Мәжіліс қос азаматтықпен күресуге бағытталған құжатты мақұлдады
Мәжіліс қос азаматтықпен күресуге бағытталған құжатты мақұлдады
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2019 жылғы 25 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды.
Құжат аясында тараптар көші-қон, екінші тарап мемлекетінің аумағындағы бір тарап мемлекеті азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде өз мемлекеттерінің заңнамалары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
«Біріншіден, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар, келісімде көші-қон саласындағы қылмыстармен күресуге қатысты қадамдар ескерілген. Беларусь Парламенті келісімді 2020 жылғы 18 мамырда бекітті.
«Жалпы, Ішкі істер министрлігі көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Халықаралық деңгейде тағы да 9 келісім дайындалуда. Осы құжаттардың нәтижесінде заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылады, адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесін шешеді. Сонымен қатар, шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады әрі қос азаматтыққа жол бермеу тетіктерін қамтиды», - деді министр.