«Әр қазақ – менің жалғызым» ба?..

«Әр қазақ – менің жалғызым» ба?..

«Әр қазақ –  менің жалғызым» ба?..
ашық дереккөзі
Мына аласапыран заманда қазақ баласы өзінің ұлтының кім екенін білсе де, соның қадірін жете түсіне ме? Он бес ғасырдан аса уақыт қалыптасқан қазақи болмыс тұрғанда түбімізді іздейміз деп арғы тарихты қазақтан жоғары қойып, бергі дәуірде жеткенімізге шекелей қарап, кемсіткіміз келе беретіні несі? Немесе... қоғамдағы жаман әдетті сынамақшы болғанда, оны күллі қазаққа жаба салу әділетті ме? Түп-тегіміз бір дей тұра бөлінуге дайын тұратын тайпашылдық мінезден неге арылмаймыз? Мемлекетке атын берген халықтың өкілдері өзге тілде сөйлеуге әуестігін ақтауға бола ма?.. Қазақ туралы ойлағанда, осы секілді қаптаған сұрақ қазағына шынымен жаны ашитын әрбір саналы азаматтың миын қайнатары сөзсіз. Бірақ тарих оқысақ, түбімізге үңілсек, ұлы жұрттың ұрпағы екенімізді біліп, бүгін де тәуелсіздігін ту еткен еңселі елдің азаматы екенімізді сезер едік. Біздің қасіретіміз – өзімізді танымауда...

  «Қазақлықтан» Қазаққа жеткен елміз

Жер бетіндегі жеті жарым миллиард­тан аса адамның нәсілге, ұлтқа, дінге, жерге бөлінетіні бәрімізге белгілі. Алай­да соларды санаулы дін мен халыққа біріктіріп жіберуге тырысу  барлық  дәуірде тыйылған емес. Қазір де солай. Әйтсе де, ондай жұтылуға жол бермей тұрған жалғыз болмыс – ұлттық ерекшелік. Сондықтан әр адам ұлттық сипатына ие болып, тегі мен дұрыс тарихын жақсы білгені абзал. Осы орайда, бізге қазақ деген атау қашан, қалай пайда болды, ол қалай үлкен елге, біртұтас рухани болмысқа айналды деген сауалдар маңайында аз-кем ойланып көрген дұрыс. Қазақ дегенде есімізге ең алдымен түсетіні 1465 жылы құрылған Қазақ хан­дығы. Ол дұрыс.  Себебі бұл мемлекет өзіне қазақ атауын алып, мемлекет құраушы халықтың ұлттық аты қазақ болды. Бірақ «қазақ» атауы аспаннан түскен сөз емес-ті. Ол бұрыннан бар еді. Себебі Қытай мен Еуропа арасындағы сайын далада ғұмыр кешкен, тайпалар бірлестігінен үлкен им­перияға дейін өскен мемлекеттің тұр­ғындары көшпелі өмір салтын ұстанған ержүрек жауынгерлер еді. Олар азаттықты, еркіндікті сүйді. Бір жерге қадалып қоныстанбай, үнемі көшіп-қонып жүрді. Кейде қандай да бір әділетсіздік көрген адамдар тобы патшаларына бағынбай, бөлек кетіп өмір сүруге дағдыланды. Оны «қазақлық ғұмыр кешу» деп атаған. Бұл тұрмыс салты сырттағылар үшін еркіндік, азаттықтың символы саналған. Белгілі парсытанушы ғалым Ислам Жеменейдің айтуынша, «қазақлық» – парсы тілінде де «еркін өмір сүру» мағынасын береді екен. Жалпы, әлемнің көптеген ғалымдарының бұл мәселеде ойлары орайлас, яғни «қазақ» этнонимінің пайда болғанына 10 ғасырдан асты деп тұжырым жасайды. Демек, анау 10 ғасырдың арғы жағындағы «қазақылықта ғұмыр кешкен» халық пен бүгінгі қазақтың арасында рухани-генетикалық  жағынан үзілмеген сабақтастық бар! Арғы жағының болжамы көп