Құлбек Ергөбек: Мырзатай аға, біз Түрікпіз бе, әлде Түркі ме?
Құлбек Ергөбек: Мырзатай аға, біз Түрікпіз бе, әлде Түркі ме?
(Белгілі түрколог ғалым Мырзатай Жолдасбековке ашық хат)
Мырзатай аға!
Құлбек Ергөбек, жазушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор.
2017 жыл ТҮРКСОЙ ықпалымен «Түркістан – түрік халықтарының мәдени астанасы» атанып отыр. Бұған дейін Түркиенің Невшейір, Түркіменстанның Мары, Әзірбайжанның Шеки шаһары осы мәдени акцияны басынан өткерді. Енді, міне кезек Түркістан қаласына келді.21науырыз күні жылға созылар той «Науырызнама» аталып басталды. Түркістан – үш жүз жыл қазақ хандығының астанасы болған жәдігер шаһар. Қазақ жұртшылығы Түрікстанға аса зор құрметпен қарайды. Арғы бабаның, аталардың көзі деп аялай қарайды. Қазақ қана ма? Жоқ, күллі түрік дүниесі. Түрік жұрты Түркістанды баба мекен таниды. Қазіргі түркиеліктер ХІІ ғасырда осы Түркістан маңынан қопарыла көшіп кете барған. Ол Түркістан аясын кеңейту амалы. Қазіргідей емес, бұрын мемлекетті сақтау, өркендету жолы – жаңа жерлерді иемдену игеру амалы, сондай-ақ империя ретінде өзге елдерді жаулап алу арқылы жүзеге асып отырған. Сондықтан көне түріктің әлденеше тайпасының байырғы Түркстаннан бүгінгі Түркие Республикасы иемденіп отырған жер жаннатына ойыса қоныстануы, онда ТҮРКИЕ Республикасын құрып өркендеп отыруы – қандай да бір түрік текті азамат үшін үлкен мақтаныш. Жасыратын не бар, күллі түрік жұртының дені Россияның боданы болып келген ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін ТҮРКИЕ Республикасы – жер бетіндегі түрік атын шығарған жалғыз мемлекет болды. Түркістан уәлаятынан қопарыла көшкенде қалған жұрт сол тайпалардың атымен әлі күнге Шәуілдір (Шамалдар), Шорнақ (Шорнақ – шорлар мекен еткен жер) күйінде кейбірі сәл өзгеріспен сақталып, құт мекен болып келеді. ХХ ғасыр басындағы түрік халықтары баспасөзін ақтарып қарасаңыз, жаппай оянғанын, қай-қайсысы да жер-жерден жапа тармағай тәуелсіздікке ұмтылғанын көресіз. Ұмтылғанда олар «Бұлардың түрік еді арғы заты, Жиһанды тітіреткен салтанаты. Бұл күнде азып-тозып күлкі болған, Бұлар да сол түріктің жұрағаты! (Сұлтанмахмұт) – деп «Түрік қағанаты» рухын оята, тірілте ұмтылды тәуелсіздікке! Әр ұлттың Ғ.Тоқай, С.Торайғыров, М.Жұмабайұлы, Ә.Чулпон секілді ұлттың ұятына айналған ғажайып ақындары өз ұлтын оятқанда түрік атымен оятты. Түрік аты ХХ ғасыр басында қатты жаңғырықты. Татар Гаяз Ысқақи «Еділ-Орал» татар-башқұрт автонмиялық тәуелсіз мемлекетін жасақтамақ болды. А.З.Вәлиди Тоған В.И.Ленин мен И.В.Сталин есігін жиі-жиі ашып жүріп «Башқұрт автономиясын» құрып та жіберді. Түпкі мақсаты Түркістан республикасына барып тұтасу болып табылатын Г.Ысқақи Ахмет Зәкиге өлердей өкпеледі. Бұл Россияның бізді бөлшектеуі, сен соған көніп қалдың. Енді біз әлсірейміз деп өкпеледі. Өкпелегені соншалық Түркиеге қоныс аударған туыс ұлттың екі эмигранты бірін-бірі өлгенше кешпей кетті. Г.Ысқақи А.З.Вәлиди Тоғанды сұранғанда қабылдамай, араз болып өтті мынау өмірден. А.З.