Жаңалықтар

Жастар неге шет мемлекетте білім алуға құмар?

ашық дереккөзі

Жастар неге шет мемлекетте білім алуға құмар?

 Бүгінде білім іздеген жанның жолы ашық. Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар қаншама?! Әлбетте, жастардың шетелде білім алып, өзге мемлекетте тәжірибе жинақтағаны құптарлық жағдай. Бірақ шетелде білім алған жандардың кейбірі Қазақстанға оралуға құлықты еместігі тағы бар. Жалпы, жастар неге шет мемлекетте білім алуға құмар? Қазақстандықтардың шетелде білім алуы елімізге қаншалықты қажет? Ең тиімді жолын іздей ме?

Шетелде білім алудың жолы көп

 Бұрындары «шетелде оқып келді» дегенді жиі ести бермейтін едік. Бүгінде шекара асып, білімін жетілдіріп келгендердің қарасы қалың. Алайда таяқтың екі ұшы болатындығы секілді бұл мәселенің де оңы мен терісі бар екені айтпаса да түсінікті. Білімсіздің күні ғаріп екенін түйсінген бүгінгі жастар да, ата-аналар да жоғары білім алудың тиімді жолын іздейді. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алғаннан гөрі шет мемлекетте оқыған әлдеқайда жеңіл. Бұл ретте мектеп бітіруші түлектердің басты кедергісі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Мұны биылғы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген оқушылардың санынан-ақ байқауға болады. Статистикалық деректерге жүгінсек, 2016 жылы 120 мың түлек мектеп бітірді. Бірақ соның 87 мыңы ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Ал тестілеуге 84079 мектеп бітіруші қатысты. Айта кетейік, биылғы жылы республика бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 81,2 балды құрап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 79,4 балл болатын. Ең жоғары 125 балды биыл 19 түлек жинады. Ал 2015 жылы 5 мектеп түлегі ғана 125 балға қол жеткізген. 100-ден жоғары балл жинаған балалар саны – 16565. Тестілеу барысында шекті 50 балды 14252 түлек жинай алмады. ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектер қазір жоғары оқу орындарына құжат тапсыруда. Ал бірыңғай тестілеуге қатыспаған 33 мыңға жуық мектеп бітірушінің болашағы қандай болмақ? Олардың барлығы бірдей жоғары білім алудан бас тартты деп айта алмаймыз. Әдетте шетелдегі жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті жас түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан бас тартады. Себебі шетелде білім алу үшін қазақстандық ҰБТ сертификатының еш қажеті жоқ. Биылғы ҰБТ-ға қатыспаған мектеп түлектерінің барлығы бірдей шетелде білім алады дей алмаспыз. Десек те, олардың жартысынан көбі көршілес Қырғызстан, Қытай, Ресей елдерінен бастап, әрісі Ұлыбритания мен АҚШ-тың жоғары оқу орындарына құжат тапсыратыны белгілі. Бұл түлектердің еліміздегі оқу орындарында білім алуға талпыныс та жасамағанын ескерсек, жас талапкерлер үшін шетелде білім алған тиімді болып тұрған секілді. Оның үстіне елімізбен шекаралас жатқан кей мемлекеттер жыл сайын қазақстандықтар үшін білім грантын қарастырып отыр. Мәселен, биылғы жылы Ресей Қазақстанның жас талапкерлеріне 300-ге жуық білім грантын бермек. Қазірдің өзінде Ресейдің оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар саны 15 мыңға жуық екен. Ресей тарапынан бөлінетін білім гранттары, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қазақстандық білім ордаларына қарағанда арзан болуы еліміздегі жас буынның көрші елдің үлкен қалаларына кетуіне жол ашып отыр. Қытай Халық Республикасы да қазақстандық мектеп бітірушілердің беттерін қағып отырған жоқ. Мұның дәлелі – аспан асты елінде білім алуға баратын жастардың көптігі. Қытай мемлекеті қазіргі таңда шетелдік студенттер үшін бөлінетін білім гранттарына баса мән беруде. Сондықтан бұл елдің білім грантына қол жеткізу жеңілдеу. Оның үстіне, Қытайдың жоғары оқу орындарына құжат тапсырудың да ешқандай қиындығы жоқ. Яғни, талапкерлер ғаламтор арқылы құжаттарын қажетті оқу орнына жіберіп, Қытайдағы білім ордаларының жауабын күтсе болғаны. Әсіресе, оқу үлгерімі жоғары талапкердің Қытайдағы жоғары оқу орындарына қабылдану мүмкіндігі жоғары. Талабы таудай жастарға кез келген елде қолдау көрсетілетіні айтпаса да түсінікті. Мұндай қолдау әлем елдерінде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де жалғасын табады. Яғни, мемлекеттік білім гранты арқылы оқыған студенттердің жұмысқа орналасуын да қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, біздің елде оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі шешімін таппай келеді. Дипломы болғанымен, жұмыссыз сенделіп жүрген жастар қаншама?! Елдегі мұндай жағдайдан хабардар шетелде білім алған жастар осыдан кейін Қазақстанға оралуға қайдан құлықты болсын?! Ал жастардан қамқорлығын аямайтын өзге мем­ле­кеттер дарынды түлектерді өздерінде қал­дыру үшін барын салады. Осылай­ша, білікті жас мамандар өзге елдің әлеуе­тін арттыруға қызмет етеді. Өзге мемлекеттің азаматтарына тегін білім грантын үлестірген елдердің олардан қайтарымын талап ететіні сөзсіз. Сондықтан жат жұртта білімін шыңдағандардың айтарлықтай бөлігі оқу бітірген елінде қалатыны шүбәсіз. ЭЫДҰ білім беру институтының мәліметтері бойынша, шетелдік студенттердің 15-тен 35-ке дейінгі пайызы диплом алғаннан кейін өздері шетелде, көп ретте, білім алған елде жұмыс істеуге қалады. Соңғы деректер бойынша шетелде білім алатын қазақ студенттерінің саны 30 мыңнан асқан. 2016 жылдың басында Білім және ғылым министрлігі осындай мәлімет таратты. Оның ішінде 15 мың студент Ресейде, 10 мыңға жуығы Қытайда, қалған 5 мыңы Еуропа мен АҚШ-та білім алуда. Мемлекет тарапынан қарас­ты­рыл­ған білім грантына қол жеткізе алмаған талапкерлерге де шет мемлекеттерде білім алудың түрлі жолдары жетерлік. Мәселен, бүгінде әлемнің кез келген елінде жастардың білім алуына мүмкіндік беретін білім беру бағдарламалары бар. Осындай бағдарламалар арқылы құжаттарын рәсімдеп, шет мемлекеттерде білім алып жатқан қазақстандық студенттер де аз емес. Түрлі бағдарламалар мен арнайы гранттар арқылы елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттер де баршылық. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 7 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда.

