Тіл үйірген торлама қауын қиыр елдерге де тасылмақ

Тіл үйірген торлама қауын қиыр елдерге де тасылмақ

Тіл үйірген торлама қауын қиыр елдерге де тасылмақ
ашық дереккөзі
Шардара, Отырар аудандары мен Түркiстан, Арыс қалалары жүгерi мен көкөнiс өсiруге қолайлы. Сондықтан осы аймақтарда жаңадан 80 мың гектар жер айналымға қосылып, 20 мың гектардан астам жердiң су жүйелерi жаңғыртылады. Мал азығына деген сұраныс қай кезеңде де өзектi. Осы сұранысты өтеу мақсатында Отырар ауданында қосымша жүгерi өңдеу және сақтау зауыты салынады. Дайын өнiмдердi нарыққа шығару да – үлкен табыс көзi. Бұл ретте Шымкент қаласында көлiк-логистикалық орталығының құрылысы жүрiп жатыр. Осындай орталық Түркiстан, Сарыағаш қалаларында да бой көтередi. Осы орталықтарда диқандар қысқа дейiн өнiмдерiн сақтай алады. Бұзылмай жақсы сақталған көкөнiс қыста үлкен сұранысқа ие. 2016-2020 жылдар аралығында Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Түлкiбас, Сарыағаш аудандары мен Арыс, Түркiстан қалаларында да жемiс-жидек және көкөнiс алқаптарының көлемiн арттыру жоспарланған. Аталған аудандар мен қалалар өңдеу бағытына бет бұрып, өнiмдердi нарыққа шығару жолдары қарастырылып отыр. Шiлiңгiр шiлденiң аптап ыстығында Мақтааралдың қай түкпiрiне барсаңыз да қыз-қыз қайнаған еңбектiң үстiнен түсесiз. Әсiресе, бау-бақша өсiрушiлердi тек дала төсiнен табасыз. Себебi қазiр пiскен өнiмдi жинаудың дер шағы. Мырзашөлге ат басын тiреген БАҚ өкiлдерi егiстiк алқаптарды аралап, диқандардың жұмыстарымен танысты. Жолдасбай Ералиев атындағы ауыл округiнің әкiмi Қ.Ақышев бүгiнде ауданда өндiрiлген 128700 тонна қауын-қарбыздың 57300 тоннасы осы округ диқандарының үлесiнде екенiн мақтанышпен айтса, Мақтаарал ауданының әкiмi Жамантай Бейсенбаев жаңа инновациялық технологиямен бақ өсiрiп отырған «Аботя» шаруа қожалығының еңбегiн кеңiнен баяндады. Қожалық агрономы Сұлтан Жолдасбаев бақтың 12 гектарында алманың «Гала», «Голденделишес» сорттары, 8 гектарында жүзiмнiң «Виктория», «Султанина», «Мускат» сорттары өсiрiлiп жатқанын айтты. Бағбанның айтуынша, «Виктория» сортты жүзiмнiң бiр бұтағы 1,5-4 келi, түбi 15 келiге дейiн өнiм бередi. Соңғы 4-5 жылдан берi ауданда әртараптандыруды басты негiзге алған диқандар бақша өнiмдерiн өсiруге үлкен құлшыныспен кiрiскен. Ауданда биыл 23646,2 гектарға қауын-қарбыз егiлiп, одан 18 шiлдеге дейiн 54795 тонна қауын, 73905 тонна қарбыз жиналған. Бүгiнде оның 60-70 пайызы Ресейдiң Мәскеу, Санкт-Петербург, Солтүстiк, Сiбiр қалаларына, Белоруссия, Германия, Польша, Франция елдерiне экспортталды. Сонымен қатар, Астана, Алматы және елiмiздiң өзге де аймақтарына бақша, көкөнiс өнiмдерiн жөнелткен диқандар жылдан-жылға тәжiрибелерін арттыруда. Қауын-қарбыз, қызанақ, баклажан, болгар бұрышы, т.б. өнiмдердiң бағасы биыл жоғары болып, шаруалардың айы оңынан туып тұр. Мәселен, бастапқыда қауынның келiсi 374 теңгеден бағаланса, бүгiнде 80-100 теңге аралығында саудалануда. Ал, қарбыздың келiсi алғашқыда 120-140 теңгеден, бүгiнде 20-30 теңгеден сатылуда. Биыл 17225 гектарға егiлген қауынның өзiнен орта есеппен кем дегенде 350 мың тонна өнiм алынады деген болжам бар. Бүгiнге дейiн мақтааралдықтар бақша дақылынан 5 млрд теңгеден астам табыс түсiрдi. Ал Намазбай Қуватовтың «Хает» шаруа қожалығы 10 гектарға қарбыз, 30 гектарға қауын егiп, бүгiнде 500 тонна қарбызды ТМД елдерiне жөнелткен. Ал қауын алқабының әр гектарынан орта есеппен 15-20 тоннадан өнiм жиналуда. Мұнда өнiмдi алқаптан жинау, сұрыптау және жүк көлiктерiне тиеу жұмыстарымен 30-ға тарта жұмысшы айналысуда. Олар қауынды Мәскеуге өздерi апарып саудалайды екен. Дәмi тiл үйiрген Мырзашөл қауындарына сұраныс жоғары.