Праймеризге байланысты біраз жағымды жағдайды байқадым – Сенат депутаты

Праймеризге байланысты біраз жағымды жағдайды байқадым – Сенат депутаты

Праймеризге байланысты біраз жағымды жағдайды байқадым – Сенат депутаты
ашық дереккөзі
Мұрат Бақтиярұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, партия көшбасшыларын анықтау мақсатында ел тарихында биыл алғаш рет өткізіліп жатқан праймериз жүйесіне қандай баға бересіз? – Негізі праймериз - парламенттік республикаларда кеңінен пайдаланылатын тәсіл екенін жақсы білеміз. Мұның биыл біздің елде де қолданысқа еніп жатқаны құптарлық жағдай. Жалпы, «Nur Otan» партиясының биылғы аудандық, қалалық, облыстық және Мәжіліс депутаттарынан сайлауы бұрынғыға қарағанда өзгеше. Өз басым түрлі ақпарат құралдарынан және барған жерімнен праймеризге қатысты біраз жағымды жағдайды байқадым. Біріншіден, сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің көптігі көңіл қуантады. Бұл бір партияның атынан сынға түсіп жатқан үміткерлер арасындағы бәсекелестіктің артуына септігін тигізеді. Екіншіден, бұл додаға қатысып жатқан біршама азаматтың бағдарламасын қарап шықтым. Бағдарламалар арасында жақсы құрастырылғаны баршылық. Десек те, шынын айту керек, көпшілігінің бағдарламасы өзара ұқсас келеді әрі маған мұның біршамасы құрғақ уәдеге толы секілді көрінді. Мәжілістің негізгі заң шығаратын орын екенін, тіпті облыстық мәслихаттың да үлкен маңызға ие орган екенін ескерсек, мұндай бағдарламаға немқұрайлы қарамау қажет. Сосын айта кетерлік тағы бір жайт, үміткерлердің басым бөлігінің 25-55 жас аралығындағы орта және жас буын өкілдері екен. Мен мұны жақсылыққа баладым. –Праймериз ережесі бойынша үміткерге тек өзі тіркелген аймақтағы партия мүшелерінің дауыс беруге құқылы екені дұрыс па, қалай ойлайсыз? –Бұл дұрыс нәрсе. Бір адам бір дауыс беру құқығына ие. Іріктеу жалпылама емес, тек бір жерге бекітілу бойынша іске асатыны маған ұнайды. Өз басым мұны құптаймын. Өз аймағында іскерлігімен, шеберлігімен танымал тұлға жерлестеріне өз бағдарламасының маңызы бар екенін сендіре алатын болса, алдағы уақытта қоғамның мәселесін көтеріп, саяси ортада өз сөзін өткізе алатынын, бәсекелестікке шыдас беретінін дәлелдей алса құба-құп болар еді. Дегенмен алдағы өтетін үлкен сайлауда бір  партияның басымдығы ғана білініп қала ма деген ой туындайды. Праймериз деген тың дүние еліміздегі басқа партияларда жоқ. Ел аралағанда көптеген партияның филиалы, тіпті уәкілдіктері де жоқ екенін байқадым. Құжат түрінде тіркеле салған, аты бар да, заты жоқ. Осы ретте айтайын дегенім, Мәжіліске сайланғысы келетін облыстық, қалалық мәслихат депутаттары бір мандаттық округ арқылы сайлануы керек. Бір партияның атынан ғана сайлауға түсу керек екенін заңмен жазып қойдық, десек те, өзім кезінде бұған қарсы болғанмын. Болашағын ел саясатына арнағысы келетіндердің арасында белгілі бір партия емес, жеке округ бойынша сайланғысы келетіндер де бар. Біз – парламенттік басқару формасын ұстанатын елміз, президенттік билігі мықты мемлекетпіз. Сол себепті асығыстық жасамай, төменгі мәслихат депутаттарын партиялық тізім емес, бір мандаттық округ арқылы таңдау анағұрлым тиімді болар еді. Мұны айтып отырған себебім мынада: ертең биліктегі партия көп дауыс жинайтын болса, аудандық, облыстық мәслихаттың маңызы кеміп қалады. Қазір аудан я облыс әкімі не айтады, мәслихат депутаттары соны орындайды. Ал мәслихат депутаттары әкімнің шығарған шешімі, қабылдаған қаулысына сыни көзбен қарап, керек кезде түзеп-мінейтіндей әлеуеті болуы шарт. Бұрын мәслихат депутаттарының қолында мұндай «билік» болған. Кезінде өзім де округтік мандат бойынша сайландым, ақтық сынға жеткен 7-8 үміткердің арасынан жеңіп шығып, ақырында өзім сайланған аймақ әкімінің шешімін дұрыс я бұрысын қадағалап отыратынмын. Ал қазір мұндай жоқ, жергілікті аймақтағы мәслихат сол жердегі әкімдіктің бір бөлімшесі секілді. Біле білсеңіз, мәслихат деген өкілеттік орган, сондықтан бұған бейжай қарамаған жөн.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