Жаңалықтар

Зейін Сабырқұлов: Праймериз – елдегі сайлау парадигмасын жаңғыртады

ашық дереккөзі

Зейін Сабырқұлов: Праймериз – елдегі сайлау парадигмасын жаңғыртады

Зейін Сабырқұлов, саясаттанушы: Жалпы, ашық праймериз – сай­лауға билеуші партия атынан түсетін ең үздік үміткерлерді ірік­теп алуға да, сонымен қатар элек­тораттың ынта-ықыласын күшей­тіп, оны парламенттік додаға жұ­­­мылдыруға да мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда «Nur Otan» праймеризі – тек ішкі пар­тиялық шара болумен шектел­мей, жалпы мемлекеттік мін­дет­терді шешуге де қызмет етеді. Индивидуализм шарықтау шегіне жеткен біздің заманы­мыз­да әлемдегі барлық елде сайлау се­кілді мемлекет өмірі үшін аса маңыз­ды саяси науқанға қоғам, әсі­ресе жас ұрпақ тарапынан қы­зығушылық төмендеуде. Бұл сая­си процестерден халықтың басым бөлігінің тыс қалуына соқтырады. Тиісінше, демократиялық ұстын­дар әлсірейді. Мұндай жағдайда дүниежүзін­де үгіт-агитациялық емес, жұмыл­дыру-мобилизациялық техноло­гиялар танымал болуда. Соның бір тетігі саналатын, ашық пікір­сайыс­тарға құрылған праймериз бұқараның саясатқа тартылуына серпін беруі тиіс. Сондай-ақ бастапқы іріктеу кезінде-ақ сайлаушылардың басым даусын жиып, «қалаулы» мәртебесін иеленген адамдардың кейін Парламент депутатына айналуы заң шығарушы биліктің легитимділігін арттырады. Біз тілдескен халықаралық са­рап­шылар «Nur Otan» партия­сы­ның праймеризі – оның заң жү­зінде қол жеткізген саяси үс­тем­­ді­гін ары қарай сақтауға ықпал ететін қуатты тетік деген байлам айтты. Аталған шара қазақстан­дық­тарға кандидаттарды жақынырақ, жақсырақ тануына, ал үміткерлер­ге сайлаушыларды мазалайтын мә­селелерді түсінуіне жол ашады. Осының арқасында өз өңірінің, қоғамның әртүрлі қабатының мүд­делерін шынайы ұсынатын және оның түйткілдерінің нақты ше­шімін білетін адамдар депутат­тық корпусқа өтеді. Мұндай Пар­ла­мент тиімді және жұмысқа ба­рын­ша қабілетті болмақ. Осылайша, Мәжіліс пен мәс­лихаттар сайлауы қарсаңында «Nur Otan» партиясы елде сайлау өткізудің отыз жылдан астам уа­қыттан бері қалыптасқан пара­диг­масын түбегейлі өзгерткелі отыр. Бұл ретте партия бұрынғы­дай өз тізіміне кіретін тұлғаларды та­ғайындайтын орган рөлінен ке­теді де, енді сайлаушы мен үміт­кер арасындағы ізгі араағайын қыз­метін атқарады. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясына болашақта сайлаушыларды сайлауға белсенді қатысуға үндеудің, яғни бил­бордтар іліп, ақпарат құралдарын­да жарияланым орналастырып, қаржы шығындаудың, осы бағыт­та орасан зор күш жұмсаудың қа­жеті болмай қалуы мүмкін: өзі қа­лаған тұлғаны Парламент не­месе мәслихат төрінен көру үшін қазақстандықтардың әр тобы дауыс беруге өз еркімен құлшына жететін болады. Билеуші партияның прайме­ри­зі барынша ашық, әділ, әрі де­мок­ратиялық сипатта өтіп, ел көңі­лінен шығады деген үмітте­мін.