десеңіз, бергі жағында да небір қызықты де­ректер табуға болады. Мәселен, бізбен түбі бір ноғай халқының халық жырларына қарасаңыз, «қазақлық» сөзінің мағы­насын көнеге тартып, арғы дәуірдің қымбат елесін көз алдыңызға әкеледі: Қазақлықта минген арық әт, Байлардың семизине мәтәрмиз. Қазақлықта киген сұр шепкен, Байлардың шұғасына мәтәрмиз. Қазақ ерлер көп иәтсә, Алтын-күмис табар мә, Қазақ ерлер қәқірмәй, Қанлы көбик түкирмей... Демек, мына өлең арқылы ноғай ер­лерінің де «қазақшылық» құрғанын байқау қиын емес. Тарихқа үңіле берсек, башқұрт қазақтары, татар қазақтары, қырым қазақтары, өзбек қазақтары, сирек жағдайда қызылбас (иран) қазақтары  да болғанын кездестіреміз. Демек, Ұлы дала тұрғындарын бір кезде өмір сүру салты біріктірсе, замандар өте келе ол рухани тұрғыдан біртұтас елге айналды. Оның ұрпақ­тарын бүгінгі ғалым-тарихшылар да, жүйрік шежірешілер де ажыратып, бөле алмайды. Өйткені Сыр сүлейі – әйгілі шайыр Базар жырау Оңдасұлы айтқандай: Атамыз алыс болғанмен жамиғы қазақ бір туған, Тозғанмен түрі өзгермес, тұтқасы күміс жез құмған. Бір кезде сырттағы ел өмір сүру салтын жоғары бағалаған, азаттықты аңсағандар символ еткен «қазақлықтың» рухани болмысқа айналып, ерекше ұлттың негізін қалауы адамзат тарихында сирек кездесер феноменді құбылыстың бірі. Ендеше ешбір ұлт, ешбір мемлекеттің алдында төменшіктер жайымыз жоқ екенін біле жүру артық емес. Дәуірлер дауылы тудырған түрлі текетірестің кезінде зиян шекпей қал­ған халық сирек. Шыңғыс ханның шапқыншылығынан күні кешегі қызыл империяның тепкісіне дейін не түрлі қатыгез қан-қасаптан құрып кетпей аман қалған халықтың көрмегені жоқ. Бірақ ешбір дұшпан оның түбіне жете алмады. Өртеп жіберсе де күл арасынан дүр сілкініп қайта шыға беретін аңыздағы Феникс құсындай халықтың тұқымын тұздай құрта алмағандар оның рухына шабуыл жасамай жеңе алмасын білді... Ғылым мен техника атаулы саф жаратылысқа қиянат жасамай тұра алмайды.  Адамдардың ойына ойнақ салатын саясат пен психологияны, тіпті фи­ло­софияның өзін өзгені өзіне басыбайлы құл қылу үшін пайдаланғандардың діттеген жеріне жетпей қалғаны аз. Басында ұзақ жылдар бойы көп күш жұмсау арқылы қазақты дербес мемлекетінен айырып, біржола бағынышты қылдым деп санаған орыс империясы кейін діні мен тіліне берік халықтың түптің түбінде бой бермей кететінін сезе бастады. Сезбес те еді, егер Кенесары Қасымұлы секілді хан мен Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, Есет Көтібарұлы секілді батырлар бастаған қазақтар орысқа қарсы шаппаса! Міне, осылардың бәрін от қарудың күшімен жеңген Ресей патшалығы ендігі жағында қазақтарды шоқындыруға, орыс оқуын оқыту арқылы миына орыс өнеріне табынушылықты сіңіруге шындап кірісті. Бірақ оның өзі де хат танудан әріге жібермейтін қулық еді. Біртұтас мемлекетінен айы­рылған халық оп-оңай тайпашылдық­тың ықпалында кетпей қайтуші