Иек астындағыға ие бола алмағандар басшы болып жарыта ма?
Иек астындағыға ие бола алмағандар басшы болып жарыта ма?
Жыл басынан бері елімізде 993 пара алу оқиғасы тіркелген. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға көп. Қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықты жою үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында пара алғандарға, мемлекет қаржысын жымқырғандарға жазаны қатайтуды тапсырды. Сондай-ақ Президент жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік, квазимемлекеттік саладағы қызметке келуіне өмір бойына тыйым салатын қағида орнату керегін айтты.
Қызметкерінің парақорлығы үшін басшы жауапты
Парақорлықпен күресті күшейту мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де бірнеше мәрте көтерген. Биыл 19 тамызда өткен жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте Президент сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды. Ал өткен жылдың мамырында Үкімет мүшелерімен өткізілген жиналыста қоластындағы қызметкерлердің пара алғаны үшін бірінші басшылар жауапты болатынын қадап айтты. – Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек, – деді Президент. Мемлекет басшысының пәрменімен 2019 жылдың қарашасында заңға өзгеріс енгізілді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қоластындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді. «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бойынша, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, басшысы өз еркімен қызметтен кетуі тиіс. Ереже бойынша мұндай басшы қоластындағы қызметкерге қатысты сот үкімі шыққаннан кейін 10 күннің ішінде қызметінен кету туралы өтініш беруге міндетті. Заң өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін жасалған қылмыстарға қатысты. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік қызметкер жұмысқа алынғаннан соң үш ай өткеннен кейін жасалған жемқорлық үшін ғана жауапты болмақ. Осы орайда, заң бойынша қандай тұлғалар тікелей бағыныштылар ретінде қарастырылатынын нақтылай кетейік. Орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) өз орынбасарларының, жауапты хатшы немесе аппарат басшысының және аймақтық бөлімшелер басшыларының қылмысы үшін жауап береді. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімі өз орынбасарларының, аппарат басшысы және аудан (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдерінің жемқорлығы үшін қызметінен кетуге міндетті. Ал орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) өз қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысының пара алғаны үшін лауазымды қызметінен айырылады. Облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап берсе, аудан әкімі өзінің орынбасарлары, аппарат басшысы, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшылары, ауыл, ауылдық округтердің әкімдері үшін жауапты.