Елімізде интернет тарифі мен ұялы байланыс қызметі қымбаттады

6 қазан, 2020 / Асыл ТҰМАР
ашық дереккөзі
Елімізде интернет тарифі мен ұялы байланыс қызметі қымбаттады Биылғы жыл ішінде интернет тарифі 2,6, ал ұялы байланыс қызметі 1,7 пайызға қымбаттады, – деп жазды finprom.kz. Биыл қыркүйек айының басында Қазақстанда 24,2 млн ұялы байланыс абоненті болды. Бұл былтырдың дәл осы кезеңіндегі абоненттер санынан (25,9 млн абонент) 6,5 пайызға аз. Олардың 63,3 пайызы немесе 15,3 млн тұтынушы интернетке қосылған. Тіркелген интернет абоненттер саны да қысқарды: бір жылда 1,2 пайызға, яғни 2,5 млн абонентке азайды. Ұялы байланыс және тіркелген интернет абоненттері жалпы санының төмендеуіне қарамастан Қазақстанда байланыс қызметтерінің көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, биыл қаңтар-тамызда еліміздің телекоммуникациялық компанияларының байланыс қызметінен алған кірістері жыл ішінде 8,3 пайызға артып, 574,2 млрд теңгені құрады. Былтыр 519,9 млрд теңге болған еді. Кірістер өсімінің негізгі себептерінің бірі интернет-провайдерлер мен ұялы байланыс операторлары тарифінің көтерілуі болып отыр. Айталық, биыл тамызда 2019 жылдың тамызымен салыстырғанда интернет тарифі 2,6, ұялы байланыс қызметтері 1,7 пайызға қымбаттады. Интернет ұсыну қызметі саласындағы телекоммуникациялық компаниялардың кірістері жыл ішінде 13,2 пайызға өсіп, 213,4 млрд теңгеге жетті. Бұл телеком нарығындағы қызметтердің жалпы көлемінің 37,2 пайызын құрайды. Дегенмен, ұялы байланыс қызметтері көлемі де былтырмен салыстырғанда 1,5 пайызға артып,151,7 млрд теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде халыққа көрсетілетін ұялы байланыс қызметтері ақшаға шаққанда жыл ішінде бірден 5,1 пайызға көбейіп, 108,1 млрд теңгеге жетті.