еді? Қазақтың осы бір әлсіз тұсын шеберлікпен пайдаланған орыс ұлықтары елді билікке таластырып, ауызбірлігінен айырды. Кейін Патша үкіметін құлатқан қызыл империя да қазақтардың жетілгенін, аузының бір болғанын қалаған жоқ. Оның соңы қазақ­тың өз жерінде азшылыққа айналып, орыс­тілді болып кетуіне жеткізді. Осылайша, замана зауалдарынан рухы аман қалған қазақтың жартысы ұлттық мәдениетін сақтап қалса, қалған жартысы өзге тілде сөйлейтін немесе қазақша нашар білетін шалақазақтарға айналды. Ең жаманы, бір ұлттың идеялық тұр­ғыдан бөлініп кетуі. Бүгін сол қа­сірет біздің басымызда бұлттай түнеріп тұр. Ал одан қашан арыламыз? «Қазақлықтан» Қазақ еліне айналған халықтың бүгінгі уайымы – сол. Жалғызыңдай сүйе алсаң әр қазақты... Ұлтын мақтаныш ету дарақылық емес, егер дарақылық болса ешкім өз ұлтының жеңісіне қуанып, жеңілісіне мұңаймас еді. Сондықтан ұлтының жетістігі кө­кірегіне мақтаныш сезімін оятатын азаматтар әрдайым рухты, өр. Рух асқақтығы құлаған жерде ұлт та жоқ. Ел бар ма қайда барсаң қазағымдай, Қайыры астананың қазанындай, – деп жырлаған екен бір айтыста атақты шайыр Әбубәкір Кердері. Ұлтын жақсы көру сезімі адамдарды топтастырады, топтастырады да ұлтты күшейтеді. Сондықтан болар кез келген ұлттың өкілі өз халқын мақтаған сөзді сүйсіне тыңдап, еңсесі көтеріліп тұрады. Ұлтты көтере мадақтау да рух беретініне, ол рухтың кейде тарихи оқиғалар орын алған кезде жеңімпаздыққа жетелейтініне мысал көп. Біреуін ғана айтып өтейік: өткен ғасырдың 50-жылдарында КСРО-ның әпербақан басшысы Н.Хрущев «Тың және тыңайған жерлерді игеру керек» деген сылтаумен қазақ даласына ресейлік қамаудан шы­ғып, қаны бұзылған ұры-қарыларды қаптатып жіберіп, кейін «Патша өзінің барлық әдістерін қолданып, бұл аймақты ұзақ мерзім ішінде орыстарға толтыра алмаса, мен советтік тәсілмен бір демде тол­тыр­дым» деп көкігенде, жүрегіне шер бай­ланған қазақтың ұлы композиторы, сол кезде 26 жастағы Шәмші Қалдаяқов ән шығарып, оған 21 жастағы талантты ақын Жұмекен Нәжімеденов өлең жазып, дүниеге «Менің Қазақстаным» атты ғажайып ән келген-ді. Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Думанды бастады, Далама қарашы! Кең екен Жер деген, Жерге дән шықты ғой, Дән егіп терлеген Қазағым мықты ғой! Менің елім, менің елім Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным! – деп ас­қақ пафоспен шырқалған ән 30 жылдан соң, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарына рух берсе, тағы 20 жыл­дан соң Қазақстанның Әнұранына ай­налды. Өйткені бұл шығарманың иелері – халқын, қазағын сүйген жүректер. Ал сол Желтоқ­санда өрімдей қазақ жастарын қорғап, қанқұйлы мемлекеттің қаныпезер басшыларына қарсы сөйлеген Жұбан Молдағалиев қандай ақын еді? Ол да ұлтыңды ұлықтауға рұқсат бере бермейтін заманды: Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген. Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым. Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым. Сансыз басты диюдей сан тіріліп, «Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым. Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен Европа да, Азия да емеспін мен. Аралықпын, жетінші материктей, Бірақ барша адаммен тел өстім мен, – деп қазақты асқақтата жырлаған. Цензурасы сәл қисайған әріпті жіберткізбейтін кезде «шындықты өткізу үшін ішіне өтірік қосуға» (Қадыр Мырза Әли) мәжбүр болған ақын, ара-арасында Ленинді, Компартияны ма­дақ­таған болып отырып, қазақты көкке кө­тере шалқытудың жолын тапқан. Жарты­лай саясатшыл көрінетін, бірақ түпкі мұра­ты  ұлтты жырлау болған «Мен – қазақпын» поэмасы сол тұстағы күллі қазақ үшін қас­терлі дастан еді. Ол да қазақтың ұлттық се­зімі әлсіреп бара жатқанда лап етіп жан­ған жалындай халықты бір сергітіп, ұлт ру­хының өлмейтініне сендірген болатын. Міне, осындай өткелектен өткен қа­зақ рухы Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген кезде бізге ең керегі, ендігі жағындағы құбыланамамыз – ұлттық бірлік пен бауыр­малдық екенін сездік. Сол тұста қазақтың отты ақыны Сабыр Адай: ...Көрсетпе, Құдай, сен енді Ноқталы жаттың жетегін. Асыр сап ерке ұл-қызым, Сүйдірсін гүлге етегін. Әр қазақ – менің жалғызым, Жалғыздың тілеп тілегін, Жалғаннан мәңгі кетемін! – деп жыр төгуі де сол қазақ бірлігі деген құдіретті тұ­­ғырына қондыру керек екенін сезуі еді. Нағыз дер кезінде айтылған сөзді қалың қа­зақ та аузынан тастамай, жиі айтатын тәм­сілге айналдырды. Ол сөз («Әр қазақ – ме­нің жалғызым»), тіпті мемлекет бас­шы­лары­ның баяндамаларында айтылды. Алай­да қазаққа деген шексіз махаббаттан ту­ған жалқы жырды жете түсінбегендер де, тү­сініп тұрып ұнатпағандар да табылмай қал­ған жоқ. Мәселен, ақын Иранбек Оразбаев: «Әр қазақ – менің жалғызым» емес, Әр қазақ менің өзіммін»  деп асыра сіл­тегісі келді. Сондай-ақ  белгілі әдебиет сыншысы Аманкелді Кеңшілікұлы «Қазақты сүю» деген кітабында (Алматы, «Өнер» баспасы, 2008ж.) былай деп жазды: «Құдай сені адам қылып жаратқан соң расында да бар жан-тәніңмен хайуандықтың аралынан алыс жатқан нұрлы әлемді сүйгің келеді. Ал адамдық қасиеттен жұрдай, өтірік өмір сүруді дағдыға айналдырған, келер ұрпақтың несібесін жеп, өз халқын сүлікше сорып, ішкен-жегеніне мәз-мейрам болып, бар байлығын сырттан келгендерге үлес­тіріп беріп, туған бауырын сыртқа тебетін, Абай атамыз айтатын «надан» қазақты сүю мүмкін бе? Жо, жо, жоқ. «Әр қазақ – менің жалғызым» (Сабыр Адай) деп елеуреп, халықты өтірік  алдап, қызыл тілдің шешені бол­май-ақ қойыңыз. Жүз жерден тырыс­саңыз да, мұндай қазақты сіз шын жүре­гіңізбен сүйе алмайсыз. Мұндай қазақ сүй­­сеңіз, күндердің күнінде сіз де сол хайуан­дыққа бет алған азғын тобырдың ара­­сынан табыласыз. Қазақтың көп жағ­дай­да қатыгез, қайырымсыз келетін себебі – өз халқына деген шынайы махаббатының