«Өмірдің де таяп қалды аяғы...»

«Өмірдің де таяп қалды аяғы...»

«Өмірдің де  таяп қалды аяғы...»
ашық дереккөзі
Оңтүстік батысты  бетке алып, күздің лебі есіп тұрған жанға жайлы желімен жарыса зырлап келеміз. Бағыт – Жамбыл ауданының орталығы,  Ұзынағаш  ауылы.  Ел аузында «Ақындар мен батырлар елі» атанған,  Алатаудан бастау алып  қырғыз Алатауының баурайындағы жиырма мың шақырым­ды алып жатқан осы бір   ауыл табиғаты керемет көз тар­тар­лық. Көркем, ерекше! «Өмірім өлең, жыр-дастан, Менде де арман жоқ шығар, – деп бү­кіл болмысы мен ғұмырын өлеңге ар­нап өткен Есенқұл ақын шаңыра­ғы­ның киесі де иесі Меңсұлу жеңгеймен өрби­тін әңгіме-дүкен ой-санамызды тербеп,  ауыл­ға қалай жетіп қалғанымызды да білмей қалыппыз.  Алып күре жолдың бойынан ауылға бұрылар тұста, аңыз-дастандағы «ат суарғандай», біз де кө­лі­гімізден түсіп, тауға қарай керіле тыныс алдық. Кеше ғана жауып өткен жаздың соң­ғы (биылғы жаз, шын мәнінде жаң­бырлы болды) жаңбырының иісі қара жердің құнарлы топырағының жағым­ды иісімен қосылып, кеудеңді кернегендей... «Әже, бүгін де жаңбыр жауатын се­кіл­ді ғой» деген жолсерігім болып келе жатқан немерем Димаш та үлкендерше кеудесін желге тосып, керіле дем алды. Соңғы кездері осындай басқосуларға ертіп жүретін болдым, өйткені көр­кемсөз, өлең оқуға машықтанып ал­ған. Алғыр, озат оқушы. Бірнеше мәрте оқушылар арасындағы республикалық байқауларға қатысып, бас жүлдені, гран-приді иемденіп алғаны бар. Ұзы­на­ғаш сапарын айтқанымда қуана ке­лісті. Жүрексінбей, толқымай-қорықпай қа­лам тербейтін әйелдер тақырыбы жа­нымызға соншалықты жақын, сон­ша­лықты алыс. Жақын болатыны, сол нәзік жандыларға тән бар қасиет өз бойыңнан да табылатыны, ал алыс бо­латыны әркімнің тағдыры, тіпті тірлігі, өмір сүру дағдысы әрқилы емес пе?!. Азулы айтыскер ақын Есенқұл аға­мыз­дың жары Меңсұлу жеңгейдің де маң­дайына жазылған тағдыр соқпағы оңай болмағанын сырттай болса да, білеміз, қанықпыз. Егер сөйлете алсақ, әрине! Бүгінгідей не қонақ күте алмай, не қо­нақ­қа бара алмайтын аласапыран кезеңге қа­рамай, бізбен кездесуге уәде еткен ақын жары аңқылдай, ашыла сөйлеп қарсы алды. Бірер минуттың өзінде немерелердің бәрі қара шаңырақта екенін, олар жүргенде әң­гіме де дұрыс болмайтынын, әйтпесе, ақын үйі­нің есігі іздеушілерге әманда ашық еке­нін айтып, біздің өтінішімізді қия алмай келіс­кенін ақжарыла айтып шықты. Немерелерді естігенде, қосыла күліп алдық та, тып-тыныш шағын кафенің бір бұрышына келіп жайғастық. – Әңгімені ағамыздың бір сұхба­тын­дағы «Батырға лайық ат туады, Ақын­ға лайық жар туады» деген қал­жыңы аралас ойлы сөзінен бастасақ?.. – Иә, ағаларыңның бүкіл болмысы, ой-са­насы тек қана өлеңнен құралған, өмірінің мәні мен сәніне айналған поэзия десем, артық айтқандық емес шығар. Маған дейінгі өмірінің, балалық шағының көп қырлары­нан хабарым