Жаңалықтар

23 жастағы сарыағаштық келіншек алты баланың анасы атанды

ашық дереккөзі

23 жастағы сарыағаштық келіншек алты баланың анасы атанды

Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының 23 жастағы тұрғыны Еркінай Есенбаева алты баланың анасы атанды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  Тұңғышын 18 жасында босанған жас ана №1 облыстық перинаталды орталықта дүниеге үшем алып келді. Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйелдің денсаулығы сыр беріп, сәбилерін мерзімінен ерте - сегіз айда босанған. Ана мен бала өміріне қауіп төндірмес үшін дәрігерлер әйелді кесар тілігі арқылы босандырған. Екі ұл мен бір қызды өмірге алып келген жас ана мен нәрестелердің жағдайы жақсы және дәрігерлердің арнайы күтімінде. Көп балалы ананың дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Сәбилердің салмағы 2170 грамм, 2100 және 2615 грамм. Отбасымен ақылдаса келе нәрестелерге Ақжан, Маржан және Бақжан есімдерін берген. Жас отбасының 1 ұл, 2 қызы бар. Жалпы, Түркістандағы облыстық нөмірі 1-ші перзентханада биыл 155 егіз және 3 үшем дүниеге келген. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, аймақта туу көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда артқан. Жыл басынан бері өңірде 45030 сәби туған.