жоқ­тығынан». Алдыңғы екі жол өлеңде бір ақын­нан асып түскісі келген екінші ақын­ның пенделігінен туған сәтсіз жыр жолдары десек, екінші мысалдағы әдебиет сыншы­сының ойы екіұштылау болып қалған. Әри­не, халыққа жаны ашыған болып ұпай жи­науға дайын тұратын ұятсыздау по­пулистердің ел құлағына жағатын сөздерді өз мақсатына пайдалануы әбден мүмкін, бі­рақ Аманкелді Кеңшілікұлының «Әр қазақ – ­менің жалғызым» (Сабыр Адай) деп елеуреп, халықты өтірік алдап, қызыл тілдің шешені болмай-ақ қойыңыз» деген сөйлемі ана бір суайттардан гөрі, халқын сүйгеннен басқа кінәсі жоқ ақынды мұқатқандай ың­ғайсыз естіледі екен. Өйткені дұрыс сөздің өңін айналдырып, ұлтты бірлікке шақы­ра­тын ұраннан елді шошытып алып жүргендер аз емес бүгінде. Иә, «Әр қазақ – менің жалғызым» де­ген сөз кім не десе де, ұлт бірлігі жайлы әңгіме қозғалғанда еске түспей тұрмайтын ұранға айналып барады. Бірақ бір кебісті бір кебіске сұқпаса отыра алмайтын сұғанақтар қазақ бірлігі, ұлт тұтастығы туралы сөз болған жерде тілі жөнінен қа­зақты «нағыз қазақ» пен «шала қазаққа», ісі жағынан «жемқор» мен «әділетшілге», се­ні­міне орай «діншіл» мен «атеистке», бағыты жө­нінен «билікшіл» мен «оппозиционерге» айы­рып, жіктеуге құмар-ақ. Тіпті, сондай кез­де әр қазақ бір-бірін жалғызындай көре ал­майды деп, дүниедегі жамандық атау­лы­ның бәрін өз ұлтына теліп, жер тепкілеп оты­рады. Ашығын айту керек, «Іш ауыру жө­німен кетпейді, дамбалды ала кетеді» де­мек­ші, он­дай­лардың сөзіне бас шұлғып, шын­­­дық деп қа­былдайтындар аз емес. Ол – үлкен қасірет... Ұлт бірлігі, мемлекет тұтастығы мә­се­лесі сынға түсіп тұрған кезде сөз ер­кіндігін малданып, өзгенің руын кемсітіп, сондай-ақ  өз руы жайында небір «керемет» аңыз­дарды ойлап тауып жататын тайпа­шылдықтан; қайсыбір жерде жаман қыл­мыс­тар орын алса, сол облыстың адамдары­на күйе жаға салуға дайын тұратын ұят­сыздықтан, біреуді біреуге айдап салуды па­рызындай көретін пәлеқорлықтан арылмай тұрып, елдік мәселе жайында әңгіме айту ыңғайсыз сияқты. Бірақ бір нәрсе аян, ермеліктен, анығын білмей сене салатын аң­қаулықтан абай болсақ, ел ішіне жік сал­ғыштан қорықпауға болады. Себебі арандатушылар қашанда қалың қол болған емес. Орыстың даңқты жазушыларының бірі Федор Достоевский: «Сұлулық әлем­ді құтқарады» деген екен. Оны тура тү­сінген біреулер жазушының сөзін «сырт­қы сұлулық» деп ұғатын тәрізді. Біздің жазу­шының астарлап отырғаны «жан сұлу­лығы» болса керек. Жан сұлулығы адамгершілік қой. Ал адамгершілік деген – әділет. Әділет ақиқатқа жеткізеді десек, бізге керегі – бір қазақтың екінші қазаққа деген жек көру сезімінің болмауы. Қызғаншақтықтан арылсақ, қиянат етуден тыйылсақ, әр қазақ бір-бірін туыс­­­қандай көрмес пе еді? Сонда «Әр қазақ – менің жалғызым» деп ұялмай, шын көңілден айтып, сол сөзге шүбәсіз сенер едік қой. Ен­деше біздің бағытымыз сол болуы керек.