болмаса да, бозбала-жігіттік кезеңдері көз алдымда ғой. Біздің халықтың қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі де біре­гейі қыз баланың «Анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» деген қағидасы бертін келе, қыз бой жетіп ақ босағасынан аттаған кезден бастап, жарының, қосағының алдына шықпай, бей-берекет сөйлемеуге жал­ғас­қаны анық. Мен де ағаларың өмірден өтке­лі осындай сұхбаттардан, басқосулар­дан қашқақтап жүремін. Тіпті, көп ретте бармай қалуға тырысамын. Бойымды ол кісіге деген сағыныш тербеп, көңілімді ыңғайсыздық сезім басып тастайтындай. Өзіңмен кездесуге келіскенім, алдын ала беріп жіберген сәлем­демең – «Әйелмен әлем әдемі» атты кіта­бың болды. Ондағы қазақ зиялылары­ның жарларынан алған әдемі сұхбаттарды бір күнде шолып шықтым... Меңсұлу жеңгей бір сәт көзіне келіп қал­­ған жасын әлсіз ғана сүртіп, үнсіз қалды. – Ақын шығармашылығын жақсы білеміз, жақсы көреміз. Жоғарыдағы ағаның қалжыңына оралсақ... – Біз бір ауданның тумасымыз. Мен ау­дан орталығында орта мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түсе алмай қалдым да, аудандық сотқа хатшы болып жұмысқа ор­наластым. Ол – аудандық газеттің қыз­мет­кері. Біздің үй мен газет редакциясы бір кө­шенің бойында орналасқан, оның үстіне ме­нің жақын жеңгем редакцияда жұмыс іс­теді. Машинистка, терімші болған соң, Есен­құлдың да жазған-сызғандарын басып бе­реді. Арагідік кездесіп қалып жүрдік. Жы­лы амандасады. Таныстық осылай басталды. Ол кезде жетінші қарашада жыл сайын парад болатын-ды. Сол жиыннан кейін, Есен­құлдың бір досының туған күні болатын болды да, бәріміз жиналып, парадтан кейін сонда баратын болдық. Сөйтсем, мені «алып қашу» үшін ұйымдастырылған шара екен ғой. Сонымен, келін болып шыға келдім. Кетіп қалғым келді, танысқанымызға бір­неше ай ғана, тағдырым не болады деп, қалғым келмеген. Жолдастарының бәрі үйленген, қастарында әйелдерімен жүр, олар маған басу айтып әлек. Мен де болмаймын бұлқынып, ашуға булығып, жылай да алмаймын. Содан Есенқұл: «Егер сен кететін болсаң, менің ажалыма сен кінәлі боласың», – деді. Шошып кеттім. Ақындығы, тілшілігі бар, білдей газеттің қызметкері, жаны жомарт, жүрегі жұмсақ, қарпайым ғана аза­мат­тың осы бір ауыз сөзі орныма қаққан қа­зықтай байлап тастады. Бірлігі жарасқан, шағын ғана «Бірлік» деген ауылға осылай келін болып қала бердім. «Құдай қосты» деген сөздің жаны бар, сол жылы жазда Айт күні танысып едік... Бұл 1977 жыл. Көпбалалы отбасының екін­ші ұлы болғандықтан, оның үстіне екеу­­міздің де аудан орталығында жұмы­сы­мыз бар, сондықтан ата-енемен тұрмадым. Бірақ әрбір сенбі-жексенбі қара шаңырақта­мыз. Жұма күні жұмыстан кейін үйге асы­ға­мыз. Атам марқұм өте өнерлі кісі болатын. Домбыра шертіп, ән салғанда, күмбір­ле­тіп күй тартқанда жаның жадырап, шаңы­рақты әдемі бір күйге