Апат айтып келмейді десек те...
Апат айтып келмейді десек те...
Мемлекет басшысы өз Жолдауында біздің табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды ескере отырып, елімізде Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды. Президент Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына ел халқының, объектілері мен аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы орайда халықаралық Túrkistan газеті жаңадан қайта құрылған Төтенше жағдай министрлігіне табиғи және техногендік сипаттағы апаттар турасында сауалдар жолдаған болатын.
Жыл сайын көктемде су тасқыны мен сел қаупі күшейеді. Елімізді COVID-19 індеті жайлап, халықтың күн көрісі қиындаған кезеңде Мақтааралды бір түннің ішінде су басып, халық бар мал-мүлкінен айырылды. Өзбекстан тарапы апаттың шығынын өтеуге атсалысты, қарапайым халық қолынан келген көмегін аямай, еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек ағылып келіп жатты. Мұндай су тасқыны қайталанған жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігінің қазіргі дайындығы қалай деген сауал туындайды. Министрлік су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында өңірлерге қорғаныс бөгеттерін салу және жөндеу, жағалауды бекіту, түбін тереңдету, су тасқыны қаупі бар өзендердің арналарын түзету, су бұру арналарын орнату, арналарды, арықтар мен авто және теміржол көпірлері астындағы су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Су тасқынына байланысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу жөнінде Жол картасы іске асырылып келеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде тасқын болған 1 046 елді мекеннің 437-де су басу қаупі толығымен жойылса, 287-де қауіпті барынша азайту шарасы қарастырылған.
Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігі иелігінде су тасқынына қарсы күрес және зардап шеккендерді эвакуациялау үшін 1 790 техникалық құрал бар, ал су тасқыны орасан зор болған жағдайда ІІМ күштері мен құралдарының тобы көмекке келеді. Көктемде болуы мүмкін төтенше жағдайларға мамандардың дайындығын тексеру үшін жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түркіменстанның министрлер кабинеті және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы пысықталуда.
Былтыр Арыс қаласындағы КСРО дәуірінен қалған әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында болған жарылыс соңы алапат өртке ұласқан болатын. Қала эвакуацияланып, елімізде төтенше жағдай жарияланды. Елді дүрліктірген жарылыс бұрын-соңды болмаған ең ірі техногендік апат деп бағаланды. Төтенше жағдай салдарынан 7 633 жеке баспанаға және 100 көп қабатты үйге зиян келді. Апаттың салдарымен күрес шаралары қалай жүріп жатыр деген сауалымызға: «Қала 17 секторға бөлінген және әр секторға әкімдіктерден, облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан жауапты тұлғалар бекітілді. Әр облыс өз секторындағы құрылыс жұмыстарына жауап береді. Әрбір тұрғын үйде келтірілген зиянға байланысты ақау актісі бойынша жасалған сметаға сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 7 534 жеке тұрғын үй және 97 көп қабатты үй жөнделді. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде», – деп жауап берді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Бізді алаңдатқан ендігі мәселенің бірі – орман өртінің көбеюі. Жалпы, жыл сайын республикада орта есеппен 4 мың табиғи өрт дерегі тіркеледі. Өрттің жалпы ауданы шамамен 200 мың гектарға дейін жетеді, ал өрттен келтірілген залал 150 млн теңгеден асады. Министрлік орман өрттерінің 80 пайызға жуығы адамдардың салғырттығынан болады деп мәлімдеді. Табиғи өрттерді сөндіруге жалпы алғанда 34 мың адам және 6 мың техника күші жұмылдырылады. Орман-дала алқаптары мен демалыс орындарында жүргізілген рейд барысында орылған шөпті өртегені және басқа да өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны үшін 976 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұл көлемі де қомақты, 4,7 млн теңгеден асады.
Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрттің қауіпті кезеңі басталғалы бері ел аумағында дала өртінің 2,3 есе өсуі тіркелген. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр 51 факті тіркелсе, биыл 119-ға жеткен. Осы орайда министрлік табиғи өрттердің алдын алу бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізетінін және басшылықтың тұрақты бақылауында болатынын хабарлады.
Соңғы жылдары елдегі биік ғимараттар өртке оранатын жағдайлар көбейді. Ал өрт кезінде ең маңызды мәселе – азаматтарды құтқару. Осы орайда Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға көбінесе тұрғындардың өздері жол беретінін ескере отырып, қызмет көрсететін ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп жоғары қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен тұрақты негізде жиындар өткізеді.
Қазақ апат айтып келмейді дейді. Тосыннан келер табиғаттың апатынан ешкім сақтандырылмаған. Алайда «Сақтансаң, сақтаймын» деген нақыл сөз бар. Осы орайда төтенше жағдай саласы мамандарының кәсіби біліктілігі қандай деңгейде деген сауал туындайды. Азаматтық қорғау саласында білікті мамандарды даярлау Төтенше жағдайлар министрлігі қызметін ұйымдастырудағы басым бағыттың біріне айналған. Бұл бағытта Көкшетау техникалық институты 1997 жылдан бастап 5 мыңнан астам маман даярлаған, азаматтық қорғау органдарының 4,5 мыңнан астам қызметкері қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Қазіргі уақытта ТЖМ бөлімше басшыларының 98,9 пайызының бейінді базалық білімі бар және олар азаматтық қорғау саласындағы білікті мамандар.
Биыл еліміздің Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толады. Қазіргі кезде Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің аумақтық бөлімшелерімен техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ден қоятын жедел қызметті атқарады. Бұл – тұрақты сұраныстағы және тәулік бойы дайындықта тұрған күштер мен құралдар. Иелігінде өрт сөндіру, авариялық-құтқару және арнайы техникалар, жабдықтар мен жарақтар бар.
Құрамына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, кинологтар, дәрігерлер, психологтар, ұшқыштар кіретін төтенше жағдай қызметкерлері ел басына қауіп төнген сын сағатта аянып қалған емес. Соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық техникалық қайта жарақтандыру бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізді. Заманауи талаптарға жауап беретін түбегейлі жаңа және тиімді өрт сөндіру технологиялары енгізілді.
Министрлік зілзала мен авариялардың салдарын жою, олардың туындау қатерін басқаруды, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жүйелерге әсерін азайтуға күш салып отыр. Сонымен қатар әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қабылдануда. Салынып жатқан және іске қосылатын мемлекеттің өнеркәсіптік инфрақұрылымының қауіпті және стратегиялық маңызды нысандардың аварияға қарсы тұрақтылығын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына ел халқының, объектілері мен аумақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойды. Оларды шешу күн сайынғы күшейтілген бақылауда тұр. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, жою тиянақты әзірлікті талап етеді. Бірнеше қызметті біріктіретін құрылым өнеркәсіп қарыштап дамыған заманда мемлекеттің әрбір азаматы мен экономикалық әлеуетімізді қауіп-қатерден қорғауды жүзеге асырады.