24 Қыркүйек, 19:35 337 0 Атажұрт Ділда УӘЛИБЕК

Омбыда «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды

Омбы қаласында Ресейдегі қандастарға қолдау көрсететін «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды. Орталықтың ашылуы онлайн форматта өткізілді. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов және Ресей Федерациясы Омбы облысы Үкіметінің өңірлік саясат және бұқаралық коммуникация министрінің орынбасары Ю.Назаренко, Қазақстаның Омбыдағы Бас консулы Е.Сүгірбеков және «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті М.Сарбасов қатысып, өз құттықтауларын жеткізді.

Қазақ халқының тарихында Омбы қаласының да алар орны ерекше. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Шо­­қан Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сей­фул­лин қатарлы қайраткерлер Омбы қаласында оқы­ды. Дарынды қазақ жастары білім нәрімен сусын­да­ған қалаға бір ғасырдан кейін қазақ мәдени-іс­кер­лік ор­талығы шаңырақ көтерді. Көңілімізге қуаныш ұяла­тқан және бір жағдай «Абай» мәдени-іскерлік үйі ғи­мараты қала орталығындағы Шоқан Уәлиханов кө­шесінің бойында және ағартушы ғалым оқыған Омбы кадет корпусының жанында орналасқан.

– Омбы қаласындағы «Абай» мәдени-іскерлік үйі­нің ашылуымен барлық шеттегі қандастар мен отандастарды құттықтаймын. Бұл бір тарихи шара. Қа­зақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шеттегі бауыр­ларымызбен байланысты нығайды. Жыл сайын қан­дастарымыздың қатысуымен мәдени-гуманитарлық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. «Отандастар қоры» құрылғалы бері қандас бауырларымызбен жұ­мыс жүйелі жүргізілуде. «Абай» мәдени-іскерлік үйі ал­дағы уақытта басқа мемлекеттерде де ашылатын бо­лады, – дейді Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Алмасұлы.

«Абай» мәдени-іскерлік үйі 4 бағыт бойынша жұ­мыс істейді. Бірінші, бағыты мәдени-гуманитарлық жә­не қазақ тілін үйрету жобаларын қамтиды. Екінші, «Ата­мекен» іскерлік бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсе­тіле­ді. Үшінші, «Жас қазақ» бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту, бірлескен жобаларды жүзе­ге асыру көзделеді. Төртінші «Атажұрт» бағыты арқылы шетелдегі қазақтілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру жоспарланып отыр.

– Біз бүгін өте қуаныштымыз. Себебі қаламызда «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылып жатыр. Орталық­қа жақын жерде Қазақстанның елшілігі орналасқан. Омбыда елшілік ашылғалы бері атажұртпен бай­ланы­сымыз жақсара түсті. Омбыдағы белсенді жастардың атсалысуымен «Омбы қазақтары» деген газетіміз шығып тұрады. «Отандастар қорымен» екі жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта да тың жобалар мен бағдарламаларды бірге жүзеге асырамыз деген үміттемін, – дейді Омбыдағы «Мирас» қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және сақ­тау қорының басшысы Асқар Райсов.

«Абай» мәдени-іскерлік үйі Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы және «Отандастар қорының» бірлескен жобасы негізінде жүзеге асып, жыл соңына дейін Өзбекстанның Ташкент, Түркияның Стамбұл, Қыр­ғыз Республикасының Бішкек, Гер­ма­нияның Бер­лин қалаларында ашылады деп жос­парлануда.

Бақытбек ҚАДЫР

 

Соңғы жаңалықтар