бөлейтін-ді. Көңіл­ді, әңгімешіл. Жас кезінде, соғысқа дейін өнерге аңсары ауып, бүгінде аттары аңызға айналған, қазақтың талантты қызының бірі Зәмзәгүл Шәріповамен бір курста оқып, кейін отбасы жағдайына байланысты жалғастыра алмапты. Ағайын ағасы әскери бөлімде қызметкер болғандықтан, соғысқа жібермей, ауылда өмірінің соңына дейін тракторшы болған. Өмір жолын, өнер жолын ұзақ хикаят қылып айтып отыратын-ды. Енем украин қызы екен. Басқа ұлттың қызы болса да, қазақтың салт-дәстүрін, тілін-дінін ұстан­ған салмақты, қатты дауыс көтермейтін өте әдепті адам болды. Жаны қалмай, әрқайсы­мыз­ды ерекше жақсы көрді. Балажан еді. То­ғыз баланың тоқсан тоғыз түрлі қылық­тарын аналық мейіріммен көтеріп, жақсы тәлім-тәрбие бере білген ұлағатты ана мені де бірден жатсынбай, бауырына тартты.  width= – Ағаның ең танымал бола бастаған тұсы айтыспен тығыз байланысты ғой деймін? – Иә, жетпіс сегізінші жылдары ғой, ай­тыстың алғашқы жылдарынан басталды. Әлімқұл ата Жамбылов, Надежда Лушниковалармен бірге Жамбыл ауданының атынан Есенқұл да қатысты. Ұмытпасам, сол жылы түңғыш рет бас жүлдеге көлік тігіліп, Есенқұл көкпеңбек үш аяқты мотоцикл жеңіп алғаны бар. Кейін өзін сыйлайтын бір жігіттер: «Ой, аңшы-балықшы» сынды мо­­­тоцикл мініп жүресің бе?» деп оны «Вол­гаға» ауыстырып беріп еді, соңынан тағы да бір көлікке айырбастап жүрді де, соңында біреуге сыйлап жіберді ғой. Көлікке қызық­пайтын, көлік жүргізуге ықыласы да болмады. Қолынан келмеді, өмірбақи қалам ұста­­ған емес пе, техника атаулы, тіпті үй шаруа­сына да икемі келмей өтті ғой. Ауыл­дың баласы болса да, аула, үй тірлігіне еш­қа­шан иілген емес. – Қырық жылға таяу, отыз алты жыл бірге өмір сүрдіңіздер, ең жақсы кө­­ре­тін, жанына жақын әдеттерін, қуан­­ған сәттерін еске алайықшы? – Жаздың соңы, күздің қара суығы түс­кенше далада самаурынның шайын жақсы көретін. Тіпті, отын да жарып бермейтін. Не балға, не балта ұстап көрмеді, жолдастары келгенде, қалжыңдап: «Шай ішкенді жақсы көресің, самаурынға отын жарып берсеңші» десе, «Онда Меңсұлу өлең жазсын, ақын бол­сын» деп күлетін. Майын аздау етіп, та­баға қуырылған, әсіресе, қып-қызыл ғып күйдіріп қуырылған картоп сүйсіне жейтін асы болатын. Суық түсіп, үйге от жаға бас­таған кезде, көмір салғызбай, картопты көм­біш күйінде жегенде де балаша қуа­натын. Әйтеуір, ерекше сүйсініп жейтін асы, осы картоп болды. Ондай сәттерде білекті сыбанып, отқа тастаған картобын былай да, былай да аударып, есі шығушы еді. Одан кейінгі бір есі кетіп қуанған сәттері, әрине әке атанған кезі. Тұңғыш ұлымыз өмірге келгенде, әсіресе қызы өмірге келгенде ерекше күй кешті. Ол енді, әрбір ата-ананың бойынан табылатын, перзентіне деген ұлы махаббатынан тұтанатын қуаныш қой. Көзінің ағы мен қарасындай екі баласының әр­бір қылығына сүйсініп, солармен бала бо­лып ойнап кететін сәттері әлі көз