Вәлиди «Башқұрт автономиясы» большевиктердің алдаусыратуы екенін білген соң, үкіметті тастап Түркістан республикасына жәрдем беру үшін Ташкеннің ту сыртына Ауған жағынан келіп басмашылармен бірігіп күресіп бақты. Басмашылар кім еді? Қазақ, өзбек, тәжікте басмашылар – ұлтшылдар. Әрмян ұлтында ұлтшылдар – дашняктар. Басмашыларға дашняктар жәрдемге келген сәт те бар тарихта. Овенас Туманян дашняк құрамында болған. Соған қарамастан әрямндар ақынды – ұлттық классигіне айналдырып, мақтаныш тұтты. Біз ұлтшылдар (Алашорда) қатарында болған Шәкәрімді атып өлтіріп, мәйітін қорлап құдыққа тастадық. Мұның өзі әрбір ұлттың қалыптасу жолында ұлт ішілік мәдениетіне байланысты мәселе. Рушылдық жүйеден аса алмаған, ұлы Абайға қамшы жұмсаған қазақ, ол кезде тіріліп келсе Абайды да аямақ емес. ХХ ғасырдың жиырманшы (Б.Кенжебайұлынша. Жиырмасыншы емес) жылдары тегі жуан, бай деп Абай мұрасынан бас тартуымыз осыны көрсетеді. Шәкәрімді өлімге қиюда - Абайға деген, ақын тұқымына деген көреалмаушылық табы жатады. Бұл кезде Түркие не халде? Түркиені алпауыт бес мемлекет өзара бөлісе жаулап алу үстінде. Егер, Мұстафа Кемал жетекшілік жасайтын «Жас түріктер» қозғалысы болмаса, жер бетіндегі жалғыз түрік мемлекеті сол жолы құрдымға кеткендей еді. Еуропаны бірінен соң бірін жаулап алып жүрген алып империяны күйреткен, шарасыз күйге түсіріп әлсіреткен Әмір Темір екені әмбеге аян. Тоқтамышты шауып Алтын Орданы әлсіреткені және бар. Орта ғасырлық тарихи қателіктерді біле тұра (бәлкім тарихи қателік екенін білген соң да) Түркиенің басына күн туған ХХ ғасыр басында өздері тәуелсіздік ала алмай жүріп қазақ, татар, башқұрт, өзбек баспасөзі «Тарт қолыңды Түркиеден!» – деп сырт айбат шегеді. Түркиедегі жағдай «Ай, қап!», «Қазақ», «Ақ жол» газетінің өзекті тақырыбына айналған. Ақындары түрікшіл. Публицистері түрікшіл. Түрік халықтарының ынтымағы – күллі түрік ақындары жырының ортақ сарынына айналған. Өзбек ақыны Чулпон (Ғабділмәжит Сүлейменұлы) «Ей, нұрлы жұлдыз, ғажап жұлдыз, сөйле Сен, Аталарымыздың тарихтағы хатасын» деп жер бетінен алауыздықтан жойылып кеткен Хазар трагедиясын еске ала жырлады. Өлең өткеннен сабақ алу жайында. Мағжан Жұмабайұлы «Түркістан» аталатын өлең жазып күллі түріктің тарихын тереңнен қозғап, түрік ұлт-ұлыстарын ынтымақ бірлікке шақырды. Мағжан ақын онымен де тоқтамай талан-таражға түсіп жатқан түркие түркиелік түрік жұртын «Алыстағы бауырыма» аталатын сұмдық мұңды өлең жазып жігерлендіреді. Бұдан Орта ғасырлық билеуші хандар мен әміршілердің қателігінен әлсірегеніне қарамастан түрік жұртының ынтымағы ХХ ғасыр басына дейін жақсы сақталғанын көреміз. Түрік ұлтшылдығының теориялық негізін жасаған Зиә Көкалып 1905 жылы Түркістан шаһарына келіп, түрік ынтымақ, бірлігі жайында үлкен жиын өткізеді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Түркиенің ту-талақайға түскелі жатқанын жіті сезініп Түркістандық Садық Өтегенов елден алтын жамбы, тай-тұяқтарды молынан жинап Түркиенің Ресейдегі елшісі Тұрхан пашаға келеді. Жетекшісі түрікшіл қазақ зиялысы Мұстафа Шоқай. Жоғарыдағы тарихи жайларды айтыңқырап отырғанымыз Түркістан қазақ хандығының ғана ұйытқысы болған шаһардан емес. Әуелден түрік ұлт-ұлыстарының ынтымағы ұйысқан кіндік шаһар екеніне көз жеткізу. Олай болса, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи Президенті, «Түрік халықтарының да жұмқұрбашканы» (Н.