Тұңғыш қазақстандық мессенджер iTys-тың қолданысқа енгеніне көп бола қойған жоқ. Android операциялық жүйесінде тәжірибеден өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеген қосымша енді iOS платформасы үшін де қолжетімді болды.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде iOS платформасына арналған iTys-тың таныстырылымы өтті.
Қазақ әліпбиінің барлық әріптері енгізілген iTys мемлекеттік тілде хабар алмасуға мүмкіндік береді. Бұл оны қазіргі кезде қолданыста жүрген белгілі мессенджерлерден даралап, әрбір қазақстандыққа арналған, толықтай ұлттық ІТ-өнім ретінде таныта алады. iTys қосымшасының ең басты ерекшелігі – оның ұлттық мәнерде айшықталған, мемлекеттік тілде қолдануға болатын эксклюзивті интерфейсі мен мәзірі. Мессенджердегі барлық смайликтердің қазақтың ұлттық нақышында жасалуы да тартымды. Қосымшаның тағы бір маңызды қыры– басқа мессенджерлер сияқты жүктеу үшін төлем талап етпейді. Кез келген адам оны iTys.kz сайтынан тегін жүктеп алып, тегін қолдана алады. Брифинг барысында қор директоры iTys-тың тағы бір ерекшелігін атап өтті. Мессенджерде жеке хаттардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін хабарламаларды автоматты түрде өшіру функциясы бар екен. Төл өнім барлық жағынан бәсекеге қабілетті.