Жаңалықтар

Министрдің «қысқарту қайшысы» ректорлардың ұйқысын қашырды

ашық дереккөзі

Министрдің «қысқарту қайшысы» ректорлардың ұйқысын қашырды

Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау ережесіне өзгеріс енгізген болатын. Сол кезде жаңа ереже жоғары білім беретін мекемелердің жұмысындағы олқылықтардың орнын толтырады деген үміттің ұшқыны жылт еткендей болған.  Ал 2019 жылы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық университеттердің басшыларын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бастап аты бар да, заты жоқ жоғары оқу орындарымен күрес басталды, сең қозғалды. Жақында ғана Білім және ғылым министрлігі тағы бір академияны бас лицензиясынан айырған болатын. Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов ғасырға жуық тарихы бар университетті осы жағдайға оқу орнының басшылығы жеткізгенін айтқан еді. Ректорларды тағайындау ережесінің өзгергеніне біраз уақыт өтті. Бір бас­шы­ның былығын екінші басшы қостап отыр ма, әлде жаңа ереженің нәтижесі мардымсыз ба? Жоғары оқу орын­дарының жағдайы неге оңалмай отыр?

Лицензиясыз  қалған оқу орындары

Өткен жылы Президент білім сапасы сын көтермейтін жоғары оқу орындарының санын азай­ту­ды тапсырған еді, нәтижесінде биыл 25 университет 60 маман­дық бойынша лицен­зиясынан айы­рылды. 36 жоғары оқу ор­ны­на мем­лекеттік грант бөлінген жоқ. Ал 5 университет жұмысын түбегейлі тоқтатты. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша жо­ғары оқу орындарының нор­ма­тивтік-құқықтық актілерді сақ­тамағаны анықталған. Та­лап­кер­лерді қабылдау, профессор-оқы­тушылар құрамының білік­тілігін арттыру, профессор-оқытушылар құрамын конкурс ар­қылы алмастыру, профессор-оқы­тушылар құрамының оқу жүк­­темесін жоспарлау, білім алу­­шыларды қорытынды аттес­тат­­тау, диплом бланкілерін есеп­ке алу сияқты жауапты жұмыс­тар­дың атқарылуынан жік шық­қан. Министрліктің мәлім­де­ме­сіне сәйкес, лицензиясы қай­та­рыл­ған жоғары оқу орындары «пе­дагогикалық ғылымдар», «өнер», «гуманитарлық ғылым­дар», «жаратылыстану ғылым­дары», «техника ғылымдары», «қыз­мет көрсету» және «әлеу­мет­тік жұмыс», «әлеуметтік ғы­лым­дар» бағыты бойынша мамандар даяр­лаған. Жоғары оқу орындарын тексеру жұмыстары әлі де жалғасады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, еліміздегі жоғары оқу орындары 15 пайыз­ға қысқармақ. «Жыл соңына дейін 24 жоғары оқу орнын тексеріп, тиісті шара қолданамыз. Талап­тарды күшейттік. Тексеріс жүргізіліп жатыр»  деп мәлімдеген еді Асхат Аймағамбетов. Жақында мұндай университеттердің қатары тағы бір оқу ордасымен толыққанынан хабардар болдық. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация акаде­миясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Тексеріс барысында профессорлық-оқытушылық құрамның дұрыс жасақталмағаны, оқу орнының өндірістік практика базаларымен, оқу-әдістемелік құралдар және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмегені, академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60 пайызы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Лицензиясынан айырылған университеттер мүлдем назардан тыс қалмақ емес. Бірнеше жоғары оқу орындары біріктіріліп, ел игілігіне жұ­мыс істей береді, тек дәрежесі сәл төмендейді. «Бір университетті жабу туралы сотқа жүгінгеннен кейін бірнеше университет бізге хабарласып, бірігуге ниеттері бар екенін хабарлады. Біз де бұл мәселені қарастырған едік. ЖОО-лар өз ерік­терімен және дербес бірігулері қажет. Мұның мультипликативті әсері бар. Себебі біреулерінде кадр жетіспесе, енді бірінің спорт залы, тағы бірінде жа­тақхана және басқа да жағдайлары болмауы мүм­кін. Ал біріккеннен кейін нақты бір әсерге қол жеткізіледі», – деді Асхат Аймағамбетов. Санды сапаға кері пропорционал десек, қа­жетсіз білім беретін керексіз университеттер­дің қысқаруын, әлбетте құптаймыз. Диплом тара­тумен айналысатын жоғары оқу орындары бі­лім мен ақшаның жауына айналғалы қашан. Ал лицен­зиясыз қалған жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 15 мыңға жуық студенттің жағдайы тағы бір мәселе. Жыл соңына дейін университетсіз қал­ған білім алушылар саны арта түсетіні де анық.

Студенттер қайтпек?

Бұл мәселе бойынша алаңдауға негіз жоқ еке­нін Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету ко­ми­тетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мәлімдеді. Оқы­тушылардың жұмысқа орналасуына қатысты да мәселе туындамайтын көрінеді. «Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа жоғары оқу орнына ауысуға рұқсат бердік. Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда, барлық студенттерді басқа оқу орындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар. Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізілетін болады» деп атап өтті комитет төрайымы Гүлзат Көбенова. Аталған мәселелердің шусыз, даусыз ше­шілгені, әрине қуантады, тек сапасыз сыл­дыр білім алған студенттердің текке кеткен уақыты мен қажыр-қайратына ішіміз ашиды. Іргетасы нық қаланбаған білімнің оңалып кетуі де екіталай. Басынан бастап бағытынан жаңылған кеме өрге жүзбейтіні бесенеден белгілі. «Балық басынан шіриді», жоғары оқу орындарындағы білімнің берекесіз болуына университет басшылығы ғана кінәлі ме? Ректорларды тағайындау әдісіндегі ауыс-түйістен үміт күтуге бола ма?