алдым­да. Бірақ... Меңсұлу жеңгей жанарына келіп қалған ыс­­тық тамшыларын бет орамалымен сүр­тіп, тағы да үнсіз қалды. – Сол кездегі қоғамды жайлаған қазақ­тың салт-дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне кері әсе­рін тигізген, әсіресе қазақтілді мекеме­лер­дің, тіпті қазақша балабақшалар мен бі­лім ошақтарының жоқтығы, бірен-саран ға­на барларына қолымыздың жете бермейтіні жанын жеген аш құрттай ақын жанын да кеміріп жатты. «Үйдегі тәрбие қазақша ғой, тілі қазақша шықты ғой» дегеннің мүлдем санаға сыймайтыны, бала үйде де, түзде де таза қазақша, ұлттық тәлім-тәрбие көріп, өсуі керек екенін, кештеу болса да, бармақ тістеп қалдық. Қаланың іргесіндегі, тіпті қазақта ақын көп болса да, орны бөлек Жамбыл бабамыздың атымен аталатын ауданның орталығы Ұзынағашта қазақ мектебінің жоқтығы, ұл мен қыздың орысша оқып, бітіргені бертінге дейін, тіпті өмірінің соңына дейін көкейінен кетпеді. Ортасына әбден бейімделген ұлының орыс қызына үйленгені, кейін жалғызының бойын сырқат меңдеп, мүгедектер арбасына таңылғанында, әй-шәйға қарамай келіннің кетіп қалғаны... Егер қазақша оқып, қазақы ор­тада өссе, басқа ұлттың өкіліне, орыс қы­­зы­на үйленбес еді, үйленсе де бойына дерт жабысып, ауыр отадан әрең аман қал­ған­да, мүгедектер орындығына кептел­генде жары, таңдағаны жанында болмас па еді?! – деп ұлының тағдырына қатты налып, жү­регі сыздағаны, жанарына жас толғаны бар. Өмірдегі өкініші де осы болды ғой деймін, сол жылдары қатты күйзеліске де ұшырап, жазу-сызудан біраз уақыт алшақтап қал­ғаны да бар. Маздап жатыр, қозғап қойшы пеш түбін, Менен басқа сенің де жоқ ешкімің. Мен бар кезде сенің де жоқ еш мұңың, Біздің күйеу «әйгілі ақын» – екен деп, «Айқым біткен шулап жүр» –деп естідім. Түбі менің түсініксіз байлығым, Тұқымындай көбейеді ешкінің, – деп арагідік көкейіне келіп қалған бірер шумақты ақырын ғана, күбірлеп оқып отыратын-ды. Өзегін өртеген өкінішін жаны қалап тұратын шығармашылығы да жеңе алмай, өз болмысынан алыстап кетер ме екен деген күдік менің де жанымды ауыртқан күндер мен түндер де бүгінде сары сағынышқа ай­налды... – Тұла бойы тұнған поэзия, өлеңдері діттеген көңіл күйді дөп басатын ақын Алматыға, шығармашылық ортаға неге қоныс аудармады екен? – Алматыға барып, «Жұлдыз» журналына қызметке де орналасты. Қаладағы пәтер мәселесі, небір талантты, дарынды өзі қа­тар­лас ақын-жазушылардың пәтерден-пә­тер­ге көшіп, өзге ұлттардың есігі алдындағы үй деуге келмес, үйшіктерде тұрып жатқаны, шығармашылық ортаны аңсап барған ақын көңілін су сепкендей басып тастайды. Көп ұзамай қайтып келді. Ол енді жалғыз біздің отбасымыз ғана емес, еліміздің экономи­ка­сының да әлсіреп, тоқырауға ұшыраған ша­ғы еді ғой. Тәуелсіздікке, егемендікке ұм­тыл­ған аласапыран кезең қарапайым қа­зақ отбасы түгілі, шығармашылық топ­тың өкілдеріне де оңай болмағаны