Праймериз көкжиегімізді кеңітті – Ғани Әбдісадық

Праймериз көкжиегімізді кеңітті – Ғани Әбдісадық

Праймериз көкжиегімізді кеңітті – Ғани Әбдісадық
ашық дереккөзі
Праймериздің алғашқы қорытындысы да жарияланды. Дауыс беру нәтижесі бойынша Ақтау қаласынан бақ сынап жатқан 86 үміткердің ішінен 2-орынға табан тіреген Ғани Әбдісадық партияішілік сайлаудың нәтижесі жайлы пікірімен бөлісті. – Кез-келген азаматтық қоғамның тұрақтылығы негізгі үш компонентке байланысты болады: білім, денсаулық, құқық. Межелі биіктерді бағындыру үшін бізге, ең бірінші, білікті мамандар, өнертапқыш ғалымдар, іскер азаматтар керек. Осы керектер орындалмай жасалған нәрсенің бәрі де – бекер шығын болмақ. Оны болдырмау үшін білім саласы толықтай заман талабына икемделуі тиіс. Оның ішінде ақпараттық технологиялар, кодтау, мобильді қосымшалар жасақтау мен бағдарламалау тілдерін меңгеру танымал әрі қол жетімді дүниеге айналуы тиіс. Өйткені – бұл болашақтың кілті. Мектеп бітіруші түлектері болашақ мамандықтарын грант санына, жалған идеалдарға қарап емес, жүрек қалауы мен жеке қабілеттеріне сүйене отырып таңдауға  мүмкіндік беретін  ерте кәсіптік бағдарлау ісі жолға қойылуы тиіс.  Бұл – жұмыссыздықты жоюдың кілті. Жоғарыдағы екі тармақ жүзеге асуы үшін бізге білікті ұстаздар, шебер тәлімгерлер қажет. Ұстаздың  бар білгенін балаға жалықпай үйретуі үшін ұстаздық – элиталық мамандыққа айналуы тиіс. Онымен айналысуға мыңнан бір адамның қолы жететіндей бәсекелестік тудыру керек. Ол үшін ұстаздардың тұрғын үй, жалақы, алаңсыз зейнет секілді барлық әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктері шешіліп, бар уақыты  ғылым игеру мен үйретуге ғана жұмсалуы керек. Осы қадамдар жүзеге асырылған жағдайда жұмыссыздықтың, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықтың, түрлі әлеуметтік шиеленістердің алдын алып, бастапқы жарнасы аз, экономикалық ауытқуларға тұрақты, шикізат көздеріне тәуелсіз, интеллектуалды кәсіп түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Денсаулық – қоғамды жетістікке жетелеуші күштердің бірегейі. Биыл әлемде орын алған пандемия салдары бұл саланың маңыздылығымен қоса кемшіліктеріне де  көз жеткізді. Ауруханаларда орынның жетіспеуі, дәрі-дәрмек қорында орын алған жантөзбес кемшілік, мамандар тапшылығы, медициналық қызмет сапасының төмендігі, қарапайым құрылғылардың жоқтығы – мұның барлығы жылдар бойы қордаланған проблемалардың нәтижесі. Бұлардың шешілуі Маңғыстау секілді экологиялық қиын өңір үшін аса маңызды. Азаматтардың өз құқықтарын білуі, орынды пайдалануы, өзіне қатысты және өзінің тарапынан заң бұзушылықтарға жол бермеуі қоғамды үлкен жағымды өзгерістерге жетелері анық. Құқықтық сауатты азаматтық қоғам орнаған жағдайда құқық қорғау органдарының да, оның ішінде тек ішкі істер қызметі ғана  емес, қаржы саласы, кеден, салық жүйесі, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру жүйесі, қарапайым сауда секілді азаматтардың күнделікті тұрмысы барысында араласатын тағы да басқа ондаған саланың жұмысы әлемдік стандарттарға сай қалыптасатыны  сөзсіз. Нәтижесінде, жемқорлық пен немқұрайлылық секілді теріс әдеттер жойылып, қоғам көкжиегі кеңейеді. Халықтық бақылау артып, бизнес тынысы ашылады, әділеттілік орнайды. Осы үш сала «індеттерінен» арылса, оң өзгерістер орын алады. Праймериздің алғашқы қорытындысына да қол жеткіздік. Халық қолдауының арқасында арқасында 86 үміткердің арасынан 526 дауыс көрсеткішпен Ақтау қаласы бойынша 2-орынға табан тіредім. Жақсы тәжірибе болды. Бұрын білмегенді білдік, көрмегенді көрдік. Біраз азаматпен танысып, көкжиегіміз кеңіді. Додаға қатысқан әрбір үміткерге сәттілік тілеймін!