Жаңалықтар

Алматыда екінші модульді инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталды

ашық дереккөзі

Алматыда екінші модульді инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталды

Алматыда 300 төсек-орынға арналған екінші модульді инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталды. Аурухананың құрылысы 1 тамызда басталып, 1 қазанда аяқталды. Ол «Aport» сауда ойын-сауық орталығының жанында орналасқан және қалалық клиникалық инфекциялық балалар ауруханасының филиалы саналады. Госпиталь 12 блоктан тұрады, оның ішінде 8 палаталық бөлім бар. Онда 300 төсек-орын және 30 реанимация палатасы бар. Барлық төсектер медициналық газбен және өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Аурухана заманауи КТ, рентген, ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталған, сондай-ақ коронавирусқа арналған ПТР диагностикасын қосқанда зерттеудің барлық түрлері жүргізілетін өз зертханасы бар. «Әр блок жеке жұмыс істейді. Адамдар палатада оқшаулана алады. Соған барынша мүмкіндік жасалған. Палата 2-3 адамға арналған. Жуынатын бөлме,кір жуатын орын мен асхана бөлек. Алдынғы модульді ауруханаларда бұлар қарастырылмаған. Сонымен қатар, ауруханада оттегі станциясы бар», - дейді Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин. Клиникада пациентті қажетті тексеруден өткізуге мүмкіндік беретін диагностикалық бөлім бар. «Біздің қызметкерлердің тәжірибесі мол. Жұмысқа жаңадан қабылданғандар міндетті түрде екі апталық тәжірибеден өтеді. Мұнда 68 дәрігер, 172 мейірбике және 120 басқа да медициналық қызметкер жұмыс істейді. Оның барлығы қорғаныс костюмімен, маскамен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін қорымыз бар. Біз әртүрлі сценарийлерді әзірледік және кез келген уақытта науқастарға көмек көрсетуді басшылыққа алдық», - дейді Ержан Сералин.