К.Зейбек) - Н.Ә.Назарбаевтың «Түркістан түрік халықтарының рухани астанасы ретінде өркендеуі керек» деген баталы сөз, көреген байламына арғы тегінің түрік екенін білетін әрбір азаматтың қыбы қанар. Бұл тарихи Түркістанды дамыту, өркендету Бағдарламасы десе жарасар. Түрік халықтары үшін Түркістан мәдени астана (2017 ж.) болып жариялануына байланысты жәдігер қалада қызу іс басталып та кетті. Түркістан қаласының 1500 жылдығы тұсында Б.М.Сапарбаевтай қара жолдан қаражат шығаратын әкімнің шарапаты мол болып еді. Түркістанның мәдени астанаға айналған жылында облысқа түріктанушы профессор Жансейіт Түймебаевтың әкім болып келуін ырысқа балап отырған жайымыз бар. Елбасының Түркістан туралы ұлағаты облыстың бұрынғы әкімдерінің тілі үшінде ғана жүрсе, түріктанушы әкімнің ділінің ішінде болар деп шамалаймыз. Түркістанның пешенесі биыл шындап ашылар деп үміттенеміз! Жақында ТҮРКСОЙ жиналысы өтті. Ойласу шаралары. Шынайы мәдениет жанашыры Д.Қ.Қасейінов «ТҮРК» деп, облыс әкімі «ТҮРКІ-леп» әңгіме сабақтады. «Оу, ағайындар біз осы ТҮРК-піз бе, әлде ТҮРКІ-міз бе?» деген сауал көкейге кептелді. Ауызекі сөйлеуді былай қойғанда, эмблемаға (Түркше АМБЛЕМА) ойып орналастыруымыз керек қой, енді. Эмблемамыз күллі іс-шараның мөріне айналып, алыс-жақын түрік жұрағатына жар салып, шақырушы болып жүретіні тағы белгілі. Ұрымтал сәт. Ғалым әкімге сұрақ қойып, ғылыми жауап ала алмадым. Кейіндеу кең отырып кеңеспек болып тарқастық. Түркістанның түрік халықтарының мәдени астанасы болып жариялануына орай қаладағы Қ.А.Ясауй атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті күллі түрік халықтары талапты перзенттерін оқытатын ортақ оқу ордасына айналғалы әрекет үстінде. Шаңырағы биіктеп, іргесі кеңеймек, иншалла! Түріктік университет. Түріктанушы емес (түркологияны әсте түсінбейтін) ректорларға талай айтып, екі жақты жексұрынға айналып, сүтке тиген күшіктей болып жүргелі біраз болған. Иә, енді іске сәт! Міне, міне Мәриям қыз телефондайды. Университетің Ғалым-хатшысы. – Ағай Жоғарыдан пікір сұрап жатыр еді. – Не деп? – Университеттің келешекте қайта құрылуына байланысты. Атын қалай атау туралы. Ұсынысты «Түркі халықтарына ортақ университет» деп жіберсек бола ма? – Неге олай жібересің?! Келешекте оқу орнының маңдайшасына логотип ілгенде ұбақ-шұбақ қыласың, әрі атаңның атын мазаққа айналдыруға себеп боласың. – Онда ұсынысты қалай жібергенім дұрыс? – Дұрысы «Түрік халықтары университеті»! Мәриям менімен келісіңкіремеді. Тіпті ректордың келіспейтінін айтып мені ықтырып алмақ (Ығатын кісі болса)... – Ректор түріктанушы емес. Ол аңғармайтын ұғым бір бұл емес. «ТҮРІК» пен «ТҮРКІ» сөзінің ара-жігін ажырата алмай жүрген кісің бір біздің ректор емес. Мен де болмай жатырмын. – Соңғы кезде «түркі халықтары» деп жазып жүрміз ғой... – Көп айтса көнді, жұрт айтса болды...» (Абай). Абай тілімен үн қаттым. Әңгіме өзім алғашқы күнінен қызмет етіп келе жатқан Қ.А.