 Шетелде оқу сән бе екен?

 Қазақстандық жастар шет мем­ле­кетте білім алуға құмар, өскелең ұр­пақтың мұндай ұмтылысын мемлекет те қолдап отыр. Ал алып Қытайда шетелде білім алушыларға қойылатын белгілі бір шектеулер бар. Аспан асты елі жылына оқу мақсатында азаматтарын жарты немесе бір жылдық білім беру курстарына ғана аттандырып, шекара асырады. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер. 120 миллионнан астам халқы бар Жапония мемлекеті де жылына 15-ақ азаматты шетелде оқытуға рұқсат береді екен. Мұның сыры неде? Халқының саны Қазақстаннан әлденеше есе артық бұл мемлекеттер азаматтарын шетел­де оқытудан неге қашады? Ал Қазақстан­да бәрі керісінше... Қазір әлемнің кез келген нүк­те­сінде білім алып жүрген қазақстан­дық­тарды кездестіруге болады. Шет мемлекеттерде білім алған жастар Қазақстанға қаншалықты жаңа идеялар мен тың жаңалықтар әкелуде? Олардың барлығы бірдей еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп жүр ме? Дегенмен шетелде білім алуға ниетті жастарды назарда ұстау аса маңызды. Себебі соңғы уақытта жат жұртта білім алып жүрген кейбір жастардың түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырап жүргендігінен жұрт хабардар. Білім іздеп кеткен кей жастардың темір торға қамалып, тіпті кейбірінің жат ағымның жетегінде кетіп жатқанына да дәлелдер жеткілікті. Шетелдік студенттерді қуана қарсы алатын мемлекеттер ара­сын­да көш бастап тұрғандардың бірі – Қытай. Аспан асты елінің Пекин университетінде шетелдік студенттерге арналған шәкіртақылар көптеп бөлінеді. Әсіресе, қытай тілі мұғалімдерін дайындауға баса мән беріледі. Қытай университеттері техникалық және әкімшілік базаларын жабдықтау, зерттеулер жүргізіп, шетелден мамандар шақыру үшін үкіметтен қомақты көлемде қаражат алатын көрінеді. Ал аспан асты елінде білім алудың ақылы түрі жылына 2 мың доллардан аспайды. Бірақ бұл елде қытай тілін білмегендерге білім де, қызмет те жоқ. Қазақ студенттердің таңдауы көп түсетін елдердің бірі – Чехия. Бұл елде білім алатын студенттердің қарасы қалың. Чехияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстан­дық студенттер көбінесе гуманитарлық ғылымдар, шет тілдері, халықаралық қатынас, бизнеске қатысты мамандықтар бойынша білім алады. Ал Жапонияда шетелдік студенттер үшін визалық тәртіп жеңілдетілген, тұрмыстық жағдай жақсартылған, жұмысқа орналастыру бағдарламалары қарастырылған. Жоғары оқу орындарында болашақ студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болуы мүмкін. Кей жерде жалпыұлттық бірыңғай емтихан тапсыруды талап етсе, кей жерде оқуға түсу үшін арнайы сынақтан өту қажет болады. Шетелден келетін барлық студенттерге қойылатын міндетті талап – жапон тілі бойынша біліктілік емтиханын тапсырды деген сертификаттың болуы. Оңтүстік Корея – студенттер саны бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Университеттерде шетелдік оқу орындарымен студент алма­су бағдарламалары жақсы жолға қойылған. Халықаралық рейтинг­тердегі беделін арттыру үшін мемлекет шетелдік профессорларды көптеп шақырады. Мемлекеттік жоғары оқу орындарына түсу үшін шетелдік абитуриенттер ел азаматтарымен бірдей бірыңғай емтихан және TOPIK тестін (Test of Proficiency in Korean) тапсырады. Сингапурдың білім жүйесі әлемдегі ең тиімді жүйе болып саналады. Мұнда әлемдегі ондаған жетекші университеттер өз филиалдарын ашқан. Ел үкіметі білім саласын дамытуға қомақты қаржы қарастырады. Сингапурда оқудың артықшылықтары – ағылшын тілі, британдық білім жүйесі, оқытудың әлемдік стандарттары, заманауи экономикалық талаптар, қауіпсіздік және өмір сүрудің жоғары деңгейі. Ал Малайзияда білім берудің халықаралық стандартын Білім министрлігі бақылап отырады. Барлық жекеменшік және кейбір мемлекеттік университеттерде оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, сол үшін Малайзияға шетелдік студенттер көптеп келіп, көпұлтты студенттік орта қалыптасқан. Малайзиялық және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік бағдарламаларының арқасында студенттер ең үздік деген әлемдік оқу орындарының дипломдарына қол жеткізе алады. Еуропалық жоғары оқу орында­рының рейтингінде австриялық уни­вер­ситеттердің де беделі жоға­ры. Мұндағы білім нысандары мен оқытушылар құрамының сапасын бүкіл әлем мойындайды. Жалпы, Австрия өзге елдерден келетін студенттерді қуана қарсы алады. Сондықтан елдегі университеттерде оқитын студенттердің үштен бір бөлігі – шетелдіктер. Ал АҚШ-та білім алудың өз басымдықтары бар. АҚШ-та мамандықтардың неше түрі кездеседі. Технологиялары жетік, таңдау мүмкіндігі көп: қай семестрде, қандай курстарды оқитынын, қай мұғаліммен, қанша сағат оқитынын студенттің өзі шешеді. Білім жүйесі жаһандық үрдістер мен жалпыәлемдік құндылықтарға негізделген. Сонымен қатар, студент кампуста өз бетінше күнін көріп, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Бүгінде аты аталған мемлекет­тер­дің барлығында дерлік Қазақстан азаматтары бар. Олардың бірі арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы білімі мен біліктілігін арттырып жатса, екіншілері өз қаражаттарымен әлемдік жоғары оқу орындарында дәріс тыңдап жүр. Қандай жағдайда да сол жастардың теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін, туған елге оралып, Қазақстанның қарыштап дамуы үшін еңбек еткенін, тер төккенін қалаймыз. Бірақ еліміздегі университеттерді шетке ысырып, шетелдік оқу орнын таңдаған жастардың таңдауына шек қоюға қақымыз жоқ. Тек әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімі жоғары болса дейміз.  

Әсел ӘНУАРБЕК