Сайлау керек пе,  таңдау керек пе?

2016 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшыларын тағайындау ережелері өзгертілген болатын. Жаңа ереже бойынша ректор лауазымына үміткерлер іріктеудің негізгі талап­тарына толығымен сәйкес келуі тиіс. Талап бойынша үміткер екі кезеңнен тұратын ашық конкурстан өтеді. Әрбір кезеңде үміт­кер оқу орнын дамытуға бағытталған өз бағдар­ла­масын ұсынуы керек. Ол бағдарламаны жоғары оқу орнының Бақылау кеңесі және конкурс комиссиясы қарайды. Сондай-ақ үміткер мемлекеттік кәсіпорын басшысын аттестаттау туралы ережеге сай болуы тиіс. Осылайша, ректорды тағайындаудың жаңа жүйе­сі аталған лауазымға қатаң талаптар қою ар­қы­лы ЖОО қызметінің сапасын арттырып, сай­лау­дың ашық және әділ өтуіне ықпал етеді. Бұған дейін университет ректоры Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен та­ғайын­далатын. Бұрынғы ереже бойынша, үміткер білік­тілік сипаттамасының негізінде педагогикалық қыз­меттегі маман таңдалатын еді. Бұл жүйенің кем­шілігі ретінде мерзімі көрсетілмеген келісімшарт жиі аталып жүр. Яғни, ректорлардың басым көп­шілігі 2-3 жыл бойы, тіпті одан да ұзақ уақыт лауа­зымын ауыстырмаған және олардың 40 пайызы зей­неткерлік жасқа жеткен немесе асып кеткен. Өткен жылы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жоғары оқу орын­дары ректорларын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлық бойын­ша аталған мекемелердің бірінші басшыларын тиіс­ті салаға жетекшілік ететін уәкілетті органдар та­ғайындайтын болды. Үміткерлер конкурс арқылы іріктеледі. Ректорларды конкурстық негізде тағайындау нәтижесінде қандай артықшылықтарға қол жеткіземіз деген сауалға министр Асхат Айма­ғам-б­е­тов былай деп жауап берген болатын: «Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кандидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады. Екіншіден, айқындылық. Барлық канди­даттар тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгіме­лесуден өтеді. Үшіншіден, бағдарламалар сайысы мен бәсекелестік. Төртіншіден, қоғам алдындағы жауапкершілік». Жоғары білім беру сапасының төмендеуіне білім емес, бизнес қуған саны көп универ­ситеттер тікелей әсер етіп отырған сияқты. Қазіргі кез­де елімізде 131 университет, 781 колледж бар екен. Аз емес. Жұрттан қалмай, әйтеуір бір маман­дық­ты игергенін куәландыратын бір жапырақ қағаз үшін «оқитындар» сондай жоғары оқу орындарының жұ­мысын дөңгелетіп келген. Білім және ғылым ми­нистрлігі жүргізген тазалаулардан кейін табыс кө­зінен айырылған талай университет басшылары ми­нистрге қырын қарап, қарсы команда қалып­тастырып жатыр деген пікірлер желдей есті. Десек те, білім жүйесіндегі жаңа реформалардың нәтижесі оң боларына қауым ел үміт артып отыр.

Ал әлемде қалай?

Әлемнің бірқатар елдерінде жоғары оқу ор­нын басқарушыларды әлдеқашан сайлау ар­­қылы тағайындайды. Яғни, бұл анау айтқандай жаңа­лық емес. Мәселен, көршілес Ресейде бұл әдіс, тіпті пат­ша заманында-ақ болған. 1905 жылы Николай патша бекіткен Жарлық бойынша, жоғары оқу орындарының ректорлары сайлау арқылы та­ғайындалған. Ал Қазан университетінде рек­торлар сайлауы осы Жарлықтан 70 жыл бұрын енгізілген. Ал Түркияда ректорларды министрлік та­ғайын­дайды. Үш үміткердің кандидатура­сы ұсынылады, олар­дың ішінен біреуін министрлік ректорлық қыз­метке тағайындайды. Ал Еуропада ректор таңдаулылар қатарынан болуы керек деген ереже бар. Еуропа елдерін­де жо­ғары оқу орындарының басшыларын тағайында­май­ды, таңдайды. Мәселен, Оксфорд универси­те­тінде ректор сайлауы ең алғаш рет 1230 жылы өткен, содан бері оқу орны дәстүрінен жаңылмаған. Осыған қарап, мүйізі қарағайдай әйгілі университеттердің тәжірибесіне біртіндеп бейімделу жаман жаққа жетелемес деп ойлаймыз. Білім саласына жан-жақты ойластырылған, жүйелі реформа жетіспей тұрғалы қашан. Білімдінің мыңды жығарын қаншама ғасыр бұрын түсінген дамыған елдермен бірден тереземіз тең бола кетеді деу – әрине утопия, әзірге болмасақ та, ұқсап бағудың өзі жақсы жаққа бастайтын алғашқы соқпақ болар деген үмітіміз бар.