Бауыржан Байбек Қапшағайда азаматтардың өтінішін қарады

Бауыржан Байбек Қапшағайда азаматтардың өтінішін қарады

Бауыржан Байбек Қапшағайда азаматтардың өтінішін қарады
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласында білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті. Бауыржан Байбек Дүниежүзілік банк сарапшыларының дерегі бойынша сапалы білімге қолжетімділіктің теңсіздігі адам капиталының дамуына, әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына теріс әсерін тигізетінін атап өтті. Сондықтан кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының жобасы аясында білім саласының өзекті мәселелерін талқылап, оның ішінде пандемия кезінде қашықтан оқуға байланысты жайттар да сөз болды. «Қазіргі уақытта Алматы облысында 38 үш ауысымды мектеп бар, ал 146 мектеп – бейімделген ғимараттарда орналастырылған. «Nur Otan»-ның облыстық сайлауалды жобасына сәйкес үш ауысымды оқуды жою үшін 39 жаңа мектеп, 57 бейімделген ғимараттың орнына 45 жаңа мектеп салу, сондай-ақ 92 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда», – деп жазды партия Төрағасының бірінші орынбасары Facebook-тегі парақшасында. Оның айтуынша, оқу процесін цифрландыруға және ауылдық жерлерде Интернет желісіне қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аударылатын болады. «Партиямыз мүшелерінің үштен бірі – ұстаздар қауымы. Сондықтан Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өткен жылы партияның қолдауымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап педагог қызметкерлердің еңбекақысы 25%-ға өседі. Мұғалімдеріміздің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау партиямыздың әрдайым ерекше бақылауында болады», – деді ол. Бұдан соң Бауыржан Байбек Қапшағай қаласындағы «Green Land Alatau» ЖШС жылыжай кешені қызметкерлерімен кездесті. Бұл – өңірдегі ең ірі және технологиялық жабдықталған өндірістердің бірі. Онда 10 мың тоннаға дейін қызанақ, қияр және салат өнімі өсіріледі. «Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге ерекше мән беруді тапсырған болатын. Сондықтан «Nur Otan» партиясы өңірлік сайлауалды бағдарламасында мал және өсімдік шаруашылықтарына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жаңа технологияларды ендіруді басты міндеттердің бірі ретінде қойды. АӨК саласында 10 мыңнан аса жұмыс орындарын құру жоспарлануда», – деп атап өтті Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Кездесу барысында ол кәсіпорын қызметкерлерінің өтініштерін бақылауға алатынын жеткізді. Мысалы, Әсел Жұмаділова Іле ауданының елді мекендерін интернетке қосуды, ал Ақмарал Илимханова партиядан жергілікті кәріз желілері мен жолдарға жөндеу жүргізу жайын шешуді сұрады. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қапшағай қаласы бойынша «Nur Otan» праймеризіне қатысушылармен де кездесіп, жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерді талқылады. «Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» әрбір өңір, қала, аудан бойынша 216 сайлауалды бағдарламаның жобаларын жариялады. Қапшағай қаласында таяудағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласында жаңа өндірістер құру, көлік, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту жоспарлануда. Сонымен қатар жобаның кейбір олқы тұстарына да назар аудардым. Атап айтқанда, жалпылама тұжырымдау, нақты индикаторлардың жеткіліксіздігі, көрсеткіштердің төмендетілуі және т.б. Мәселен, электронды форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтің үлесін тек 75%-ға дейін ғана жеткізу жоспарланған», – деді ол. Талқылау барысында праймериз қатысушылары әлеуметтік инфрақұрылым, білім беру нысандарын салу, газдандыру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қалалықтарды үздіксіз сумен қамту секілді басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары филиалға барлық ұсынысты мұқият қарап, ескеруді тапсырды. Оның ішінде жастарға жұмыс орындарын құру, ШОБ-қа қолдау көрсету бойынша қосымша шараларды қолға алу жүктелді. Бағдарламаның түпкілікті нұсқасы қала тұрғындарымен талқыланғаннан кейін қабылданады. Сондай-ақ, осы күні Бауыржан Байбек өңір жұртшылығымен де кездесіп, партияның Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының жобасын талқылады. Жетісу өңірінің тұрғындарын осынау істен сырт қалмай, Primaries.kz сайты арқылы аймақты дамыту бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.