Жаңалықтар

Қырғызстандық оқушылар мектепке оралады

ашық дереккөзі

Қырғызстандық оқушылар мектепке оралады

6 қазаннан бастап Қырғызстанның 1-6 сынып оқушылары мектепке барып оқиды. Бұл туралы ел үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.   Коронавирустың таралуына байланысты Қырғызстандағы барлық білім беру мекемелері онлайн жүйеге көшкен. Жаңа оқу жылында мектептерге баруға 1 сынып оқушыларына ғана рұқсат беріліп, басқа сыныптар қашықтан оқу форматында қалған. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың оңалуына байланысты үкімет 1-6 сынып оқушыларының мектепте білім алуына рұқсат беруді жөн көрді. Алайда сақтық шаралары қатаң орындалуы шарт. Оқу процесі барысында індет жұқтыру қаупін азайту үшін мұғалімдер мен оқушылардың дене қызуы күнделікті тексеріледі. Сондай-ақ, мектепте маскамен жүру міндеттеледі. Мектептердің уақытылы дезинфекциялануына, оқушылардың әлеуметтік қашықтықты сақтауына баса мән берілуі тиіс. Білім беру мекемелеріне ата-аналар кіргізілмеуі қажет. Әзірге 7-11-сынып оқушылары қашан мектеп оралары белгісіз. Балабақшалар жұмысының қашан қайта жанданатыны да айтылған жоқ. Айта кетейік, 1 қыркүйектен бері Қазақстанда 104 мектеп оқушысы коронавирус жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше,оның 33-і – кезекші сыныптарда оқитын балалар. Олармен қарым-қатынаста болған 550 адам анықталып, оның ішінде 7 адамнан коронавирус анықталды. 71 бала – қашықтан оқып жүріп жұқтырып алған оқушылар. Олармен қарым-қатынаста болған 240 адам анықталып, ішінен 15 адамның індетті жұқтырғаны белгілі болды.