Жаңалықтар

Қазақстандағы кітапханалардың 48 пайызы ғана интернет желісіне қосылған

ашық дереккөзі

Қазақстандағы кітапханалардың 48 пайызы ғана интернет желісіне қосылған

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Онда сенатор еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі 2007 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында ашқан Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы kazneb.kz порталындағы цифрландырылған электрондық кітаптардың сапасын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ондағы электрондық кітаптардың 3D нұсқасын оқу қиынға соғады, мәтіндері анық емес, бұлыңғыр, кейбір аудио-кітаптар мүлдем ашылмайды. Қазіргі уақытта порталдың сегменті әдебиеттің 60 мыңнан астам электрондық көшірмесін қамтиды. Оның ішінде балаларға арналған электрондық кітаптар саны 5 551 дананы құрап отыр. Дегенмен, бүгінде Қазақстанда шығатын барлық басылымдардың электрондық нысаны kazneb.kz порталында жарияланбай отыр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі шығаратын мектеп пән кітаптарының электрондық нұсқалары толықтай қамтылмаған. Бүгінде еліміздің кітапхана қорында жалпы 112 миллионнан астам басылым бар, ал олардың тек 1,5 миллионға жуығы ғана электрондық нұсқада. Бұл – кітапхана қорының жалпы көлемінің небәрі 1,3 пайызын құрап отыр. Республика бойынша 3 940 кітапхананың 1 892-сі, яғни 48 пайызы ғана интернет желісіне қосылған. Бұл әрине жеткіліксіз, әсіресе, қазіргі қашықтан оқыту жағдайында. Сондықтан, балаларға арналған жеке Қазақстан Ұлттық электрондық балалар кітапханасы порталы ашылса – нұр үстіне нұр болар еді. «Осыған орай, «Кітапхана ісі туралы» заң жобасын әзірлеуді; Балаларға арналған Қазақстан Ұлттық электрондық балалар кітапханасы порталын ашуды; Қазақстанда басылып шығарылатын барлық жарияланымдардың міндетті данасының электрондық нысанын kazneb.kz порталына жолдау бойынша нақты жүйесін қалыптастыруды; Кітапханаларды Брайль қарпі, үлкейтілген қаріп, сондай-ақ заманауи цифрлық және ДЭЙЗИ (DAISY) нысанындағы кітаптармен жеткілікті түрде қамтамасыз етуді қарастыруыңызды өтінеміз», – деді сенатор.