Қариялар қамсыз болса...
Қариялар қамсыз болса...
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді атам қазақ. Сөзінің сарасымен, парасатты санасымен жол сілтер, жөн көрсетер көнекөз қарияларымыз әменде аман жүрсе, жастарымыз жолынан да, жөнінен де адаспайтыны айдан анық.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында арамызда ардагерлерімізді түгендеп, әңгімеге тартатын жақсы дәстүріміз бар. Осы жолы мақаламызды запастағы майор Инсафитдин Гареев ақсақалға арнамақпыз.
– Мен 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанмын. Мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен көп жыл бойы сабақ бердім. Астанада ашылған қаржы колледжінде де ұстаздық еттім. Мерзімді қызметті қосқанда отыз жыл әскери қызметте болдым. Отан қайда жібереді, басшылық қайда нұсқайды, барлық жерде қызмет атқарғанмын. Қызылорда, Арқалық қалаларындағы Ішкі әскерлердің жеке атқыштар ротасында алғашқы қызмет жолымды бастадым. Ол кезде казармада сарбаздармен бірге қонып, бірге құрылыс жұмыстарын істегенбіз. Қазіргі сарбаздарға қарап, олардың жағдайын көріп, іштей риза боламын. Барлық жағдай жасалған, – дейді ардагер.
Ескі қаламен келе жатырмыз. Ардагер үйлерге қараған бойы өзінің әскери қызмет жылдарын есіне түсірді.
«Бүгінгі қалаға қарап қуанатындай жағдайға жеттік. Ескі тың игерушілердің қаласы жаңа атаумен бүкіл еліміздің астанасына айналды. Мен осы қалаға келгенде тұрғын үй мәселесі шешілді. Ауысып келген бойда бір емес, бірден жеті қызметтік пәтер бос болған. Бәлкім, көбісі басқа қалаларды таңдағысы келген шығар, өзіме осы қала қатты ұнады. Таза ауа, шағын, жасыл еді. Мен ауысып келген кешегі Ішкі әскерлер бүгінгі Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімі ең көне әскери бөлімдердің қатарында. Біздің қызмет қылмыскерлер мен бас бостандығынан айырылғандарды айдауылдау мен түзету мекемелерін күзетумен етене байланысты болды. Біз осындай қиын да қызықты қызметті еш қынжылмастан атқаратынбыз. Өйткені біздің буында Отанға деген сүйіспеншілігіміз басым болды», – дейді ол.
Құқықтық тәртіп әскерінің ардагері жауынгерлердің даярлығына қатты көңіл бөлген жан. Сарбаздарымен кеш батырып, таң атырған. Өз заманының адамы ретінде бар күш-жігерін әскери қызметке арнады. Соған қарамастан, өзінің жанұясына да көңіл бөлуді ұмытпаған. Өмірлік жары Нина Степановнамен Қызылорда қаласындағы 1 мамыр – еңбекшілер мерекесіне арналған шарада танысқан. Нина апай кезінде Сыр өңіріне жер аударылған кәріс диаспорасының өкілі болса, Инсафитдин ақсақал Башқұртстанда туған татар жігіті. Күйеу баласы Украин ұлтынан, келіні қазақтың қызы. Немерелері де отбасын құрып, бүгінде шөберелері де үлкен аталарының тәрбиесін көруде. Шуақты шаңырақтың ұйытқысына айналған ерлі-зайыпты Гареевтер тек өз отбасына емес, бүгінгі өскелең ұрпақ үшін де үлгі болмақ.
Өмірдің сүрлеуінен сүрінбей өткен осындай күрескер жандарды көргенде ардагерлерім аман болғай деп айтқымыз келеді.
Дарын СЕЙІТОВ,
майор