Жаңалықтар

Ералы Оспанов: 110 мың долларға сатылған картинамның ақшасын балалар қорына аудардым

ашық дереккөзі

Ералы Оспанов: 110 мың долларға сатылған картинамның ақшасын балалар қорына аудардым

Суретші-график, безендіруші Ералы Оспанов көне гравюралар мен фотосуреттер негізінде жасалған көптеген графикалық туындылар­дың авторы. Оның жұмыстары Қазақстанмен қатар шет елдерде де танылған. Сурет өнері арқылы қазақ ру­­ханиятына  үлес қосып жүрген суретшімен сұх­бат­тас­қан болатынбыз. – «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» секілді сериалы кітабыңыздың жалғасы бола ма? Жалпы, алдағы уақытта кітап шығару жоспарыңызда бар ма? – Иә, жалғасы бар. Мәскеуде өткен көр­ме­де сол кездегі Ресейдегі елшіміз Иманғали Нұрғалиұлы кітапты жалғастырып жазуымды өтінген болатын, содан елге оралған соң бү­гінгі күндері керек болады деген тағы 20 шақ­ты салт-дәстүрді қостым. Соларды кітап­тың макетіне енгізіп дайындап қойдым, бірақ шығуы екіталай. Демеуші жоқ. 2015 жылғы нұсқасын «Орда-Инвест» деген компанияда іс­тейтін іскер азаматтар 5 мың данамен шы­ғарып берген болатын, бірақ сол жылы күзде орын алған кризистен соң олар төртке бөлі­ніп кетті де, жағдайлары болмай қалды. Сұра­ғаннан өткен қорлық жоқ, содан әзірге шет­ке қоя салдым. Үкіметтен де қайыр жоқ. Егер де демей қалған жағдайда да қаламақысы түкке тұрғысыз, тиын-тебен болады. Бүкіл кітап­ты мемлекеттік кітапханаларға таратып жі­береді, содан ел көрмейді. Былай қарасаң, үкі­мет көмек берген секілді болады, ал шын мәнінде еңбегіңді мемлекетке қарасты ме­кемелер­ге таратумен шектеліп, әдіре қал­дырады. Олардың қаламақысы Алматыдағы бас­паханаларға барып, кітап сапалы болсын деп басы-қасында болғаныңа жетсе шүкір дей­сің. Солай еңбегі жарық көргендердің қуан­ғанын көрсең, неткен қорлық деп таң­ға­ла­сың. – Сіздің қазақтың ою-өрнектері тура­лы да зерттеп жүргеніңізден хабардармыз. Бұл жұмыстың нәтижесі қалай бо­­лып жатыр? – 10 жыл бойы зерттеп жазған қазақтың ою-өрнектері туралы кітабым дайын тұр. Кі­тап 712 бет болды, тек оюлардың 1 000-нан ас­там аттарын анықтап жинадым, аттары мен үлгілері бар 500-ден астам оюды салып кел­тірдім. Сақ заманынан бүгінге дейінгі дамуын дәлелдеп, түбі бір түркі халық­тары­мен сабақтастығын қарастырып шықтым. Келтірілген ескі фотосуреттер мен қолөнер заттарының саны бірнеше жүзден асады. Санкт-Петербордағы атақты Кунсткамера му­зейі басшылары кітабымның макетін көрсеткенде риза болғандары соншалықты, қазақтар мен көшпенді өмір көріністері, ата-бабаларымыз тұтынған заттар түсірілген 200-ден аса ескі фотосуреттерді тегін пайда­лануға рұқсатын берді. Егер оларды сатып алсам, 6-7 мың доллардай болар еді. Қалай десең де орыс ғалымдары, мәдени қыз­меткерлері мықты, көңілдері ашық. Олардан үлгі алса болады. Мысалы, мен батыр атамыз Бауыржан Момышұлы салған ою-өрнектерді түсіріп аламын деп Жамбыл облысындағы бұрынғы Бурное селосына барып музейінде тұр­ған альбомын сөреден алып түсірмек бол­ғанымда директоры Астанадан рұқсат сұрауымыз керек деп бой бермеді. Кейін ке­ліңізге салды, содан ашық тұрған беттегі екі оюды түсіріп солармен ғана шектелдім. Қай­та-қайта бара беру артық уақытты талап етсе де, оюды түсіруге екінші рет тағы бардым. – Ал графикаға қызығатын, өзіңізден өнер­дің қыр-сырын үйренгісі келетін жас­тар бар ма? – Менің шәкірттерім жоқ және болмайды да. Менің өнерім – Кеңес саясатының, білім беру