бүгінде тарих беттерінде айшықты. Сол жылдары қазақ әдебиетінің талай өкілі қаламнан алшақ­тап, тіпті бірен-саран жас таланттар­дың базарда арба сүйреп, күні бойы бір кеш­тік ас-ауқатын тапқанын да көзіміз көр­ді. Біздің де базар жағалап кеткен ке­з­дері­міз болды. – Жігіт Есенқұл мен кейінгі атақты-азулы ақын Есенқұл өзгерді ме? – Жоқ, тумысынан ағаларың ақжарқын, бол­мысы жұмсақ, мейірімді. Бірақ ептеп шы­дамсыздау мінезі болғанымен, сабыр­лы­лығы басым еді. Кеудемсоқтығы жоқ. Жетпісінші жылдың аяғы мен сексенінші жыл­дардың басы қазақ айтыс өнерінің дәуірі болды. Айтыскер ақын болып, таныла бас­тады. Талай сыйлықтар алып жатты. Ана сүті­мен бойына дарыған қарапайымдылығы жа­нымен жарасып тұратын. Сезімталдығы, көңілшектігі, ақкөңілділігінен айныған емес. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Ұрыс-керіс де­ген­нен аулақ болдық. Әлдебіреулер сияқ­ты қызғаныш болып, өсекке еріп, дау-дамай шығарып жататын әдет біздің шаңыраққа өте жат болды десем, бүгінгі көзі көргендер бас изейтін болар. Сондықтан ақындар алақұйын мінезді, құбылмалы болады деп, ақын­ға жар болудың ар жақ, бер жағынан мін іздейтіндерге таңғаламын. – Танымалдығының арқасында қыз­метке неге ұмтылмады? – ҚазМУ-дің журналистика факультетін бі­тірген соң, Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс оқыды. Қа­зақстан Жазушылар одағы Алматы об­лыстық бөлімшесі поэзия секторының мең­герушісі, аудандық «Атамекен» газетінің Бас редакторы қызметтерін атқарды. Бас­шылық қызметтің ұйымдастырушылық ша­ралары көп болғандықтан, арагідік өлең­мен айналыса алмай қалған сәттері де бол­ды. Бірақ «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай», «Жан қисса», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сар­ғай­ған сары терезе» атты кітаптары жарық көрді. Отыз жылдай айтыс сахнасында танылды. – Жазу үстеліне қай кезде отырушы еді? – Күн-түн демей, жағдайға да аса мән бер­меуші еді. Тіпті, көлікте келе жатып та, шай үстінде де қаламы мен қағазы серік болды. Күй таңдамайтын. Ондай сәттерде сағатқа, мезгілдің қай кезі болса да қарамай, мені оятып, әңгімені шай үстінде, асханада жалғастыратынбыз. Ал жазу үстелінен суық шай үзілмейтін. Жалпы, шайды өте жақсы көрді. Асықпай, ұзақ отырып ішетін-ді. Соң­ғы он жылда намазға жығылып, имани жол­ға түсті. Бес уақыт намазын қаза жіберген кезі де есімде жоқ. Сондықтан ол кісінің бабын тауып, қалағанын дер кезінде дайын­дауға, өкіметтің жұмысы бітіп, зейнетке шыққаннан кейінгі кездері бұлжытпай орын­дайтын менің міндетім де – ағаларың­ның қас-қабағы болды. Айтқанын екі етпей, дер кезінде дайындауды қаталдығы емес, жоғарыда айтқанымдай, ақынның сәл-пәл шыдамсыз мінезі қалыптастырды. – Ақын күнделік жазатын деп есті­дім? – Иә, күнделік жазды, бірақ көңілдің кей­бір сәттерін, айтулы оқиғаларға байланысты ғана қалам түртіп