27 Қыркүйек, 16:11 432 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Желіні шулатқан жол ортасындағы газ құбыры айдың соңына дейін алынады

Маңғыстау облысының Аташ ауылында салынып жатқан көлік жолына қатысты даулы сұраққа нүкте қойылды. Көше ортасындағы газ құбыры ай соңына дейін жер астына көмілетін болды.

Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» қызметкерлеріне жергілікті билік өкілдері осылай деп мәлімдеді.

Елімізде жолдардың сапасын бақылайтын мемлекеттік кәсіпорын филиалы Маңғыстау облысы әкімдігімен әріптестік келісімшартта отыр. Осыған сәйкес шалғай өңірде автомобиль жолдарына қатысты туындаған кез келген мәселеге араласуға мүдделі.

Еске сала кетсек, 23 қыркүйек күні Түпқараған ауданы Аташ елдімекенінің Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеу кезінде газ құбыры жол ортасында қалып қойған. Оны көрген ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерге жариялап, шу шығарған еді. Мәселенің мән-жайына үңілсек, әлгі жолды жобалаған серіктестік көше бойында төмен қысымды газ құбыры тұрғанын ұмытқан. Оның орнын ауыстыру туралы ауылды газбен жабдықтаушы мекемеге техникалық талаптарды да жібермеген. Жол салып келе жатқан мердігер мекеме қызметкерлері құбырды айналып өтпей, үстінен асфальт төсеп тастайды. Сол күні құрылыс басында учаске бастығы да болмапты. Қыркүйек біткенше газ құбыры жол астына жіберілетін болды. Сосын мердігер мекеме өз қаржысына көшенің осы бөлігіне қайтадан асфальт төсейді.

Жол сапасын бақылаушылар Түпқараған аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және техникалық бақылау мекемесінің қызметкерлерін өз жұмысына жауапты болуға шақырды. Таяу күндері әлгі көше жолынан сынамалар алынып, сапасы Ақтауда зертханада тексеріледі.

Соңғы жаңалықтар