Нұрлан Сейдалин: Праймериз – ел жастарына берілген таптырмас мүмкіндік
Нұрлан Сейдалин: Праймериз – ел жастарына берілген таптырмас мүмкіндік
Нұрлан СЕЙДАЛИН, «СейНұр» ЖШС Бас директорының орынбасары:
– Өз елімнің патриоты ретінде мені еліміздің болашағына қатысты мәселелер алаңдатады. Осы орайда, «Саяси билікте жастардың үлесі 20 пайыздан артық болу керек», – деген Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың сөзі мені қатты қуантты. Бұл – ел жастарына қаншалықты сенім мен үміт артылатындығының тағы бір дәлелі. Осы сенімді ақтау, қоғам алдында өз азаматтық борышымды өтеу, мемлекетіміздің болашағына, қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне тың өзгерістер енгізіп, оны жақсарту мақсатында мен праймеризге өз кандидатурамды ұсындым. Себебі праймериз бұл – еліміздің жастарына берілген таптырмас мүмкіндік деп білемін. Осы сайлауға түсе отырып өзім үшін жерлестерім, отандастарым алдындағы жауапкершіліктің қандай жоғары екенін сезіне алдым.
Жер шарында қоғамдық-саяси ахуал күн санап өзгеруде. Бір елдердің экономиканың түрлі бағыттарында жаңашылдыққа қол жеткізіп, дамып жатқанын көрсек, кейбір елдерде саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай, жұмсарта айтқанда, тіптен мәз емес. Бұл мемлекетімізде де әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың, саяси беріктіктің болуы үшін бар жағдай жасалуы керек екендігін көрсетеді. Бұл істе жастар қауымының ел игілігі үшін берері мол екенін түсінген «Nur Otan» партиясының саяси бағдарының оңтайлы жүзеге асырылып, заманауи сын-қатерлерге төтеп береріне сенемін.
Қай заманда болмасын жастар қоғамның басты қозғаушы күші болғаны белгілі. Бойында өз еліне деген ыстық ықыласы, туған жерге деген махаббаты, ойында мемлекетінің болашағын жарқын етуге бағытталған жаңашыл идеясы мол жастар республикамызға Тәуелсіздік сыйлаған, егемен еліміздің дамуы жолында алғашқы қадамдарын жасауға ықпал еткен аға буын өкілдерінің ізгі бастамаларын лайықты деңгейде жалғастырып қана қоймай, өздерінің заманауи көзқарастары шеңберінде мемлекетімізді дамудың жаңа деңгейіне жеткізеріне толық сенімдімін.