Елордаға ПТР анықтамасыз ұшып келген 122 жолаушы карантинге жатқызылды
Елордаға ПТР анықтамасыз ұшып келген 122 жолаушы карантинге жатқызылды
Нұр-Сұлтан қаласына Turkish Airlines, Air Astana мен Flydubai әуе компанияларының ұшақтарымен ұшып келген 122 адам ПТР-тест анықтамасының болмауы салдарынан карантиндік стационарға жатқызылды.
Әуежай өкілдерінің хабарлауынша, аталған ұшақтардың бортында барлығы 828 жолаушы болған. Олардың арасында жоғары дене қызуы бар адамдар анықталмаған.
Ал індет жұқтырмағанын растайтын анықтамасы жоқ 122 жолаушы карантиндік стационарға жатқызылды. ПТР-тесттен өткеннен кейін жолаушылар үйлеріне жіберіледі. Ал егер олардың коронавирус жұқтырғаны белгілі болса, инфекциялық стационарда емделеді.
Еске сала кетейік, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің ҚР мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулысына сәйкес, 6 қазаннан бастап жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтілді.
Жаңа қаулы тәртібі бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда кіруге жіберілмейді.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша 5 қазаннан бастап Қазақстаннан Түркияға әуе рейстерінің саны қысқарды. Бұдан бөлек, Қазақстан өзге мемлекеттермен қосымша әуе қатынастарын жандандырмайтын болды.