қоятыны бар-тын. Есіне түскен сәттерде ғана, өлеңнен босаған, шабыт күткен сергелдең сәттерінде ғана болмаса, басыбайлы айналысқан емес. – Ақынның мұраларын сақтайтын мұражай жайлы ойланып көрдіңіздер ме? – Ағаларың көзі тірі кезінің өзінде, соңынан ерген ақын қарындасы Меруертті тәрбиелеп, жазған-сызғандарына иелік жасауды өтініп жүретін-ді. Өзі де ақындығы бар, жазудың қадірін білетін Меруерт му­зейдің қызметкері, ақын ағасының мол мұрасына зергерлікпен қарап, үнемі жинастырып, ақылдасып отырады. 2018 жылы ақынның 65 жылдығына орайластырылып, «Сынған күннің сәулесі» атты өлең­дер жинағы «Ан-Арыс» баспасынан шы­ғарылды. Айтыскер ақын жазба әдебиетімен қоса, ән текстері мен ұлағатты термелердің де авторы, көбі Ақан Әбдуәлиевтің орындауымен елге таныс. Былтыр «Жамбыл» баспасынан Меруерт Орынбай, Ақан Әбдуә­лиев, өзімнің қатысуыммен «Есаға» атты қалың жинағы жарыққа шықты. Өлеңдері мен поэмаларынан құрылған толық шы­ғармалар жинағын оқырмандары жақсы қабылдады. Сондай-ақ «Аққайнар» баспасынан «Ұлы өлең құйылып тұр өзегіме» атты айтыс өнерінің жампоздарымен ай­тыс­тары жинақталып, басылып шықты. «Тірі адам тірлігін жасайды» деген осы болар, сірә?! Ең бастысы «Көзден кетсе де, көңіл­ден кетпейтінін» еске салып, іздеуші­лері қоңырау шалып жатады. Оған да шү­кіршілік етемін. Айтыс сахнасында бірде әпке, енді бірде жеңге болып сөз сайыстырған, ой жарыс­тырған Есенқұл ақынның Әселхан мен Әсия­дай қазақтың айтыс өнерінің бастауында тұрған қазақ қыздарымен айтысы тыңдаушысының ойынан да, көкейінен де кете қойған жоқ. Әсіресе, ақынның мезгілсіз қаза­сын естіген Әселхан ақынның: Көкірегің дес бермей көшкін, селге, Өзегіңді кептіріп өстің шерге. «Алғадайлап» аттанған Жамбыл атаң, «Алдай-аулап» өмірден өттің сен де, – деп жоқтағаны да әлі күнге жанарға жас тол­тырады. Ақын жарымен болған ашық-жар­қын әңгіме бізді де сонау сағыныш атты сарайға сүйреп, жанымызды алай-дүлей боран соғып, тоңазытқан­дай күй кештік. Менің кішкентай данышпаным, Димашым менің осы бір сәттегі көңіл күйімді дөп басқандай, қал­т­а телефонынан Мейрамбек әнші орын­­дауын­дағы « Бір қуанып...» әнін қосты. ... «Өсем» деген ұлды бағып, «Кетем» деген қызды бағып, Бара жатыр көк аспаннан Бір беймәлім жұлдыз ағып. Ыстық жұлдыз, Мұңлы... Жарық! – деген шумақтар жүректі ауырт­пай, ақ қағаз бетіне түсер ме?! Қырық тол­ға­тып, толғандырған осынау өмірлік су­ретке толы, мың құбыл­ған күйбең тірлікке толы Өлең-тағдыр осылай тоқтағаны өкі­нішті-ақ. Ән ырғағымен бірге, сонау бір жыл­дары ақын жанына батқан ана тілі, қа­зақ тілінің мүшкіл халі әлі де ұзақ-сонар, ше­шімі жоқ өзекті проблемаға айналып отыр­ғанын, жарықтық, ақынның рухы сезі­нер ме екен деген ой санамызды сыздатып кеткендей...  

Сұхбаттасқан, сыр бөліскен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Алматы облысы, Жамбыл ауданы