Мемлекеттік тапсырыс шетелдік компанияға берілген. Неге?

Мемлекеттік тапсырыс шетелдік компанияға берілген. Неге?

Мемлекеттік тапсырыс шетелдік компанияға берілген. Неге?
ашық дереккөзі
Бүгінде арнайы әлеуметтік топтарға тегін жасалатын ортопедиялық заттар қайда жасалады? Ертеректе еліміздің ортопедиялық зауыттары мен аяқ киім фабрикалары республика қажеттіліктерін толық өтейтін, яғни бұрын бұл шаруа Алматы қаласы бойынша ортез зауытында орындалатын болса, қазір еліміздің шекарасынан тыс жерде жасалып, тасымалданады-мыс. Олай болса аймақтардағы ортез зауыттары мен қаладағы ортопедиялық орталық не тындырып отыр? Мемлекеттік тапсырыс неліктен шетелде орындалады? Ал ең өкініштісі, осы шетелде жасалатын ортопедиялық өнімдер елге уақтылы жеткізілмейді екен. Редакциямызға арнайы хат жазған ана баласына тапсырыс берген жаздық аяқ киімнің Түркиядан әлі келмегенін айтып шағымданды. «Биыл бірінші рет тегін аяқ киімге тапсырыс бердік. Бұған дейін Алматы қаласы, Жібек жолы көшесіндегі Республикалық протезді-ортопедиялық зауыттан ақылы түрде жасататынбыз. Бір аяқ киім құны 15-20 мың теңге көлемінде. Бір ай көлемінде дайын болатын, егер мүгедектік туралы анықтама болса, аяқ киімнің тегін жасалатынын айтқан еді. Сондықтан осы зауытқа қандай құжаттар керек екенін білуге хабарласқанымызда, өз ауданымыз бойынша басқа орталықтарға жөнелтілетінін айтты. Содан әуелі Әлеуметтік бағдарлама және жұмыспен қамту басқармасынан жолдама алып, ортопедиялық өнімдерді жасайтын Medicare медициналық орталығына жолдамамен бардық. Бұл шамамен мамыр айының бас кезі. «Осы айдың аяғында дайын болады, өзіміз хабарласамыз» деді. Бірақ белгіленген мерзімде ешкім хабарласпады, өзіміз ізденгенде әлі дайын еместігін айтты. Міне, содан бері жаздың жартысы өтіп, тамызға жеттік. Енді жаздық аяқ киімнің бізге не қажеті бар? Жаз бітті ғой. Хабарлассақ, әлі дайын емес» дейді деп бастады ана. Осы сауалмен орталыққа біз де хабарласып көрдік. Медициналық орталықтың қызметкерлері келісімшарттың дайын еместігін айтып, өздеріне шаң жуытпады. «Келісімшарт әлі дайын емес екен. Сондықтан Түркиядан келетін ортопедиялық тауарлар кешігіп жатыр. Қалай дайын болады, барлығына таратып береміз», – деді. Бұл тапсырысты қашаннан бері Түркия орындайды? Осы сауалдардың жауабын білу үшін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасына бардық. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінетін протезді-ортопедиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 97436,0 мың теңге бөлінді. 2016 жылдың 19 сәуірінде Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасы мен «Medicare» медициналық орталығы арасында келісімшарт жасалды. Камералды тексеріс (19.05.2016) нәтижесінде мемлекеттік сатыпалулар бойынша заңбұзушылық анықталды, сондықтан 1 маусымда бұл орталықпен келісімшарт бұзылды. Қазіргі таңда протезді-ортопедиялық көмек көрсету бойынша орындалмаған қызметтерге жаңа конкурс жарияланды. Жаңа келісімшарт жасалған соң, мүгедектерге тиісті қызмет көрсетілетін болады. «Medicare» орталығының мәліметінше, орталықтың негізгі қызметі – денсаулық сақтау бойынша қызмет көрсету, оның ішінде протездеу мен протезді-ортопедиялық заттарды ұсыну (мемлицензия №16003509, 23.02.2016).  Ал қосалқы заттар мен қажетті материалдар ғана Түркиядан алынатынын айтқан жөн. Атап айтсақ, Proted түрік компаниясынан сатып алынады. Олай болса протезді-ортопедиялық заттар жеке тапсырыс бойынша өз шеберханаларында жасалады, арнайы мамандары бар», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасының басшысының орынбасары М.Отыншиев.

Түрік ортопедиясы бізден сапалырақ...

