Партия тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, жүйенің техникалық мүмкіндігі артты – Арман Қырықбай

Партия тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, жүйенің техникалық мүмкіндігі артты – Арман Қырықбай

Партия тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, жүйенің техникалық мүмкіндігі артты – Арман Қырықбай
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбай праймеризіндегі дауыс беруге қатысты қазіргі ахуал тұрақталған айтты. Бұған дейін дауыс беруге қатысты техникалық тежеулердің толық қалыпқа келтірілгені жайында партия хатшысы Әлібек Әлденейдің әлеуметтік желіде жазба жариялаған болатын.
«Онда дауыс берудің өту барысы мен кейбір қиындықтарға жан-жақты түсіндірме берілген. Осында айтылғандарды толық қолдаймын», – деп жазды Арман Қырықбай.
Айта кетейік, праймериз өз мәресіне таяды. Дауыс беру қарқынды жүруде. Қазіргі сәтке дейін 300 мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді.
«Бастапқыда жұрт арасында «Nur Otan» праймеризі кімге керек, ол қызықсыз өтеді» деген сыңайдағы түрлі күмән келтірген пікірлер болған еді. Қазір көріп отырғанымыздай, керісінше дауыс беру барынша қызу, тартысты өтіп жатыр. Белсенділік өте жоғары», – деп атап өтті Арман Қырықбай.
Партия хатшысы үміткерлердің алды бір-бірін айыптап, әділетсіз жағдайлардың орын алғанын айтып та шағым жасап жатқанын жазған.
«Мысалы, праймеризге қатысушылардың бірі Malikova Laura өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осындай келеңсіздіктер туралы мәлімдеді. Қазір осында айтылған жайттарды Партиялық бақылау комитеті мұқият қарастырып жатыр. Бұл айтылған фактілер расталатын болса, партия тарапынан барынша қатаң шара қолданылады. Партияның осы кезге дейін Ақмола, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Балқаш қалаларында праймериз өткізу барысында орын алған тәртіп бұзушылықтарға байланысты тиісті жаза қолданғанын білесіздер. Партия праймериздің ашық, таза және әділ өтуіне барынша мүдделі», – деді А.Қырықбай.
Дауыс берудің бірінші күнінде «Праймериз» ақпараттық жүйесінде аздаған іркілістер болып, жұмысы баяулады.
Бұл турасында партия хатшысы: «Әрине, бір мезетте ақпараттық жүйеге өте қомақты көлемде пайдаланушылар кірсе, оған айтарлықтай салмақ түсетіні заңды. Бұл өз кезегінде жүйенің жұмысына әсер етеді. Осыған байланысты партия тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, жүйенің техникалық мүмкіндігі арттырылды. Қазір қалыпты жұмыс істеп тұр», – деп түсіндірді.
Сондай-ақ ол праймеризге қатысушыларға табандылық тіледі.
«Қатысушыларға айтарым, алған беттен қайтпаңыздар. Тек табандылар ғана жеңіс тұғырынан көрінеді. Нәтижені бір-екі дауыстың өзі шешуі мүмкін. Сондықтан, кейбір келеңсіздіктерге қарап, алдын ала еңсе түсіруге немесе негізсіз байбалам салуға болмайды. Осыған бел буған соң, соңына дейін бару керек. Дауыс беру ортасына енді ғана келді. Әлі де уақыт жеткілікті», – деді партия хатшысы.
Электронды дауыс берушілерден бөлек, интернетке қолжетімсіз жерлерде тағы да 80 мыңдай адам дәстүрлі түрде қағаз бюллетеньмен дауыс береді.
«Осыны ұмытпаңыздар. Әрбір дауыс үшін күресіңіздер. Егер әділетсіздіктер орын алып жатса, кейбір бұрмалаушылықтарды байқасаңыздар, жасырып жаппай, «Nur Otan»-ның партиялық бақылау органдарына хабарлаңыздар. Бұған қоса (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне жүгінуге немесе komek@nurotan.kz электронды почтасына хат жолдауға болады. Фактілер расталса, партия оларға қатысты барынша қатаң шара қолданады. Тіпті бұрмалаушылыққа жол берген кандидат тіркеуден шығарылып, дауыс беру нәтижесі жойылуы да мүмкін. Баса айта кететін нәрсе, тек қана негізді фактіні ғана ұсыныңыздар. Дәлелсіз арыз беріп, Партиялық бақылау комитетінің уақытын алмау керек», – деп түйді Арман Қырықбай.