Ясауй атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті туралы. Біз ұсыныс айтып жоғарыға жазумен әлек. Жоғары жақ университетті қазақ-түрік қана етпей, «Түрік халықтары университеті» (РУДН секілді) етпек. Жақында оқып көрдім ұсыныс орыс тілінде дайындалып жатыр екен. Құжатты алдымен орыс тілінде дайындау біздің жазылмас дертіміз енді. Масқара болғанда, біздің оқу орнында құжат алдымен түркие тілінде дайындалатын еді. Бұл жолы орыс тілінде... Тәуелсіздіктің арқасында есіктен төрге озу орнына өз елінде, өз жұртында төрден есікке сырғыған қайран қазақ тілі! Саған есе қашан тиер? Туған тіл теңдігіне жете алмай таңымыз айырылатын болды-ау. Орысшасында «тюрк» болып кете барады.Ішім қыз-қыз қайнады-ау... Мен ойланамын. Бұл көптен көкейде жүрген, жазсам деп толғандырып жүрген мәселе еді, Мырзеке! Осы біз кімбіз? ТҮРІК пе, әлде ТҮРКІ ме? Осы сұрауды қазақтың азаматтық тарихын да, руханият тарихын да ХҮІІІ ғасырдан түріктік кезеңдерге дейін ілгерілеткен көріпкел Бейсембай Кенжебайұлының сүйікті, аса талантты шәкірті, бүгінгі таңдағы Түрік руна жазуларының Атласын жасаған, жасасқан көрнекті түріктанушы райында Сізге сұраулы жүзбен қайырылып отырғаным. Бізге университет қабырғасында ру-таңба жазуын үйреткен де өзіңіз едіңіз! Осы жәбірлі мақаланы жазбас бұрын бірсыпыра еңбектерді қарадым. Сонда аңғарғаным: Бірінші мақам – «Девону лугатит түрік» аталады. (Оны да «Девонулугатит түркі» деп жазамыз ба, енді?), Білімпаз Ә.Нәжіп «Түрк» (Древнетюркский словарь»), «Түрік қағанатынан бүгінге дейін» Б.Кенжебайұлы. Бірнеше басылым көрді), «Түрік» (М.Жолдасбеков. тұрақты қолданыс.), «Түрік» (Қ.Салғарин. Тұрақты қолданыс), «ТҮРІК тарихының жаңғырығы және адамзаттың асыл мұрасы – Шахнама» (И.Жеменей), «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» (К.Мұсаев), «Түрік халықтары тарихынан терең мәлімет беретін еңбек» (қарақалпақ С.Бахадырова), «Көк түріктер» (Вахавзаде драма), («Көк түркілер» деп атаған жоқ. Райымбек Сейтметов оны «Көк түріктер» қалпында театрлық спектакльге айналдырды.). Екінші мақам – ТҮРКСОИ (Д.Қ.Қасейінов), «Түрк» (А.Сейдімбек. тұрақты қолданыс.) «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» (Ж.Бейсенбайұлы. «А., 2006 ж.) «Ч.Айтматовдун чыгармаларынын түрк тилиндеги котормолору» (Казауова Н. қырғызша). Үшінші мақам – «Түркітануға кіріспе» (Ә.Қайдар, М.Оразов. А., 2004,) «Түбі бір түркілер» (С. Бизақов А., 2013), , «Түбі түркі өркениет» (Ә. Ахметов. Арыс 2009), «Түркі халықтарының этномәдениеті» (А.Тоқтабай А.,2006), «Түркілік бірлік бастауы – ортақ мәдени» (Д.Ысқақұлы, Қ. Нұрымова), «Жаһандану: жойылу қаупіндегі түркі тілдері» (Имашева З.) «Халықаралық түркі Академиясы» (Д.Қыдырәлі),. Міне, көрдіңіз бе, атамыздың атын жазуда бірізділік жоқ. Бұл мәселеге Түркиелік түріктер қалай қарайды? Олар мемлекетінің бұрынғы кезеңін «Османлы» атайды. Бүгінгі мемлекетін «ТҮРКИЕ» атайды, өздерін «ТҮРКИЕ-лікпіз» дейді. Солай айтады, солай деп жазып келеді. Тағдырлы тарихшы Акдес Ныгмет Кураттың маңызды еңбегі «ТҮРКИЕ ва Руссия» – деп аталады. Түркие ғалымдары жалпы түрік халықтары жайында «ТҮРК лекшелері сөзлугу», «ТҮРК әдебиеттері (көпше) антологиясы», «ТҮРК дүниясы ортақ әдебиеті», «ТҮРК дүниесі әдебиеті тарихы», «ТҮРК дүниасы ортақ әдебиеті», «Генел ТҮРК тарихы» (1-10 т.) 2002 ж.