Жаңалықтар

COVID-19: Ресейде мамырдан бері алғаш рет бір тәулікте 10 мыңнан астам науқас тіркелді

ашық дереккөзі

COVID-19: Ресейде мамырдан бері алғаш рет бір тәулікте 10 мыңнан астам науқас тіркелді

Ресейде өткен тәулікте 10 499 адамнан коронавирус анықталды. Соңғы рет мұндай жоғары көрсеткіш 15 мамырда тіркелген. Бұл туралы елдегі індетпен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады. Бір тәулік ішінде елде қатерлі вирус жұқтырған 3284 адам емделіп шықты, ал індетті жеңгендердің жалпы саны 979 143-ке жетіп отыр. Пандемия басталғалы Ресейде коронавирусты анықтайтын 47,6 миллионнан астам тестілеу жүргізілсе, оның 436 мыңнан астамы өткен тәулікте жасалған. Роспотребнадзордың дерегінше, жаңадан анықталған науқастардың 27,8%-ында індеттің клиникалық белгілері жоқ. Айта кетейік, өткен тәулікте Еуропаның екі елінде індет жұқтыру көрсеткіші жөнінен антирекорд тіркелді. Францияда бір тәулік ішінде 16 972 адамнан коронавирус анықталса, Ұлыбританияда соңғы 24 сағатта 12 872 адам коронавирус жұқтырған. ДДСҰ мәліметінше, әлемде апта сайын коронавирусты 2 миллионнан астам адам коронавирус жұқтыруда. Ұйым індеттің таралуы күшейгеніне қарамастан шектеу шараларын күшейтуге енжарлық танытып отырған мемлекеттер үшін алаңдаулы. Мәселен, Үндістанда вирусты жұқтырғандар саны 6 жарым миллионға жуықтап, дерттен қаза тапқандар 100 мыңнан асқан. Осыған қарамастан ел билігі экономиканы аяқтан тік тұрғызу қажеттігін алға тартып, шектеу шараларын жеңілдетуді жалғастырып келеді.