Жаңалықтар

«Өмірдің де таяп қалды аяғы...»

ашық дереккөзі

«Өмірдің де таяп қалды аяғы...»

Оңтүстік батысты  бетке алып, күздің лебі есіп тұрған жанға жайлы желімен жарыса зырлап келеміз. Бағыт – Жамбыл ауданының орталығы,  Ұзынағаш  ауылы.  Ел аузында «Ақындар мен батырлар елі» атанған,  Алатаудан бастау алып  қырғыз Алатауының баурайындағы жиырма мың шақырым­ды алып жатқан осы бір   ауыл табиғаты керемет көз тар­тар­лық. Көркем, ерекше! «Өмірім өлең, жыр-дастан, Менде де арман жоқ шығар, – деп бү­кіл болмысы мен ғұмырын өлеңге ар­нап өткен Есенқұл ақын шаңыра­ғы­ның киесі де иесі Меңсұлу жеңгеймен өрби­тін әңгіме-дүкен ой-санамызды тербеп,  ауыл­ға қалай жетіп қалғанымызды да білмей қалыппыз.  Алып күре жолдың бойынан ауылға бұрылар тұста, аңыз-дастандағы «ат суарғандай», біз де кө­лі­гімізден түсіп, тауға қарай керіле тыныс алдық. Кеше ғана жауып өткен жаздың соң­ғы (биылғы жаз, шын мәнінде жаң­бырлы болды) жаңбырының иісі қара жердің құнарлы топырағының жағым­ды иісімен қосылып, кеудеңді кернегендей... «Әже, бүгін де жаңбыр жауатын се­кіл­ді ғой» деген жолсерігім болып келе жатқан немерем Димаш та үлкендерше кеудесін желге тосып, керіле дем алды. Соңғы кездері осындай басқосуларға ертіп жүретін болдым, өйткені көр­кемсөз, өлең оқуға машықтанып ал­ған. Алғыр, озат оқушы. Бірнеше мәрте оқушылар арасындағы республикалық байқауларға қатысып, бас жүлдені, гран-приді иемденіп алғаны бар. Ұзы­на­ғаш сапарын айтқанымда қуана ке­лісті. Жүрексінбей, толқымай-қорықпай қа­лам тербейтін әйелдер тақырыбы жа­нымызға соншалықты жақын, сон­ша­лықты алыс. Жақын болатыны, сол нәзік жандыларға тән бар қасиет өз бойыңнан да табылатыны, ал алыс бо­латыны әркімнің тағдыры, тіпті тірлігі, өмір сүру дағдысы әрқилы емес пе?!. Азулы айтыскер ақын Есенқұл аға­мыз­дың жары Меңсұлу жеңгейдің де маң­дайына жазылған тағдыр соқпағы оңай болмағанын сырттай болса да, білеміз, қанықпыз. Егер сөйлете алсақ, әрине! Бүгінгідей не қонақ күте алмай, не қо­нақ­қа бара алмайтын аласапыран кезеңге қа­рамай, бізбен кездесуге уәде еткен ақын жары аңқылдай, ашыла сөйлеп қарсы алды. Бірер минуттың өзінде немерелердің бәрі қара шаңырақта екенін, олар жүргенде әң­гіме де дұрыс болмайтынын, әйтпесе, ақын үйі­нің есігі іздеушілерге әманда ашық еке­нін айтып, біздің өтінішімізді қия алмай келіс­кенін ақжарыла айтып шықты. Немерелерді естігенде, қосыла күліп алдық та, тып-тыныш шағын кафенің бір бұрышына келіп жайғастық. – Әңгімені ағамыздың бір сұхба­тын­дағы «Батырға лайық ат туады, Ақын­ға лайық жар туады» деген қал­жыңы аралас ойлы сөзінен бастасақ?.. – Иә, ағаларыңның бүкіл болмысы, ой-са­насы тек қана өлеңнен құралған, өмірінің мәні мен сәніне айналған поэзия десем, артық айтқандық емес шығар. Маған дейінгі өмірінің, балалық шағының көп қырлары­нан хабарым болмаса да, бозбала-жігіттік кезеңдері көз алдымда ғой. Біздің халықтың қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі де біре­гейі қыз баланың «Анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» деген қағидасы бертін келе, қыз бой жетіп ақ босағасынан аттаған кезден бастап, жарының, қосағының алдына шықпай, бей-берекет сөйлемеуге жал­ғас­қаны анық. Мен де ағаларың өмірден өтке­лі