-деп атайды еңбектерін. Бізді «ТҮРК» атап, ортақ тарихымыз, ортақ әдебиетіміз тарихы туралы том-том кітап шығарып келеді. Тек соңғы кезде ғана біз олардан «ұшақ»-ты алып, олар бізден «тікұшақ»-ты алғаны секілді бізден көріп (шамасы «е, бұлар ТҮРІК сөзінен қашып отыр екен ғой деп ойлайтын болса керек») «ТҮРКЛЕР» райында қолдана бастады. Соңғы кезде жарыққа шыққан кітаптардан мысал келтірейік. «ТҮРКЛЕР» (1-20 томдық тарихы. Анкара 2002.) Әли Кавказлы «Иран ТҮРКЛЕРІ» (2010). Ойлап отырсақ, түпатамыздың атын бұрмалай жазуымыз ТҮРКИЕ-лік ТҮРІК-терге де сырқат болып жұға бастаған. Арғы бастауы Томсен, Радловтардан бастау алатынына қарамастан ТУРКОЛОГИЯ ғылымын орнықтырған Ресей ғалымдары. ТҮРІК терминін орыстардың қалай қолдануы. «Победитель турок» (роман аты), «турк», «тюрк», «турция»... қарап отырсаңыз орыс тілінің өзінде бір «түрік» сөзінің жазылуы қилы-қилы. Ә.Марғұланның ұстазы, С.Мұқановқа да сабақ берген В.В.Бартольд «турк», «тюрк» формасында қолданады. СССР Ғылым Академиясының қазақ базасын басқарған (1932 ж.), Нәзір Төреқұловпен дос болған, А.Н.Самойлович Османлы түріктерін де, Түркістан (Орта Азия советтік атау. Қ.Е.) түріктері, олардың әдеби мұрасы жайында жазғанда де кейде «турк» деп, кейде «тюрк» (О надписи тюркскими рунами на р.Бегре в Тувинской Республике»), енді бірде «турция, турецкий» («Турецкий памятник из Ихе-Хушоту в Центральной Монголии») ыңғайында жазады. Бір қызығы Самойловичтің түріктану мақалаларын түрік тіліне аударғанда «түрк» формасында түбірге жақындатып алады. Түріктануда төңкеріс жасаған Л.Н.Гумилев өзінің «Байырғы түріктер» (М.,1967.) аталатын бастау кітабын: «Посвящаю эту книгу нашим братьям – тюркским народам... – Кітабымды түрік бауырларға арнаймын!», – деп бауырлықпен жазған. Анасы Анна Ахматова Қырым ханы Ахметтің жұрағаты болған соң шығар, әсілі! «Русскоязычный» деп жазамыз. Оны «ОРЫС ТІЛДІ» деп аударамыз әдетте. Көрдіңіз бе, «ОРЫС» нәсілдің түбірі сақталып тұр. Сол секілді «Тюркоязычный» деп жазғанда да «ТҮРК» түбірі сақталады. Осының қазақшасын «ТҮРКІТІЛДЕС» деп аударамыз. «Әдебиет тарихын зерттеушілердің пірі» (М.Жолдасбеков) Бейсембай Кенжебайұлынша «ТҮРІК ТЕКТІ», «ТҮРІК ТІЛДІ», «ТҮРІК ТІЛДЕС» деп жазсақ, жағымыз қарысып қала ма, әлде тағымыздан түсіп қаламыз ба? «ТҮРІК» түбіріне неге қиянат жасаймыз? А.Н.Самойловичқа сүзілумен қатар өзіміздің Құдайберген Жұбановқа да қайырылдым: «Диуани хикмәттің» тілі – қазіргі кездегі ТҮРІК нәсілдік қай ұлттың тіліне жақын, оның тіліндегі граматикалық, лексикалық белгілеріне қарай Ахметтің ұлттық тегін анықтауға болмай ма? - деген сұрақ тууы да мүмкін. Бірақ бұл сұраққа «қолға таяқ ұстатқандай ғып» үзілді-кесілді жауап бере қою оңай емес. Өйткені ол кездегі Түркістанды жайлаған халықтардың аттары қазіргі қазақ, өзбек, қарақалпақ, ТҮРІКПЕН деген сияқты жеке-жеке ұлттардың атаулары емес еді. Қазіргі кезде осылайша түрлі атпен аталып отырған ұлттардың барлығы «ТҮРІК» халқы деген бір-ақ атақпен аталушы еді. Қазіргі сияқты «өзбек», «ТҮРІКПЕН», «қырғыз» тілі деген жеке ұлт тілдері әлі пайда болған жоқ еді.» (Қ.Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» 2010, 321 б.) - дейді ол білімпазыңыз. Мұнда да бабамыз «ТҮРІК» қалпында. Ол аз болса «ТҮРІКПЕН» де өзінің түбір бастауымен маңғазданып тұр! Қадірлі, Мырзеке ұстаз!