Абай шығармалары моңғол тіліне аударылды
Абай шығармалары моңғол тіліне аударылды
Ұлан-Батыр қаласындағы Моңғолия ғылым және технология университетінде Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, ғылым докторы, профессор Сұлтан Тәукейұлының 18 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Оның бір томы моңғол тіліне аударылған «Абайдың қара сөздері» кітабы.
Аталған іс-шараға жергілікті қазақ диаспорасының өкілдерімен қатар ресми қонақ ретінде Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев қатысты. Абайды моңғол тілінде сөйлеткен Сұлтан Тәукейұлы ғұламаның шығармаларындағы философиялық көзқарасы мен қоғамдық пікірі туралы ой бөлісе отырып, «Абайдың қара сөздерін» моңғол тіліне аудару барысында туындаған қиындықтар мен ақынның жазу ерекшелігі туралы екжей-текжейлі баяндады. Сұлтан Тәукейұлының шығармашылық кеші барысында елші Ж.Әділбаев іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауымен таныстырып, елімізде білім мен ғылымға баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны және ойшыл ғұламасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде қазақстандық тарап жүргізіп жатқан іс-шаралар жөнінде кеңінен мағлұмат берді.
Сұлтан Тәукейұлы – өзінің саналы өмірін қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын насихаттауға арнаған, ұлтжанды қаламгер.