Жаңалықтар

ДДСҰ әлем елдерін шектеу шараларын күшейтуге шақырды

ашық дереккөзі

ДДСҰ әлем елдерін шектеу шараларын күшейтуге шақырды

Әлемде апта сайын коронавирусты 2 миллионнан астам адам коронавирус жұқтыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қақты. ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус айтуынша, кей мемлекеттерде індет күшейіп, коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейсе, енді бір елдер шұғыл шаралар қабылдап, індеттің таралуын тежей білген. «Қазір эпидемияға қарсы күрестің шешуші кезеңі. Әрбір елдің көшбасшысын дерттің таралуын тоқтатуға бағытталған іс-әрекетті күшейтіп, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін тиісті шараларды қабылдауға шақырамыз. Қазіргі қиын-қыстау кезеңді өтудің ең тиімді жолы бірлесіп әрекет ету деп санаймын», - деді Тедрос Адханом Гебрейесус. Ұйым індеттің таралуы күшейгеніне қарамастан шектеу шараларын күшейтуге енжарлық танытып отырған мемлекеттер үшін алаңдаулы. Мәселен, Үндістанда вирусты жұқтырғандар саны 6 жарым миллионға жуықтап, дерттен қаза тапқандар 100 мыңнан асқан. Осыған қарамастан ел билігі экономиканы аяқтан тік тұрғызу қажеттігін алға тартып, шектеу шараларын жеңілдетуді жалғастырып келеді. Айта кетейік, 6 қазаннан бастап елімізде шектеу шаралары күшейтіледі. ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда кіруге жіберілмейді. Нидерландта да шектеу шаралы күшейтілді. Елде мейрамханалар мен кафе-барлардың жұмыс уақыты қысқарды. Ал кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Сондай-ақ, барлық спорттық іс-шара жанкүйерсіз өтуі тиіс. Вирустың таралуын тежеу мақсатында Ұлыбритания үкіметі де қатаң шараларды енгізді. Бұдан былай елдегі мейрамханалар сағат кешкі онға дейін ғана жұмыс істейді. Барлық мекеме қызметкерлері бетперте тағуы тиіс. Сондай-ақ үйлену тойларына шақыруға рұқсат етілген қонақтар саны 15-тен аспауы тиіс. Бұған дейін ұлыбританиялықтар той-томалаққа 30 адамға дейін шақыра алатын.