (айтуы бойынша) жолдасы Бекеш Манапхан ҚХР азаматы (Қазақстан ықтиярхаты бар) жазықсыз жаламен сотталған. Сонымен бірге, қайын атасы Манапхан Зейнолла және қайнылары Еркеш Манапхан, Ерболат Бәйкен ҚХР түрмесінде отырғанына 3 жылдан асқаны жайлы жазылған.
Қарақат Әбдеш 2005 жылы ҚХР Іле қазақ автономиялы облысы Алтай аймағы Буыршын ауданынан көшіп келген. Қазақстан азаматы. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы Көктал-1 тұрғын алабында тұрады. Екі баланың анасы. Жұмыссыз, екі баламен үйде отыр.
«Сыртқы істер министрлігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры бірлесіп, менің бөлініп қалған отбасымды дипломатиялық жолдармен біріктіріп берулеріңізді сұраймын», – деген еді қандасымыз Қарақат Әбдеш.
Осыған орай, биылғы 13 ақпанда Túrkistan газеті Сыртқы істер министрлігіне «Халықаралық конвенциялардың заңды дипломатиялық негізінде Қарақат Әбдештің ҚХР-да қалған отбасы мүшелерін табыстырып беруде министрлік тарапынан қолдау білдіріп, жауап беруіңізді сұраймыз», – деп арнайы хат жолдаған болатын.
Бұл хат жолданғаннан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 16 сәуірде (№22-2/3702) Қытай Елшілігіне нота жолдаған. Ал оған Қытай тарапы «Қарақат Әбдештің күйеуі және туыстары Қытай азаматы болғандықтан сол елдің құзыретті органдары аталған тұлғалардың мәселесін Қытайдың ішкі заңнамасынан сәйкес қарастырады» деп мәлімдеген.
Бұл жауапқа қанағаттанбаған Сыртқы істер министрлігі Қытай Елшілігіне екінші рет нота жолдап Қытай тарапымен болатын кездесуде бұл мәселені тағы қадағалайтынын хабарлады.
Сыртқы істер министрлігінің бізге берген хатында: «ҚР СІМ КҚД халықаралық Túrkistan газетінің және Қ.Әбдештің өтініші бойынша сұратуды әділетті қарастыру мақсатында, отбасы мүшелерінің бірге тұруы әрі ажыратылмауы туралы халықаралық заңнамалардағы қағитаттарды назарға ала отырып, оның күйеуі – ҚХР азаматы Бекеш Манапханды Қазақстандағы отбасына қайтару жөніндегі мәселені қытайлық тараппен болатын кездесуде көтеретінін және жақын арада Қытай Елшілігіне қайта нота жолданатынын хабарлайды», – делінген.