Түркияның тоқыма өндірісі әлемді мойындатып келеді. Әсіресе, Қазақстанда түрік тауарларына сұраныс көп. Ал ортопедиялық өнімдері отандық тұтынушылардың ризалығына ие болған. Редакциямызға хат жазған ана түрік ортопедиясын тегін алатынына әуелде қуанса керек. Тіпті түрік аяқ киімдерінің анағұрлым ыңғайлы екенін де жасырмады. «Біз баламызға аяқ киім таңдаймыз деп, нарықтағы тауарды түгел зерттеп, біліп алдық. Базарда Ресей, Беларусь, Польшадан келген ортопедиялық аяқ киімдер толып тұр. Жалпы сапасы жаман емес, бұрын осыған да қанағат еттік. Бірақ түркиялық аяқ киімдермен салыстыруға келмейді. Түркиялық аяқ киімдердің салмағы жеңіл, аяққа ыңғайлы, баулары мен жапсырмалары балаға оңай орнатылған, сыртқы сипаты да келісті. Мәселен, ортопедиялық зауыттан арнайы тапсырыспен жасатқан жаздық танкетканы екі жасар баланың аяғы көтере алмайды, салмағы өте ауыр, былғарысы да қалың және бір аяқтың қысқалығын толтыру үшін жасалатын ұлтарағы платформа секілді биік. Бала түзу жүруді емес, биік аяқ киім киіп жүруді үйрену үшін жасалатын сияқты» дейді ол. Қазақстан нарығында отандық аяқ киімдер бар шығар. Олардың көпшілігі бренд есебінде тігілетін болғандықтан, жекеменшік кәсіпкерлер қолында. Яғни баға жағынан қиындық тудырады. Сондықтан нарықта ресейлік фирмалардың аяқ киімі көп. Қазір түркиялық ортопедия біртіндеп танымалдылыққа ие болуда. Тіпті түріктің жай аяқ киімдерінің өзі де пайдалы ұлтарақпен жасалады. Осы бағытта елімізде Республикалық протезді-ортопедиялық орталық жұмыс жасап келеді. Республика өңірлерінде жеке цехтары да бар: Ақтөбе, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Орал және Шымкент қалаларында протезді шеберханалар орналасқан. Ал Алматы, Семей, Петропавл қалаларында орналасқан цехтар «Республикалық протезді-ортопедиялық орталық» ретінде қайта құрылып, бұған дейін ортезді өнімдерге мұқтаж жандардың тапсырысын орындап келген. Жыл сайын протездеу, ортезді-ортопедиялық өнімдермен қамтамасыз ету және оны қолдануды үйрету бойынша 900 миллион теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс берілетін, ал ақылы қызмет көрсету үшін 90 миллион теңгеге жуық сома бөлінетін.

Оралдық кәсіпкердің қолайлы қолөнері

Осы орайда оралдық кәсіпкердің қолөнері өзіне еріксіз назар аудартты. Ол ел бюджетінен мүмкіндігі шектеулі балаларға жұмсалатын миллиондаған қаржыны үнемдеудің жолын ұсынған болатын. Кезінде жол полициясында қызмет еткен инспектор екі аяғын бірдей үсітіп, кейін арбаға біржола таңылған. Десе де тағдыр сынына мойымаған ол қалыпты өмірге қайта оралып, бүгінде табысты кәсіпкерге айналды. Ол жетекшілік ететін цехта қазір бесік, сандық және өзге де ұлттық бояуы қанық жиһаз түрлері шығарылады. Жұмысшылардың дені мүгедек жандар. Шеберлер қолынан шыққан жиһаз түрлері әркез сұранысқа ие. Ас үй жиһаздары мен жиналмалы бесік те көпшіліктің көңілінен шықты. Қазір кәсіпкер сал ауруына шалдыққан балалардың бойын тіктеуге, сол арқылы дендеген дертті сәл де болса жеңілдетуге мүмкіндік беретін арнайы құрылғылар жасауға ден қойған. «Шетелдік станоктардың негізінде жасалғанымен, өзіміз де біршама жетілдірдік. Бірақ ресейлік баламасына қарағанда бірнеше есе арзан», – дейді кәсіпкер Біржан Қожақов. – Бұл вертикализатор деп аталады. Осының өзі шамамен 730 мың теңге тұрады. Ал мына кішірек вертикализатор шамамен 225-210 мың теңге тұрады. Осыны алуға көптеген ата-ананың қаражаты жетпейді. Мысалы, осыны 730 мың теңге емес, әрі кеткенде 100-120 мың теңгеге жасауға болады. Ал 220 мың теңгенің тіктеуіші 60-70 теңгеге жасалатын дүние. Алмалы-салмалы үстелі бар ортопедиялық орындықтардың да науқастарға көмегі мол. Егер бұл бағыттағы жұмыстарымыз қолдау тапса, қаншама бюджет қаржысы үнемделеді. Сол арқылы құны шетелдік өнімдерден бірнеше есеге арзан әрі сапалы өнімді өзімізде шығаруға мүмкіндік туар еді, – дейді кәсіпкер. Республикалық оңалту орталықтарында осы тіктеуіш, яғни вертикализаторлар сал аурынан шалдыққан балалардың аяқ-қолын тіктеуге, денесін ұстап тұруға және аяғын жазуға көмектеседі. Оны ағаштан жасайды, электронды технологияның қажеті жоқ. Бірақ бала бойын жазуда таптырмас құрал. Кәсіпкер тіктеуішті елімізде жасау арқылы бюджет қаржысын үнемдеп қана қоймай, мұқтаж жандардың алғасын да алар едік дейді. «Мысалы, ауыратын балаларға миллиардтап қаражат бөліп жатыр. Есептей беріңіз, бір-біреуі 730 мың теңгеден. Соларды біз 120-150 мың теңгеге жасайтын болсақ, бюджетке қаншама үнем болушы еді. Егер Үкімет қабылдап, субсидия беріп жатса, біз онда қосымша станоктар аламыз. Тағы қосымша адамдарды жұмысқа қабылдаймыз», – дейді кәсіпкер. Біржан Қожақов жетекшілік ететін серіктестік өңірдегі әлеуметтік мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Шеберлер қолынан шыққан өнімдердің алғашқы партиясы сырқат балаларға тегін берілуі мұның нақты дәлелі. «Шапағат» орталығында қазір ауыр науқасқа шалдыққан 53 балаға көмек көрсетіледі.  

Ақниет ОСПАНБАЙ