Праймериз өркениетті өзгерістерге деген үміт пен құлшынысты көрсетті

Праймериз өркениетті өзгерістерге деген үміт пен құлшынысты көрсетті

Праймериз өркениетті өзгерістерге деген үміт пен құлшынысты көрсетті
ашық дереккөзі
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: – Қоғамда әжептәуір сілкініс туғызған Праймериз мәресіне келіп жетті. Оған қатысты елімізде түрлі, көбіне сыни пікірлер мен күдіктер айтылды. Десе де Қазақстан үшін пайдалы сынақ болды деуге негіз жеткілікті. Біріншіден, оған 10 мыңнан астам азаматтың, әсіресе жастардың қатысуы, оларды қолдап 600 мыңнан астам адам белсене дауыс беруі қоғамдағы өркениетті өзгерістерге деген үміт пен құлшынысты көрсетті. Екіншіден, Праймеризде орын алған келеңсіздіктерді бұрынғыша жасырмай, «Nur Otan» партиясы ашық түрде мойындап, кінәлілерді жауапқа тартқаны биліктің жаңашылдыққа бет бұрғанын айғақтайды. Үшіншіден, осы дода барысында елді революциялық емес, өркениетті дамыту жолын таңдайтын азаматтар жақсы тәжірибе жинақтады, саяси қайраткер ретінде ысылды. Рас сайыс болғаннан кейін біреу жеңіске жетеді, енді біреудің жолы болмайды. Алайда жеңілгендердің басым бөлігі дебат пен дауыс беру тәртібіне шүйлікпей түсіністік танытқаны, тіпті басым түскен кешегі бәсекелестеріне сәттілік тілеуі құптарлық шаруа. Өйткені бұл атақ пен мансап қуалау емес, ұлттық мүдде аясында бас қосқан қоғам белсенділері сахнаға шыққанының айқын көрінісі. Бұдан бөлек елімізде айқайшылдық, төзімсіздік, менменшілдік орнына өркениетті елдерге тән саяси мәдениет қалыптасып келе жатқаны қуантады. Елімізде демократияға бір табан жақын игі дәстүрлердің орныға бастағаны жағымды құбылыс.