осындай сұхбаттардан, басқосулар­дан қашқақтап жүремін. Тіпті, көп ретте бармай қалуға тырысамын. Бойымды ол кісіге деген сағыныш тербеп, көңілімді ыңғайсыздық сезім басып тастайтындай. Өзіңмен кездесуге келіскенім, алдын ала беріп жіберген сәлем­демең – «Әйелмен әлем әдемі» атты кіта­бың болды. Ондағы қазақ зиялылары­ның жарларынан алған әдемі сұхбаттарды бір күнде шолып шықтым... Меңсұлу жеңгей бір сәт көзіне келіп қал­­ған жасын әлсіз ғана сүртіп, үнсіз қалды. – Ақын шығармашылығын жақсы білеміз, жақсы көреміз. Жоғарыдағы ағаның қалжыңына оралсақ... – Біз бір ауданның тумасымыз. Мен ау­дан орталығында орта мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түсе алмай қалдым да, аудандық сотқа хатшы болып жұмысқа ор­наластым. Ол – аудандық газеттің қыз­мет­кері. Біздің үй мен газет редакциясы бір кө­шенің бойында орналасқан, оның үстіне ме­нің жақын жеңгем редакцияда жұмыс іс­теді. Машинистка, терімші болған соң, Есен­құлдың да жазған-сызғандарын басып бе­реді. Арагідік кездесіп қалып жүрдік. Жы­лы амандасады. Таныстық осылай басталды. Ол кезде жетінші қарашада жыл сайын парад болатын-ды. Сол жиыннан кейін, Есен­құлдың бір досының туған күні болатын болды да, бәріміз жиналып, парадтан кейін сонда баратын болдық. Сөйтсем, мені «алып қашу» үшін ұйымдастырылған шара екен ғой. Сонымен, келін болып шыға келдім. Кетіп қалғым келді, танысқанымызға бір­неше ай ғана, тағдырым не болады деп, қалғым келмеген. Жолдастарының бәрі үйленген, қастарында әйелдерімен жүр, олар маған басу айтып әлек. Мен де болмаймын бұлқынып, ашуға булығып, жылай да алмаймын. Содан Есенқұл: «Егер сен кететін болсаң, менің ажалыма сен кінәлі боласың», – деді. Шошып кеттім. Ақындығы, тілшілігі бар, білдей газеттің қызметкері, жаны жомарт, жүрегі жұмсақ, қарпайым ғана аза­мат­тың осы бір ауыз сөзі орныма қаққан қа­зықтай байлап тастады. Бірлігі жарасқан, шағын ғана «Бірлік» деген ауылға осылай келін болып қала бердім. «Құдай қосты» деген сөздің жаны бар, сол жылы жазда Айт күні танысып едік... Бұл 1977 жыл. Көпбалалы отбасының екін­ші ұлы болғандықтан, оның үстіне екеу­­міздің де аудан орталығында жұмы­сы­мыз бар, сондықтан ата-енемен тұрмадым. Бірақ әрбір сенбі-жексенбі қара шаңырақта­мыз. Жұма күні жұмыстан кейін үйге асы­ға­мыз. Атам марқұм өте өнерлі кісі болатын. Домбыра шертіп, ән салғанда, күмбір­ле­тіп күй тартқанда жаның жадырап, шаңы­рақты әдемі бір күйге бөлейтін-ді. Көңіл­ді, әңгімешіл. Жас кезінде, соғысқа дейін өнерге аңсары ауып, бүгінде аттары аңызға айналған, қазақтың талантты қызының бірі Зәмзәгүл Шәріповамен бір курста оқып, кейін отбасы жағдайына байланысты жалғастыра алмапты. Ағайын ағасы әскери бөлімде қызметкер болғандықтан, соғысқа жібермей, ауылда өмірінің соңына дейін тракторшы болған. Өмір жолын, өнер жолын ұзақ хикаят қылып айтып отыратын-ды. Енем украин қызы екен. Басқа ұлттың қызы болса да, қазақтың салт-дәстүрін, тілін-дінін ұстан­ған салмақты, қатты дауыс көтермейтін өте әдепті адам болды. Жаны қалмай, әрқайсы­мыз­ды ерекше жақсы көрді. Балажан еді. То­ғыз баланың тоқсан тоғыз түрлі қылық­тарын аналық мейіріммен көтеріп, жақсы тәлім-тәрбие бере білген ұлағатты ана мені де бірден жатсынбай, бауырына тартты.