Жаңалықтар

COVID-19: Ресей шекарасы қайта жабылуы мүмкін

ашық дереккөзі

COVID-19: Ресей шекарасы қайта жабылуы мүмкін

Ресей шекарасын қайта жабуы мүмкін. Өйткені елде індет жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Бұл туралы бүгін Федерация кеңесі әлеуметтік комитет басшысының орынбасары Валерий Рязанский мәлімдеді. Сенатордың айтуынша, тұрғындардың шетел асып, елге оралуы вирусты жұқтырғандар санының артуына әкеп соққан. Сондықтан мемлекет шекараны қайта жауып, халықаралық рейстер санын қысқарту мәселесін қарастыруда. Елдегі індетпен күрес жөніндегі жедел штаб дерегінше, өткен тәулікте Ресейде 10888 адам коронавирус жұқтырған. Бір күн ішінде 117 науқас көз жұмған. Пандемия басталғалы елде 1,2 миллионнан астам адамнан қатерлі вирус анықталды. Індетті жеңе алмаған 21 375 адам қайтыс болды. Ал әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 35,2 миллионнан асып жығылды. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет құрбандарының саны 1 037 914 жетті.