Қазақ боксшыларының қарсыластары анықталды

Қазақ боксшыларының қарсыластары анықталды

Қазақ боксшыларының қарсыластары анықталды
ашық дереккөзі
Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында бокстан Олимпиада ойындарының жеребесі тартылды. Қазақстан боксшыларының қарсыластары анықталды.  
49 келі:

Әлем чемпионы Біржан Жақыпов алғашқы айналымда бос. Екінші айналымда Әзербайжан мен Намбия боксшылары арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Одан кейін ширек финалда өзбек боксшысы Хасанбай Дусматовпен жолығуы мүмкін.

52 келі:

Азия чемпионы Олжас Сәттібаев алғашқы айналымда Пуэрто-Рико боксшысымен жолығады. Егер сүрінбей өтсе, әлем чемпионы әзербайжандық Эльвин Мамишзаде қолғап түйістіретін болады.

56 келі:

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев бірінші кездесуін әзербайжандық Жавид Чалабиевке қарсы өткізеді. Одан соң өзбек боксшысы Муроджан Ахмадилевпен шаршы алаңда кездеседі.

60 келі:

Алматыдағы әлем чемпионатының тағы бір қола жүлдегері Берік Әбдірахманов алғашқы айналымда АҚШ боксшысымен сынға түседі. Одан өтсе, жапон немесе Венесуэланың былғары қолғап шебері кезегін күтпек. Ал ширек финалда үш дүркін әлем чемпионы кубалық Лазаро Альвареспен кездесуі тиіс.

64 келі:

Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанған Қарағанды боксының жас таланты Абылайхан Жүсіповке де жеребе оңай түскен жоқ. Алғашқы айналымда ағылшын Пат Маккормокты жеңсе, келесі айналымда Олимпиада ойындарының жүлдегері Ясниэль Толедо күтіп тұрады.

69 келі:

Әлем чемпионы Данияр Елеусіновке жеребе жолдас болды деп айтуға болады. Себебі боксшымызды Дохадағы әлем чемпионатының финалында сүріндірген марокколық Мохаммед Раби мен Олимпиада ойындарының жүлдегері, ресейлік Андрей Замковой екінші себетке түсті. Елеусінов бірінші айналымда бос. Одан кейін Египет және Ұлыбритания боксшылары арасындағы жеңімпазбен жолығады. Ширек және жартылай финалдарда Италия және Германия, Венесуэла мен Мексика боксшыларының бірімен жолығуы тиіс.

75 келі:

Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бірінші кездесуін ұлыбританиялық былғары қолғап шеберімен өткізеді. Одан соң, Алжир және Камерун боксшылары арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Ал ширек финалда Еуропа чемпионы ресейлік Петр Хамуковпен, жартылай финалда әлем чемпионы кубалық Арлен Лопес қолғап түйістіруі ықтимал.

81 келі:

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов алғашқы айналымда бос. Ширек финалда Украина және Әзербайжан боксшыларының бірімен жолығады. Жартылай финалда сыралғы қарсыласы, өзбек Эльшод Расуловтың әуселесін байқап көретін шығар. Ал үш дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио ла Круз екінші себетке түскен. Онымен тек финалда жолыға алады.

91 келі:

Василий Левитте алғашқы айналымда бос. Келесі қарсыласы қытайлық боксшы болуы мүмкін. Ал кубалық Эрисланди Савонмен тек жартылай финалда кездесуі мүмкін. Бұл салмақтағы мықтылар саналатын ресейлік Евгений Тищенко мен Италия алыбы Клементо Руссо екінші топқа түскен.

+91 келі:

Аса ауыр салмақтағы Иван Дычкоға жеребе ауыр түсті. Қостанайлық боксшы алғашқы айналымда бос болғанымен, келесі айналымда әзербайжандық Меджидовпен жолығуы мүмкін. Естеріңізде болса , Алматыдағы әлем чемпионатының финалында Иван дәл осы әзербайжан боксшысынан нокаутпен ұтылған еді.

Қыздар арасында: 51 келі:

Жайна Шекербекова жарысты ширек финалдан бастайды. Шымкенттік боксшы жартылай финалдың жолдамасын Марокко мен Францияның бұрымды боксшыларының арасындағы жеңімпазбен сарапқа салатын болады.

75 келі:

Дариға Шәкімова бірінші айналымда канадалық боксшымен кездесе, ширек финалда марокколықпен қолғап түйістіреді. Егер жартылай финалға жетсе, АҚШ қызы Олимпиада чемпионы Кларисса Шилдспен жолығуы мүмкін.

Боксшыларымызға алдағы додада сәттілік тілейміз!