саласының жемісі. Кеңес кезінде көр­кем­сурет мектебі, көркемсурет училищесі, со­дан кейін көркемсурет институты секілді са­тылардан өту керек болатын. КСРО-да мек­теп көп, училище одан әлдеқайда аз, ал инс­титуттар тіпті санаулы болатын. Жас суретшілер осы мектептердің бәрінен өтіп шың­далатын. Ал қазір қолы жеткен жастар мектеп бітіреді де, Жүргенов атындағы өнер ака­демиясына бірден түсе салады. Қолы жет­кен дейтінім, грантты тек жан-жақты білімді деген жанға береді, бірақ оның ішінде өнері асқаны емес, барлық пәннен озып шыққандарға ғана береді. Әрине, олардың ішінде суретке бейімдері емес, жалпы білімді дегендері грантқа ілігеді. Ал енді ақша төлеп оқуға кедей отбасынан шыққан небір мықты деген жастардың қолы жетпейді, содан онда ортақол жастар оқиды. Міне, осылайша  оқуға түскен жастардың бірталайы қарын­даш­ты өмірінде алғаш ұстағандар. Мысалы, мектеп бітірген қыз бала бірден балет билейтін жоғары оқу орнына түссе, одан балет бишісі шыға ма? Сол секілді қазіргі жастардың қолынан сурет салу келмейді, өнер тарихын тіпті білмейді. Мен 6-сыныптан бастап қосымша сурет мектебіне барып Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль мен Илья Ре­пин сынды атақты суретшілер жайлы дә­рістер өтіп, көзім ашылған. Ал енді мен шәкірт тәрбиелеймін бе, әлде оған әліпби үйретемін бе? Ар жағын айтпай-ақ қояйын... – Жалпы, талантты суретшінің бәрі атақты емес. Сіздің ойыңызша, суретшіге атақ не үшін керек? – Бізде суретшілердің ешқайсысы атақты емес. Олар кеңестік кезеңде атақты болған, себебі кеңестік саясат халықтың мәдениетін барынша жоғары көтеруді мақсат тұтты. Бүгінгі күнге салса, әуесқой суретші болған Әбілхан Қастеев түгілі академик атанған атақты Ханафия Телжановтың өзін ешкім білмей қалар еді. Жалпы, көркемсурет өнері қазаққа сырттан келді ғой, сол себепті халыққа оның керегі шамалы. Айтыс, көкпар болса, ол тіпті бөлек. Әншілер тойдың сәнін келтіреді, сондықтан оларды ел таниды. Ал суретшілердің бар-жоғы білінбейді. Сурет салып атың шықпақ түгілі бала-шағаңды қарны тоқ, көйлегі көк етіп өсірудің өзі өте қиын. Себебі таза қазақпын деген жандар сурет сатып алып үйіне ілмейді, көбінесе суретке «шалақазақтар» қызығады. Менің сатылған суреттерім тек солардың еншісінде, ал енді осындай мықты суретшіміз бар деп мақтанған қандастарым бірде-бір суретімді сатып алған емес. Тіпті, графика, салт-дәстүрлер жайындағы кітабымды зорға сатып алады, онда да көбінше сыйлауға деп ойлаймын. Себебі арзан, есесіне көзге ерекше көрінеді. Жалпы театр, кино, цирк секілді көр­кемсурет өнері де қазақ мәдениетінің өгей баласы ғой, аты бар да, заты жоқ. Егер батыс мәдениетіне тәнті, өзге тілде сөйлейтін қазақтар болмаса, менмін деген, бетке ұстар суретшілеріміз баяғыда далада қалар еді. Мұны осы саласының ішінде жүрген соң анық білемін. – Ең қымбат бағаға сатылған жұмы­сыңыз есіңізде ме? – Ең қымбат сатылған шығармам Лон­дондағы Кристи үйінде өткен қайырымдылық аук­ционында өз иесін тапты. «Алпамыс батыр» деген графикам болатын. Шамамен 110 мың долларға сатылды. Содан менің қолыма тигені 6 мың доллар болды. Бұл жұмысымды ұйымдастырушылар Алматыда өткен көр­меде он шақты жұмыстың қатарында сатып алған болатын. Сөйтіп, өзім өмірімде бір сәтте қолыма ұстап көрмеген қомақты қара­жатты қазақстандық мүгедек балалар қорына тапсырдым және мұны шынымды айтсам, мақтаныш тұтамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