«Шалақазақ» деген сөз жанымызды жаралайды
«Шалақазақ» деген сөз жанымызды жаралайды
Жәнібек хандық құрып, Асан қайғы бабамыз Желмаямен желе жортқан, Доспамбет «толғамалы ала балта қолға алып, топ бастаған» киелі топырақ – «буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» – Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрты», Бөкей сұлтан хан атанған, Құрманғазының төкпе күйіне тебіренген өлкеде қаншама қандастарымыз өзге ұлт ретінде күн кешіп жатыр. Саны да біршама. Қазақстанмен іргелес жатқан Құмөзек, Володар, Красный Яр, Харабайлы, Икрян аудандарында бірыңғай қазақтар тұратын ауылдар да бар көрінеді.
– «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық бірлестігінің жетекшісі екенсіз, ұйымның жұмысы қалай жүріп жатыр?
– «Астрахан облысының қазақтары» аймақтық бірлестігі Астрахан өлкесіндегі қазақтардың салт-дәстүрі мен тілін ұмытпауы үшін, түп-тамырынан ажырамауына септігін тигізу үшін құрылып, сол мүддеде жұмыс істеп келеді. Біз қазіргі кезде тіл үйрету, қазақ тілін насихаттауды басты назарға алып отырмыз.
Осы мақсатта екі бірдей жоба жүріп жатыр. Біріншісі – «Қазақша сөйле» деп аталады, аптасына екі рет өтеді, қазақ тілін үйреніп, одан әрі дамытқысы келетін кез-келген адамға есігіміз ашық. Қатысушылар қазақ тілінің грамматикасы, сөйлем құру тәртібінен бастап, бата-тілекке дейін жаттап, меңгеріп шығады.
Екінші – «Әңгіме» сөйлесу клубы. Клуб жұмысы еркін форматта өтеді. Ыстық шай ішіп, қазақша сөйлесіп, қазақ әдебиетін оқимыз. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Сол арқылы «сен ана тіліңді білмейсің, шалақазақсың» дейтін суық сөздердің жолын кескіміз келеді. Тіл мәселесіне қатысты бізге таңылған таптаурындар мен қатып қалған қағидаларды бұзсақ дейміз. Бізге бәзбіреулер «шалақазақ» десе, жанымыз жараланады, жүрегіміз ауырады, намыстанамыз. Бізге ол титтей де мақтаныш емес, бей жай да қарамаймыз. Маңғыстау өңіріне, Атырау жаққа қонаққа барсақ осындай сөздерді жиі естиміз.
Одан бөлек жергілікті жердің ақсақалы, жасы үлкен қариялары да осы қатарлы сын-ескертпелерін айтып жатады. Қазақша-орысша араластырып сөйлесек, «Тілді олай шұбарлап, қадірін кетірмей не қазақша сөйле, не орысша сөйле», – деп реніштерін білдіреді. Мұндай ескертпелер орынды, бірақ қазақша әрең сөйлейтін адамның осыдан кейін, әрине беті қайтып қалады. Сондықтан әзірге түбегейлі тілді меңгергенше орысшамен араластырып сөйлегеннің өзі үлкен серпіліс болар еді.
Бұл жобалардан бөлек тарихымызға, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімізге қатысты түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырамыз. Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы сияқты ұлы тұлғаларымыз, хандарымыз бен билеріміздің өмір жолы, өнегелі өмірі туралы әңгімелейміз. Бөкей ордасы туралы көп айтамыз, тарихымызды түгендегіміз келеді.
Рухани, әдеби-мәдени шаралардан бөлек, спортта да белсендіміз. «Аманат» атты шағын футбол клубымыз бар. Түрлі турнирлер мен сайыстардан қалмаймыз. Клубымыз спортсүйер қауымға жақсы таныс.
Одан бөлек «Не? Қайда? Қашан?» деп аталатын интеллектуалды клубымыз бар. Көбінесе ойын түріндегі сайыстар ұйымдастырамыз. Түрлі логикалық, математикалық басқатырғыштар, қазақтың салт-дәстүріне, тарихына, қалаларына қатысты сұрақтар қойылады.
Алда әлі де біраз дүниелерді жасаймыз деген жоспарымыз бар. Қазақ басылымын шығарсақ деп ниеттеніп отырмыз.
– Отандастарымыздың Қазақстан туралы ойы, лебізі қандай?
– Тарихи Отанымыздағы қандастарымызбен араласып тұрамыз, байланысты үзбеуге тырысамыз. Екі жақтың аралас-құралас болып, бірінен-бірі алыстамағаны қуантады. Бірақ қалай десек те, екі жақтың менталитеті әрқилы, біздің таным-түсінік басқа, елдегі қазақтардың көзқарасы бөлек деген сияқты...
Қазақстанда тұратын бауырларымыздың көбі өздерінің бақытты екенін білмейді, бағаламайды. Ал Ресейдегі қазақтар мұны жақсы түсінеді.
Менің руым – беріш, Кіші жүзбін. Ресейде, мен тұратын өңірде руластарым көп. Кейбіреулер бізді қазақ диаспорасы ретінде қабылдайды, бірақ біз онымен келіспейміз, бұл – үлкен қателік. Себебі біз өмір сүріп жатқан аймақ бізге ата-бабамыздан қалған, біз сол жердің байырғы тұрғындарымыз.
Бізден алыста болса, да тарихи Отанымыздың бар екенін білудің өзі –үлкен бақыт. Қазақстанның тыныштығы мен бірлігіне әрдайым тілектеспіз.
– Қазақстандағы қазақтардан бөлек, Ресейдің әр аймағында өмір сүріп жатқан қандастардың арасында байланыс бар ма?
– Иә, байланыс бар, мысалы мен Ресейдің қазақтар тұратын барлық аймағымен байланыстамын. Қазақ бірлестіктерінің, ұйымдарының жетекшілерімен араласып тұрамыз. Себебі Ресейдегі қазақтар бір-бірін барлық жағынан жақсы түсінеді, бізге кездескен қиындықтарды олар басынан өткерген, немесе біз еңсерген сынақтарға олар тап болуы мүмкін.
– Қазақстанға көшіп келу ойыңызда бар ма?
– Жеке менің бағамдауым бойынша, бұл жақтағы қазақтардың көбі елге оралу туралы көп ойлай бермейді. Ал менің Қазақстанға әрдайым бір бүйрегім бұрып тұрады. Бұл туралы көп ойлаймын. Алайда мені кім қарсы алатыны және кімге керек екенім беймәлім. Қалай дегенмен, бір елден бір елге көшу оңай емес, жаңа өмір бастауың керек. Екіншіден, Ресейде білім беріп, салт-дәстүрді насихаттап, қазақылықтың тұғырын құлатпау жолында жұмыс істеп жүрмін, яғни осы жаққа пайдам көбірек тиеді. Бірақ ертең не болатынын ешкім білмейді, сол себепті де бірден жоққа шығарып, кесіп айта алмаймын.
Сұхбаттасқан
Ділда УӘЛИБЕК