Абай-175: Бауыржан Байбек ұлы ақынның туған жерінде атқарылып жатқан істермен танысты
Абай-175: Бауыржан Байбек ұлы ақынның туған жерінде атқарылып жатқан істермен танысты
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында ойшылдың туған жерінде істеліп жатқан жұмыстарды қадағалау мақсатында "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Семейге барды.
«Баршаңызға мәлім, биыл дана Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Ұлы ойшылдың мерейтойын лайықты атап өту мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Жарлық шығарып, оны қоғамдық сананы жаңғыртатын елдік іс-шара ретінде өткізуді, Алаш қайраткерлері ту тіккен Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеуді тапсырды.
Қашанда елдігін баянды, мемлекеттілігін мәңгілік етуді көздейтін ұлттар тарихына бойлап, тұғырлы тұлғаларының асыл ойларын ел дамуының өзегіне айналдырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алған істерінің түпкі түйіні де, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы да осынау ұлы мұраттарды көздейді.
Әлемді шарпыған індетке қарамастан, ақын мерейтойын атап өтуге байланысты елімізде біршама ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында хакім Абайдың туған жерінде істеліп жатқан жұмыстарды қадағалау мақсатымен бүгін Семей қаласына арнайы келдім» - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бауыржан Байбек Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге шаһардағы қайта жөндеуден өткізілген Абай алаңында, Абай атындағы театрда болып, ары қарай Жидебайға аттанған. Ұлы ойшылдың рухына тағзым етіп, ақын ұрпақтарымен, ел ағаларымен кездесті.
«Ел жайы, руханият мәселесі әңгіме арқауына айналып, белгілі қаламгер Төлеген Жанғалиев ақсақал Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың да ел Президенті ретіндегі алғашқы қадамын Абай елінен бастағанын, осы жолды бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жалғастырғанын есіне алды.
Жалпы, Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында үлкенді-кішілі 500-ге жуық іс-шара жоспарланған. Тек Абай ауданының өзінде ғана мерейтойды ұйымдастыру аясында іргелі жобалар іске асырылған. Абайдың туған жері – Сырт Қасқабұлақта Мемориалдық кешен бой көтерген. Абайдың әкесі жерленген Ақшоқы мекені абаттандырылып, Құнанбай Өскенбайұлы мұражайы салынды. Жидебайдағы «Абай - Шәкәрім» кешеніне, Абайдың музей-үйіне заманауи талаптарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Еліміздің өзге аймақтары да Абай мерейтойына өз үлестерін қосуда. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы мен «Jas Otan» жастар қанаты да осы мерейтой аясында еліміздің барлық өңірінде 350-ден астам іс-шара өткізді
Ұлы Абайды ұлықтау, мұрасын насихаттау ісі ары қарай жалғаса береді», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында.